×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

Екібастұз әкімдігі тұрғындарды қыс бойы жауратқан монополисті сотқа берді

18.04.2023, 15:53
Коллаж: Ulysmedia.kz

Екібастұз билігі өткен жылдың 28 қараша мен 8 желтоқсаны аралығында қаладағы жылу желілерінен шыққан апат салдарынан төтенше жағдай режимі жарияланған уақытта жұмсалған шығынды өндіріп алуға ниетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Өткен жылы апат кезінде Екібастұздағы жылусыз қалған 100-ге жуық тұрғын үйдегі жағдайды реттеп, желілерді ауыстыру үшін еліміздің әр түрлі өңірінен жұмысшылар шақырылды. Оларды орналастырып, тамақтандырып, төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген техникаларды жанар-жағармаймен қамту үшін жергілікті бюджеттен 22 млн теңгеден астам шығын шыққан.

Қала әкімдігі қақаған аязда тұрғындарды бүрсең қақтырған кәсіпорынға шығынның орнын толтыру бойынша хат, кейін мәселені сотқа дейін реттеу жөнінде шағым жолдады. Алайда "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС материалдық шығынды өтеуден бас тартып отыр. Қазіргі кезде аталмыш істі облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот қарап жатыр.

Еске сала кетейік, өткен жылдың қарашасында Екібастұздағы жылу желілерінде апат болып, бірден 149 тұрғын үй жылусыз қалған еді. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар қатарынан бірнеше күн бойы жылусыз отырды. Үйлердегі жылу батареялары жарылып, канализация желілері бүлінді. Қаладағы жағдайды тұрақтандыру жұмыстары созбаққа салынды.

8 ақпанда «Павлодарэнерго» АҚ бұрынғы бас директоры Вадим Лесин Екібастұз қаласын жылумен  қамту проблемасын жылыту маусымы аяқталғанға дейін шеше алмайтынын мәлімдеді.

Ақпан айының басында өңірге жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Вадим Лесиннің жұмысын қатаң сынға алып, оның қызметінен босатылуын талап етті.

15 ақпанда компанияға жаңа басшы тағайындалды

Жуырда өңірлерді дамыту жөніндегі Парламенттік тыңдауда Екібастұздағы жылу мәселесі көтеріліп, сенатор Алтынбек Нұхұлы қаладағы жылумен жабдықтау жүйесіне жүргізіліп жатқан түгендеу жұмыстарының ұзаққа созылып кеткенін сынға алған болатын.

11 сәуірде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр аудит аяқталғанын мәлім етті. Оның сөзінше, Екібастұз тұрғындары келесі жылыту маусымында жылудан таршылық көрмейді. Скляр ЖЭО-ның бір бөлігі мемлекет есебінен жөнделетінін жеткізді. Ал "Екібастұзжылуэнерго" өздеріне тиесілі қондырғыларды қаржыландырады. Екі жақтап қаржы көлемін арттырып, жылумен жабдықтау мәселесін шешу уәде етілді.

Серіктес жаңалықтары