Қаржылық мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаевқа қатысты қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыруға байланысты сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ведомство мәліметінше, тергеу шеңберінде жалпы құны 90 млрд теңгеден асатын активтерді, оның ішінде: мұнай кен орнын, газ тарату компаниясын, сервис саласындағы кәсіпорынды, қонақүй және сауда-ойын-сауық кешендерін, фитнес орталықтар желісін, кеңсе үй-жайларын және басқа да активтерді мемлекет меншігіне ерікті түрде қайтару жөнінде шаралар қабылданды.
“Сондай-ақ, Қайрат Боранбаев Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударды. Осы объектілердің барлығы мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына беріледі, ал ақшалай қаражат білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін пайдаланылатын болады”, – делінген хабарламада.
Бұған дейін Қ.Боранбаев табиғи газ импорты кезінде қаражатты жымқыру эпизоды бойынша тергеу аясында 14,5 млрд теңге көлемінде материалдық шығынды өтеген болатын.
Естеріңізге сала кетейік, наурыз айында Боранбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Боранбаевтың сенімді өкілі Роман Наханов, сондай-ақ "QazaqGaz "ҰК" АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақта та 8 жылға сотталды.
Тамызда Астана қалалық сотында Қайрат Боранбаевтың ісі бойынша апелляциялық келісім қаралды. Отырыста кәсіпкер кінәсін мойындап, залалды өтегісі келетінін мәлімдеген.