Қазақстан құрамасы бүгін "Астана Аренада" Еуро-2024 аясында Солтүстік Ирландия командасымен кездесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тартысты ойында ұлттық құрама 1:0 есебімен қарсылас команданы тізе бүктірді. Матчтағы жалғыз голды 27-ші минутта Максим Самородов салды. Осы матчтан кейін Қазақстан құрамасы 12 ұпаймен өз тобында екінші орынға көтерілді. Десе де Дания мен Словенияның бір ойыны кем. Дания Финляндиямен, Словения Сан-Мариномен кездескенде рейтинг өзгеруі әбден мүмкін.
Ойынды бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тамашалады. Мемлекет басшысының жанында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев пен боксшы Геннадий Головкин отырды.