×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

"Домбыра – харам": Орамалдағы қыздың арандатушы сөзі жұрттың ашуын тудырды

08.09.2023, 16:16
"Домбыра – харам": Орамалдағы қыздың арандатушы сөзі жұрттың ашуын тудырды
көрнекі фото

Әлеуметтік желілерде хиджаб киген қыздың Ислам бойынша домбыра тарту күнә екенін айтқан видеосы тарады. Ұлттық аспапты дінге қарсы қойған қыздың сөзі қоғам наразылығын тудырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Ақыретке ұлтымызбен, ұлтшылдығымызбен өтпейміз, иманымызбен, некемізбен өтеміз. Мен домбыраға 5 жыл қатыстым. Домбыра тартқаным YouTube желісінде бар. Мектеп кезінде дін туралы білген жоқпын. Күні кешеге дейін домбыра тарттым. Бірақ домбыра – харам. Жүрекке тиді, кір екенің білінеді”, – дейді видеодағы қыз.

Қыздың бұл уәжіне айтыскер ақын Айшолпан Тілеутай қарсылық білдірді.

“Бабаларымыздың қанша ғасыр бойы жинаған құндылықтарын бір сәтте жоққа шығаратын бұл қандай дін? Түсінбедім. Ақыретке иманымызбен өтеміз, ұлтымызбен өтпейміз дейді. Мына қыздың басы әбден айналып, қиял әлеміне ұшып кетіпті. Алла не үшін бізді әртүрлі ұлт етіп жаратты? Қазақтан бала туғанда түрі де, сарқырап аққан қаны да, ата-бабасынан берілген гені де, қазақ деп тұрмайды ма? Бұл ақиқаттан сен бас тарта алмайсың. Ал дінге келсек, Құранның қай жерінде домбыра – харам деп жазылыпты? Қандай дәлелмен сөйлеп отыр бұл қыз? Ғалымдардың айтуынша, құранда 6236 аят болса, соның 550 аятының сырын ғалымдар ашыпты. Оның бір ғана негізі бар. Сен Құдай алдына барғанда жүректің тазалығын ғана сұрайды. Домбыра есірген адамды жөнге салса, жүрекке тыныштық пен мейірім сыйласа, жүрек тазалығы мен еміне құрал болса, бұның несі харам?”, – деп жазды ақын.

Еске салайық, бұдан бұрын тележүргізуші Динара Сәтжан миллиондаған оқырманы бар блогерлерге хиджаб кигені үшін ақша ұсынылғаны жайлы айтқан еді.

"Біздің өз мәдениетіміз бен дәстүрлеріміз бар. Біз өз тарихымызды келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Ал егер бірнеше онжылдықта немесе тіпті бірнеше жылдан кейін біздің қазақтар қара хиджаб киіп жүрсе ше?! Біз мұны қалаймыз ба? Менің бұл сұрақты көтеру себебім –  блогерлерге оранғаны үшін ақша ұсынылғанын естідім, айтуларынша, аз сома емес. Мені осы нәрсе шошытады", - деді ол.

Жуырда Мәжіліс депутаты Айдос Сарым осы мәселеге қатысты пікір білдіріп, қандай да бір топтың, ұйымның атынан ақша алып, жарнамасын жасайтын блогерлер салық төлеуге міндетті екенін алға тартты.