×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Тоқаев экс-министр Сүлейменованы жаңа қызметке тағайындады

21.09.2023, 14:41
Тоқаев экс-министр Сүлейменованы жаңа қызметке тағайындады
фото: ашық дереккөзден

Бұрынғы экология министрі Зүлфия Сүлейменова жаңа қызметке тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Мемлекет басшысының өкімімен Зүлфия Болатқызы Сүлейменова Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі лауазымына тағайындалды”, – делінген Ақорда хабарламасында.

2023 жылдың қаңтарынан бастап экология және табиғи ресурстар министрі болған Зүлфия Сүлейменова 1 қыркүйекте қызметінен босатылды.

Еске салайық, 8 маусымда  “Семей орманы” резерваты аумағында өрт тұтанған болатын. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. 

Абай өңіріндегі ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды. Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты.  ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев Абай облысындағы орман өрті бойынша өз қызметіне салғырт қараған шенеуніктер қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеген. Қазақстандықтар өрт үшін экология министрі қызметін атқарған Сүлейменова да жауап беруі керек деп есептейді.

Сондай-ақ бұдан бұрын қазақстандықтар экология министрі Зульфия Сүлейменованың Павлодар облысындағы тартылып бара жатқан қызғылт көлге қатысты мәлімдемесіне шүйліккен. Блогерлер, журналистер мен сарапшылар министр мен оның командасының бейғамдығына таң. Қазақстандықтар Сүлейменованың қоластындағылары көлді тексеруге тек сейсенбіде аттанады деген сөзін сынға алды.

Сүлейменованың жұмысын мемлекет басшысы да сынға алды. Тоқаев Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте қаланы сумен қамту мәселелерін шеше алмағаны үшін Сүлейменованың министрлігіне көңілі толмайтынын жеткізді.

“Бұған дейін Экология министрлігіне қаланы сумен қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс жасау тапсырылды. Бірақ әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Тіпті, осы мәселені шешуге қатысты тиімді ұсыныстар да жоқ. Тағы да қайталап айтамын: құзырлы министрлік нақты шаралар қабылдауға тиіс”, - деді президент.