«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ компания басшылығы құрамында ауыс-түйіс болғанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
2023 жылғы 5 шілдеден бастап Ермек Қуантыров 2023 жылғы 5 шілдеден бастап Қазатомөнеркәсіптің құқықтық сүйемелдеу және сатып алу жөніндегі бас директоры лауазымына тағайындалды.
Қуантыровтың функционалдық міндеттеріне құқықтық қамтамасыз ету процесіне басшылық жасау, халықаралық-құқықтық ынтымақтастық мәселелеріне жетекшілік ету, тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жөніндегі қызметті ұйымдастыру, сондай-ақ кешенді басқаруды жүзеге асыру және сатып алу процестері мен Компанияның корпоративтік басқаруына басшылық жасау кіреді.
Ермек Қуантыров – президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде әртүрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеген, соның ішінде Ұлттық зияткерлік меншік институтын (Қазпатент) басқарды, сонымен қатар Колумбия университетінің құқық магистрі (LL.M.) дәрежесіне ие.
Қазатомөнеркәсіптің құқықтық сүйемелдеу және сатып алу жөніндегі бас директоры лауазымына тағайындалғанға дейін Еуразиялық экономикалық комиссияның Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаментінің директоры қызметін атқарды.
Айта кетейік, Ермек Қуантыров – ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың туған бауыры.
2022 жылдың 11 қаңтарынан бері ел экономикасының тізгінін ұстаған Әлібек Қуантыровтың жұмысына сын көп. Өйткені өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде инфляция рекордтық көрсеткішке жетті. Биылғы І тоқсанда Қазақстан халқының жан басына шаққандағы номиналды табысы 10,7% өскен. Бірақ, жылдық мәндегі инфляция мен азық-түлік бағасының, қызметтер ақысының артуына байланысты табыстың өсімін қымбатшылық еселеп жұтып жатыр. Салдарынан халықтың шынайы табысы былтырғы І тоқсанмен салыстырғанда күрт төмендеген.