ҚР Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтардың Аланияда апатқа ұшырауына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Ағымдағы жылдың 30 шілдесінде таңертең Аланияда Қазақстанның 12 азаматын тасымалдаған шағын автобустың қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Түрік полициясынан алынған алдын-ала мәліметтер бойынша, автобус жүргізушісі жүк көлігіне жоғары жылдамдықпен кірген. Соқтығысу салдарынан зардап шеккендер бар, олар шұғыл түрде жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілді. Азаматтарымыздың денсаулығының барлық жағдайлары мен жай-күйін анықтау үшін қазақстандық консул дереу Аланияға барып, медициналық мекемелерге барып, зардап шеккен отандастарымызбен кездесті”, – делінген хабарламада.
12 азаматтың екеуінің жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.
“Оларға ота жасалды, барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Қалған 10 отандасымыздың, оның ішінде 4 баланың жағдайы қанағаттанарлық, өмірлеріне қауіп төнңп тұрған жоқ. Барлығының медициналық сақтандыруы бар”, – деп мәлім етті ведомство.
Еске салайық, бұдан бұрын Түркияның Алания курортында қазақстандық туристер мінген шағын автобус апатқа ұшырағаны хабарланған.