Екібастұз ЖЭО-дағы қазандықтар мен негізгі жабдықтарды жөндеу жалғасуда. Оған 270-тен астам адам жұмылдырылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
№Жұмыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. №11, №12, №13, №14, № 15 қазандық агрегаттарында қазандықтар мен оттықтардың жақтауын, экрандық панельдерді, газ құбырларын, шаң құбырларын және т. б. монтаждау және құрастыру жұмыстары жүріп жатыр.Тамыз айының соңына дейін 4 жылу магистралін қайта жаңартуды аяқтау жоспарланып отыр. Бұл учаскелерде 120-дан астам адам және 48 арнайы техника жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта жаңа желілер мен жылу камералары орнатылды, жақын арада абоненттерді қосады, содан кейін мамандар жаңа желілерді жуу және тазарту жұмыстарын жүргізеді”, – делінген әкімдік хабарламасында.
Екібастұздағы гидравликалық сынақ қорытындысы бойынша желілердің неғұрлым әлсіз учаскелерінен 109 ақау табылған. Бүгінгі таңда 71 ақау жойылыпты.
Еске салсақ, өткен жылдың қарашасында Екібастұздағы жылу желілерінде апат болып, бірден 149 тұрғын үй жылусыз қалған еді. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар қатарынан бірнеше күн бойы жылусыз отырды. Үйлердегі жылу батареялары жарылып, канализация желілері бүлінді. Қаладағы жағдайды тұрақтандыру жұмыстары созбаққа салынды.
8 ақпанда «Павлодарэнерго» АҚ бұрынғы бас директоры Вадим Лесин Екібастұз қаласын жылумен қамту проблемасын жылыту маусымы аяқталғанға дейін шеше алмайтынын мәлімдеді.
Ақпан айының басында өңірге жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Вадим Лесиннің жұмысын қатаң сынға алып, оның қызметінен босатылуын талап етті.
Өңірлерді дамыту жөніндегі Парламенттік тыңдауда Екібастұздағы жылу мәселесі көтеріліп, сенатор Алтынбек Нұхұлы қаладағы жылумен жабдықтау жүйесіне жүргізіліп жатқан түгендеу жұмыстарының ұзаққа созылып кеткенін сынға алған болатын.
11 сәуірде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр аудит аяқталғанын мәлім етті. Оның сөзінше, Екібастұз тұрғындары келесі жылыту маусымында жылудан таршылық көрмейді. Скляр ЖЭО-ның бір бөлігі мемлекет есебінен жөнделетінін жеткізді. Ал "Екібастұзжылуэнерго" өздеріне тиесілі қондырғыларды қаржыландырады. Екі жақтап қаржы көлемін арттырып, жылумен жабдықтау мәселесін шешу уәде етілді.
Бұдан бұрын жазғанымыздай, Екібастұз билігі өткен жылдың 28 қараша мен 8 желтоқсаны аралығында қаладағы жылу желілерінен шыққан апат салдарынан төтенше жағдай режимі жарияланған уақытта жұмсалған шығынды өндіріп алу үшін монополисті сотқа берген. Сот шешімі бойынша әкімдік компаниядан 22 млн теңге өндіріп алды.
Сонымен қатар, жуырда Екібастұздың жылу желілеріндегі апатқа кінәлі екі шендінің ісі сотқа жіберілгені белгілі болды.