Бұрынғы білім министрі, ал қазіргі мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Алматы облысының мектебіндегі 4-сынып оқушысының буллингке ұшырауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Зардап шеккен баланың анасының айтуынша, тоғыз жасар бала құрдастарының мазақ қылуынан кейін өзіне-өзі қол жұмсауға бекінген. Оқиғадан кейін бала оқитын мектептің директоры оның ата-анасына 200 мың теңге пара ұсынып, шуды “басуды” ұсынған.
"Қазір комиссия жұмыс істеп жатыр. Мұнда мәселенің анық-қанығына жету керек. Егер сіз айтып отырған нәрсе расталса, бұл – қылмыстық іс. Сондықтан бейтарап тергеу қажет, нәтижесінде осы төтенше жағдайға кінәлі барлық адамдарға қатысты қатаң шаралар қабылдануы тиіс", - деді Аймағамбетов мәжіліс кулуарында.
Ол сондай-ақ буллинг және балалардың құқықтарын қорғау мәселесі бірқатар кешенді шараларды қажет ететінін атап өтті.
Атап айтқанда, Аймағамбетов мектептерде психологтар штатын кеңейту жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Депутаттың айтуынша, қазір әр маманға 1-1,5 мың оқушыдан келеді.
"Кейбірі балалар психологтарға бармайды дейді, бірақ қазіргі балалар басқаша. Балаларда әлеуметтену және ақпаратты тұтыну проблемалары бар. Сондықтан біз психологтар штатын ұлғайту міндетін қойып отырмыз", - деді мәжілісмен.
Сонымен қатар Аймағамбетов қазақстандық мектептер қолайсыз отбасылардан шыққан балаларды үйірмелер мен секцияларға тарту бағытында жұмыс істеуі керегін айтты.