Алматы қалалық сотында әкімнен бейбіт жиналыстар өткізуге рұқсат беруді талап еткен белгілі адвокаттардың апелляциялық шағымы бойынша шешім шығарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Адвокат Мұрат Адам сот қорғаушылардың талабын қанағаттандырмағанын, бірінші сатыдағы шешім өзгеріссіз қалғанын хабарлады.
Талапкерлер бұл шешімге кассациялық тәртіппен Қазақстанның Жоғарғы сотына шағымдануға ниетті.
Бұдан бұрын Мұрат Адам сот отырысы өтетін күні адвокаттар істі қарайтын сот алқасының барлық құрамын істен шеттету туралы шағым бергенін хабарлаған.
"Біздің сот алқасының құрамын шеттету туралы шағымымыз сот кеңсесінде 20 қыркүйекте ғана тіркелді. Тек 26 қыркүйек күні сағат 09.20-да сол шағым бойынша отырыс тағайындалды. Сот төрелігін жүзеге асыру кезінде судьялар заңға бағынбай ма сонда?"- деп адвокат ашуланады.
Бұған дейін сот әкімнің ығына жығылғаны хабарланған болатын: адвокаттар бейбіт митинг өткізуден бас тартуды заңсыз деп тану туралы істе жеңілді.
Айта кетейік, әкімнің, әкімдіктің және "Алматы қаласының қоғамдық даму басқармасы" КММ үстінен Мұрат Адам, Айман Омарова, Рена Керімова және Елена Жигаленок арызданды.
Адвокаттар өз өтінішінде Алматы әкімдігінің 29 және 31 мамырда митингілер өткізуден бас тартуын заңсыз деп тануды сұрады.
Олар әкімді және оның қарамағындағыларды адвокаттардың кәсіби құқықтарының жиі бұзылуына қатысты адвокаттардың пікірін білдіру мақсатында бейбіт жиын өткізуге орын беруге міндеттеуді талап етті.