Жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 545,7 мың отбасы қамтылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, төленген жәрдемақының жалпы сомасы – 205,2 млрд теңге, оның ішінде маусым айында 557,3 мың отбасына 34,9 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді.
“Бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады”, – делінген хабарламада.
Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді. Көпбалалы отбасылардағы:
- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге;
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге;
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;
- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 13 800 теңге мөлшерінде.
Айта кетейік, бұдан бұрын Қазақстандағы орташа зейнетақы мөлшері қанша екенін жазғанбыз.