×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Ұлымды еш сотсыз, тергеусіз қамап отыр - Думан Мұхамедкәрімнің әкесі

10.09.2023, 15:41
Ұлымды еш сотсыз, тергеусіз қамап отыр - Думан Мұхамедкәрімнің әкесі
Фото: Ulysmedia.kz

Кеше қамауда отырған журналист Думан Мұхамедкәрім қолынан жарақат алып, Талдықорғандағы уақытша оқшаулағыштан ауруханаға жеткізілгені жөнінде ақпарат тараған. Оның алдында журналистің бірнеше рет аштық жариялағаны белгілі. Осы ретте Ulysmedia.kz тілшісі қамауда отырған журналист, қоғам белсендісі Думан Мұхамедкәрімнің әкесі Алмас Тілеповпен әңгімелесті. Ол ұлының еш сотсыз, тергеусіз қамауда отырғанына сенімді. 

- Алмас мырза, күні кеше ұлыңыз Думанның қолы жарақаттанып, уақытша оқшаулағыштан ауруханаға жеткізілгені жөнінде ақпарат жарияланды. Қазір Думанның жағдайы қалай? 

- Менің қолымда қазір ешқандай ақпарат жоқ. Думанның адвокаты Ғалым Нұрпейісовтың айтуы бойынша, кеше оған Думан қолын ауыртып алып, ауруханаға тексертіп, қайтадан изоляторға алып келдік депті. Одан басқа ешқандай жаңалық жоқ. Адам құқығын қорғайтын Талдықорғандағы Виктор Тен, адвокаты Жалғас Сапарханқызы бар, бәріміз ертең барайық деп отырмыз. Сол барып білмесек, анық-қанығын өзіміз де білмейміз. Бүгін демалыс. Сенбі-жексенбі күндері олар қабылдамайды. 

- Думан Мұхамедкәрім әлі де Талдықорғандағы изоляторда ма?

- Иә, Талдықорғандағы изоляторда жатыр. Алматыға ауыстыруды талап етіп отырмыз. Бізге барып-қайтқанға да алыс. Кәрі әке-шешеге обал болды деп. Оған өздері біресе ДУИС-ке, біресе КУИС-ке жіберіп, ауыстырмай отыр. Олардыкі де таза қинау болып тұр ғой. Ұрып-соғып қинамаса да осылай ерегесіп отыр. 

- Думан Мұхамедкәрім өткенде бірнеше рет аштық жариялады. Аштықты әлі де жалғастырып жатыр ма?

- Анау жолы барып қайттым. Бейсенбіде. Сонда Думан "ауырып жатырмын" деп кездесуге шықпады. Сонымен кездесе алмай қайттым. Суын ғана кіргіземіз, одан басқа тамақ, азық-түлік кіргізбейміз. "Аштық жариялап жатыр" деп сол жерден телефонмен маған хабарласты. Анық-қанығын не де болса дүйсенбі күні білерміз.

- Думанға тағылған айып жөнінде бірнеше рет айтылды. Сіздерге тергеушілер не дейді?

- Оған қылмыстық кодекстің 405 бабы бойынша "экстремистік ұйымның жұмысына араласты" деп айып тағып отыр. Экстремистік ұйым дейтіні - Әбіләзовтен тікелей екі рет сұхбат алды ғой. Сол сұхбатына байланысты. Сараптамадан мұнысын өткізіпті. Біз де сараптама өткізіп, дайындап қойдық. Бірақ сараптама әлі дайын емес деп, олар қамауда ұстау мерзімін 22 қазанға дейін ұзартып тастады. Сотсыз, тергеусіз қамап отыр. Тергеуші Думанға екі-ақ рет барды. Үш тергеуші ауысып кетті. Сондай жағдай болып жатыр.

Айта кетейік, бұдан бұрын журналистің түрмеде аштық жариялағанын жазған болатынбыз

Думан Мұхаметкәрім Алматыдағы абақтыға ауыстыру туралы талабы орындалмаса саусағын шауып, аштық жариялайтынын мәлімдеген.

Еске салайық, Думан Мұхамедкәрім 20 наурызда Facebook желісінде жазба жариялап, 21 наурыз күні түстен кейін алаңға шығатынын мәлімдеп, өзгелерді де оған қосылуға шақырғаны үшін қамауға алынды. Қамауда отырғанда журналист аштық жариялады.

15 сәуірде ол қамаудан босатылып, халықты тағы да митингке шақыратынын мәлімдеді.

2 мамырда тағы 25 тәулікке қамауға алынды.

Бұдан бұрын адвокат Ғалым Нұрпейісов Әблязовпен сұхбаты үшін журналист жауапқа тартылуы мүмкін екенін айтқан.

26 мамырда босап шыққан Думан Мұхамедкәрім 28 мамырда қайта қамауға алынды

2 маусымда журналистің тергеу изоляторында тағы да аштық жариялағаны белгілі болды.

Көп ұзамай оның әкесі әкесі Алмаз Тілепов те ас-судан бас тартатынын мәлімдеді. Іле аудандық прокуратурасына барған Думан Мұхамедкәрімнің ата-анасы ұлдарының заңсыз ұсталып отырғанын, денсаулығы нашарлағанын айтып, оны босатуды талап етті.

Жуырда Думан Мұхамедкәрімнен "Террористiк немесе экстремистiк әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік" (Қылмыстық кодекстің 258-бабы) бабы бойынша қылмыстық істе куәгер ретінде жауап алынып жатқаны хабарланған. Оның үйінде тінту жүргізілді. Кейінірек журналистің жағдайы күрт нашарлағаны хабарланған еді.

Думан Мұхамедкәрімнің Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатын мына сілтемеден көруге болады.