Тұрғындардың талап етуіне қарамастан ШҚО әкімі алтын дауы өршіп тұрған Күршім ауданындағы Маралды ауылына әлі бармаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Парламент кулуарында Ulysmedia.kz тілшісі Ермек Көшербаевтан маралдылықтардың мәселесі жайлы сұрап, тағдырына бүкіл республика алаңдап отырған ауылға бармауының себебін білмек болды.
“Екі тараптың да өз шындығы бар, келісімге келе алмай отыр. Біз осы мәселені шешу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Заңға сәйкес жақын арада барлығы шешіледі, естисіздер”, – деп қысқа қайырды әкім.
“Сіз өзіңіз неге бармадыңыз?” деген тілші сұрағына әкім “Жақын арада барамын” деген уәдемен құтылды.
Күршім ауданы Маралды мен Үшбұлақ ауылының тұрғындары осы жылдың басында президентке жүгінген еді.
Жуырда Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылына кеше облыс және республикадан жауапты тұлғалар барып, алтын зауыты құрылысына қарсы маралдылықтармен кездескен. Алайда кездесу қорытындысына сондағы жұрттың көңілі толған жоқ.