1 шілдедегі мәлімет бойынша елімізде 628 пана іздеуші және 333 босқын бар. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының Орталық Азиядағы аймақтық басқармасымен бірлесіп, босқындар мен пана уздеуші азаматтардың әлеуметтік құқықтары қорғалуын қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, медициналық және әлеуметтік көмек көрсету шаралары әзірленді», - деді министр.
Оның айтуынша, көші-қон үдерісін реттеу жүйесін цифрландыру басым бағыттардың бірі болып саналады. Қазір көші-қон ағындарын есепке алу бірнеше мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінде қамтылып отыр.
«Сондықтан мигранттарды тіркейтін бірыңғай жүйені құру мақсатында жүйелердің бәрін өзара интеграциялауға кірістік. Қазірдің өзінде Ресей Федерациясы, Моңғолия, Түрікменстандағы мекемелеріміз үшін «Қандас» атты жаңа функционалды автоматтандырылған ақпараттық жүйе іске қосылды. Тағы 26 елді қосу жоспарланған», - деді Дүйсенова.
Қазақстан азаматтарының шетелде еңбек құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан шараларға да тоқталдыү
«Сыртқы істер министрлігінің деректеріне жүгінсек, биылғы бірінші тоқсандағы есеп бойынша Қазақстанның 194 мыңнан астам азаматы шетелде жұмыс істеп жүр. Біз Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания және басқа да елдермен ондағы Қазақстан азаматтарының еңбек құқықтарын қорғайтын жаңа келісімдерге бастамашылық ету үшін қосымша шаралар қабылдадық», - деді Т. Дүйсенова.
Оның айтуынша, азаматтарымыз Оңтүстік Кореяда жұмысқа заңды түрде орналасуы үшін Қазақстанды «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» (Employment permit System – EPS) қосу мәселесі пысықталып жатыр.
Бұл ретте, migration.enbek.kz сайтына тіркеле отырып, осы жүйе арқылы жұмысқа орналасуға болады. Оны еңбек ұтқырлығы орталықтары жүзеге асырады. Шетелде жұмыс істегісі келген адам алдымен тіл үйренеді, міндетті медициналық тексеруден өтеді, сосын шетелге шығатын құжаттарын рәсімдейді.
Айта кетейік, 1 шiлдедегi жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 762 шетелдік еңбек етіп жүр.