Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ел бюджетінің теңгеріміндегі Түркиядағы бес жұлдызды Rixos Beldibi қонақүйінің мәртебесі туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұған дейін Қаржы министрлігі Қазақстан меншігіндегі қонақүйдің сатылымға шығарылғанын хабарлаған болатын. Алайда осы уақытқа дейін бұл қонақүйге инвестор табылмаған. Мәжіліс кулуарында журналистер Жамаубаевқа осы қонақүйді қазақстандықтардың жұмысшы табына арналған шипажайға айналдыру мүмкіндігі жайлы сұрақ қойды.
"Әзірге сатып алушы жоқ. Сіздің ұсынысыңыз қабылданды, қарастырайық. Бірақ уақыт өте келе, кез келген ғимарат ескіреді. Кейде жөндеуден гөрі жаңа қонақүй салу оңайырақ. Мен бұл қонақүйге барып көрген жоқпын, жөндеуге көп қаражат қажет болуы мүмкін, әйтпесе кез келген инвестор сатып алған болар еді", - деп жауап берді Жамаубаев.
Сондай-ақ вице-премьер қазір қонақүй мүлкін түгендеу мәселесін шешу қажеттігін атап өтті.