×
449.88
486.64
4.83
#2023жылқорытынды #қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
449.88
486.64
4.83

"Кетіңіздер жұмыстан": депутат мәжілісте міңгірлеген вице-министрге шүйлікті

27.09.2023, 11:40
Коллаж: Ulysmedia.kz

Ақпараттық қауіпсіздікті күшейту туралы заң жобасы талқыланған Мәжіліс отырысында депутат Бақытжан Базарбек Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабековке шүйлікті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“2016 жылы үлкен жер митингілері болды. Халықтың басты талап ететіні – жер кадастрын ашу. Әр учаскенің артында қай жемқор шенеунік, қай судья, қай прокурор және осы жемқор жүйемен ауыз жаласқан қай олигарх тұрғанын ел білуі керек. Өкінішке қарай, бұл мәліметтер ашылмады. Активтерді қайтару туралы заң жобасы аясында мен бұл ұсынысты енгіздім, бірақ әріптестерім қолдаса да, үкіметтің кесірінен ұсынысым қабылданбады. Жайылымдар туралы заң жобасына да ұсындым, үкімет онда да қабылдамады. Сіз таныстырып отырған заң жобасы жер кадастрын ашуға қалай көмектеседі? Орхус конвенциясына қосылсақ та, жер кадастрының ашылмауы қаншалықты заңды?”, – деп сұрады депутат шенеуніктен.

Вице-министр ашықтықты қамтамасыз ету үшін арнайы жария кадастрлық карта іске қосылғанын айтты.

“Оның негізінде жер учаскелері туралы ақпаратқа қолжетімділікті ұйымдастыруға болады. Қазіргі уақытта аталмыш карта негізінде жер, құқықтық және қала құрылысы кадастрларының деректері жарияланды. Ал жер учаскелерінің меншік иелері туралы деректерді Жер кодексіне сәйкес мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған жүйесінің 226-жергілікті базасынан жинап көшіріп жатырмыз. Техникалық жұмыстар аяқталды, тексеру жүргізіліп жатыр. Тестілеу аяқталған соң жер кадастры жария кадастрлық картада жарияланатын болады”, - деді вице-министр.

Алайда шенеуніктің жауабына депутаттың көңілі толған жоқ.

“Қазақта «Мен де деймін, домбырам не дейді» деген сөз бар. Мен сізден жария кадастрлық карта туралы сұрап тұрған жоқпын. Мен жердің иесі кім деп сұрап тұрмын, бұл мәлімет ашық болуы тиіс. Орхус конвенциясына қосылдық, Конституцияның 4-бабына сәйкес, оның күші ұлттық заңнамадан басым. Өтірік әңгімелерді қашан тоқтатасыздар? Жер кадастрын ашу керек. Мұндай өтірік әңгімелерді Парламент төрінде айтушы болмаңыздар, болмаса кетіңіздер жұмыстан”, – деді Бақытжан Базарбек.

“Қазір жер учаскесі иесі жайлы ақпаратты сұраныс бойынша беруге болады”, – деп жауап берді Олжабеков.

Мәжіліс төрағасы шенеунікке депутаттың сұрауына жазбаша толық жауап беруді тапсырды.  

Айта кетейік, Бақытжан Базарбек мәжілісте жер мәселесін жиі көтереді. Жуырда ғана бір топ сенатордың «жер кодексіне күмәнді және аса қауіпті түзетуді ұсынып» отырғанын, сенаторлар қорғалатын табиғи аумақтардың бір бөлігін ауылды елді мекендердің құрамына ауыстыру мүмкіндігін беруге тырысып жатқанын мәлім еткен еді.

Серіктес жаңалықтары