Әлеуметтік желілерде Қырғызстанның жүк көліктері екі күн бойы Қазақстан аумағына кіре алмай тұрғаны жайлы ақпарат тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Көліктердің қаңтарылуы Астанадан комиссия келуімен түсіндірілген. Сонымен қатар, героин тиелген өзбекстандық жүк көлігінің ұсталуы өткізу пунктінде ұзын-сонар кезектің пайда болу себептерінің бірі ретінде аталған.
Десе де, жүргізушілер арасында шекарада мұндай жағдайдың орын алуына Қырғызстанның Қазақстанға су бермеуі себеп болды деген әңгіме тараған.
Айта кетейік, еліміздің оңтүстік өңірлері іс жүзінде көршілес елдің ресурстарына – Қырғызстаннан бастау алатын Шу және Талас өзендеріне тәуелді. Аймаққа барлық суармалы судың 85%-ы көршіден келеді.
Бұдан бұрын Жамбыл облысында трансшекаралық көздерден суармалы судың жеткіліксіз берілуіне байланысты пияз бен қант қызылшасы алқаптарына қауіп төніп тұрғаны хабарланған.
Жамбылдық фермерлер көршілерді трансшекаралық өзенде су қоймаларын салды деп айыптап, дабыл қақты. Екіжақты кездесу өткенмен тамыз айында су тапшылығы мәселесі шешіле қоймады. Қазақстандық фермерлердің наразылығына жауап ретінде қырғыз тарапы: «Қазақстанға су жеткізуде қиын жағдай туындады, қырғыз билігі өз ауылдары үшін суды үнемдеуге мәжбүр болды. Осыған байланысты Қазақстанға су беруді тоқтату туралы шешім қабылданды», - деп жауап берді.
Экология министрі қырғызстандық шенеуніктердің мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берді.