Қоғамның қарсылығы мен президенттің ескертуіне қарамастан Экология министрлігі киік атуды заңдастыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы министрліктің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Ким ОКҚ-да тілшіміздің сұрағына берген жауабында хабарлады.
«Біз жан-жануарларды тұрақты пайдалану туралы айтып отырмыз. Министрліктің міндеті – киіктердің санын сақтау және қалпына келтіру. Кеңес кезінде киіктердің саны ең көп дегенде 1,2 миллионға жеткен. Қазір бізде киік саны 1,9 миллионға жетті. Көктемгі есеп осындай. Күзде 2,6 миллионға жетеді деп отырмыз», - дейді шенеунік.
Экологтарды киік санын реттеуге шаруалар көндірген көрінеді. Олар түз тағыларының салдарынан 12 млрд теңгеден қағылдық деп шағымданған.
«Бұл жерде киікті қыру туралы емес, елдегі экономикалық шығынның алдын алу үшін тұрақты пайдалану туралы айтылып отыр», - дейді ол.
Сондай-ақ, Ким лимитті анықтайтын ғылымға сілтеме жасады. «Тұрақты пайдалану» деген жалпы табиғатқа зиян келтірмеу және популяция санында тұрақтылықты сақтау маңызды тәсілді білдіреді деп түсіндірді.
«Келесі жылы мораторийді созудың қажеттілігі жоқ деп есептейміз», - дейді ол.
Еске сала кетейік, 2022 жылы экология министрі Серікқали Брекешев ақбөкендер фермерлердің өмірін бұзып, егінді таптап жатыр деп мәлімдеген еді. Содан кейін ведомство «жануарлар санын реттеу шеңберінде» 80 мың ақбөкенді ату туралы шешім қабылдаған.
Бұл шешім қоғамның біршама сыны мен наразылығын туғызып, қазақстандықтар экология министрлігінің жоспарына қарсы петицияға қол қойды. Ақыры, іске президент араласып, министрге сөгіс жариялап, бастаманы тоқтатты.