×
445.66
474.58
4.78
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
445.66
474.58
4.78

"Айнаға қарай алмадым": хиджаб кигенін сүйіншілеген блогер орамалын шешіп тастады

04.08.2023, 12:28
Коллаж: Ulysmedia.kz

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде миллиондаған жазылушысы бар қазақстандық танымал өнер иелері мен блогерлер жаппай орана бастады. Олардың бірі - Марина Таипова. Жуырда ғана хиджаб кигенін сүйіншілеген блогер күтпеген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ол орану туралы шешімді асығыс қабылдағанын мойындады.

"Мен орамалмен де, орамалсыз да өзімді жаман сезінемін. Мен Алла Тағаладан басымды қайта жалаңаштағаным үшін кешірім сұраймын. Өз уәделерімді орындамағаны үшін кешірім сұраймын. Бірақ әзірге мен басқаша жасай алмаймын. Орамалды шешкеннен кейін аздап жеңілдедім. Мен үйден шыға алмай қалдым, айнаға қарай алмадым. Мен орамалды шын ықылассыз таққым келмейді, өйткені Алла тағала бәрін көріп тұр", - деп жазды блогер.

Ол өз секілді шарасыз күйде жүрген қыздар көп екенін айтып, оларға сәттілік тіледі.

Еске салайық, бұдан бұрын тележүргізуші Динара Сәтжан миллиондаған оқырманы бар блогерлерге хиджаб кигені үшін ақша ұсынылғаны жайлы айтқан еді.

"Біздің өз мәдениетіміз бен дәстүрлеріміз бар. Біз өз тарихымызды келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Ал егер бірнеше онжылдықта немесе тіпті бірнеше жылдан кейін біздің қазақтар қара хиджаб киіп жүрсе ше?! Біз мұны қалаймыз ба? Менің бұл сұрақты көтеру себебім –  блогерлерге оранғаны үшін ақша ұсынылғанын естідім, айтуларынша, аз сома емес. Мені осы нәрсе шошытады", - деді ол.

Жуырда Мәжіліс депутаты Айдос Сарым осы мәселеге қатысты пікір білдіріп, қандай да бір топтың, ұйымның атынан ақша алып, жарнамасын жасайтын блогерлер салық төлеуге міндетті екенін алға тартты.

“Бұл жерде екі мәселе бар. Біріншісі – адамның ұстанымы, оның ішінде діни ұстанымы. Егер адам өз еркіммен осы жолға түстім, тақуалыққа бет бұрдым дейтін болса, ол сол адамның жеке құқығы. Оған теріс пікір айтудың немесе қолдаудың қажеті жоқ. Екінші мәселе – мұның артында бизнес тұруы мүмкін деген пікір бар. Жақында ғана Парламент онлайн жарнамаға қатысты заң жобасын жұмысқа алды. Егер желідегі контенттің ақысы төленген болса, салығын төлесін, жарнаманың ақылы екенін көрсетсін. Мәселен, теледидарды қоссаңыз, жаңалықтың жаңалық екені, жарнаманың жарнама екені айқын көрініп тұрады. Газет-журналдарда да ақылы материалдар арнайы белгімен таңбаланады”, – деді депутат.

Серіктес жаңалықтары