×
$
447.14
€
499.54
₽
5.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.14
€
499.54
₽
5.46

Түркі елдеріне ортақ әл-Фараби халықаралық зерттеу орталығын құру ұсынылды

Бүгін, 16:54
Түркі елдеріне ортақ әл-Фараби халықаралық зерттеу орталығын құру ұсынылды
Күршад Зорлу. Видеодан алынған кадр

Түркі мемлекеттерінің ғалымдарын біріктіріп, Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын бірлесе зерттейтін халықаралық орталық құру ұсынылды. Бастаманы Түркияның билік басындағы Әділет және даму партиясы (AK Parti) төрағасының орынбасары, Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі басқарма басшысы Күршад Зорлу Алматыда өткен халықаралық симпозиумда көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Философия. Этика. Болашақ» атты халықаралық симпозиум өтті. Жиынға Қазақстанның вице-президенті Ерлан Қарин, отандық және шетелдік 150-ден астам ғалым, зерттеуші, сарапшы және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Симпозиумда сөз сөйлеген Күршад Зорлу баяндамасын қазақ тілінде жасап, қатысушыларға Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның сәлемі мен құттықтауын жеткізді.

Ол әл-Фараби мұрасына арналған жиынның Қазақстанда өтуінің ерекше мәні бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстанның халықаралық аренадағы рөліне тоқталып, елдің өңірдегі ықпалды мемлекеттердің біріне айналып келе жатқанын айтты.

Күршад Зорлу ҚазҰУ жанынан ICESCO кафедрасы мен әл-Фараби орталығын ашу бастамаларын қолдайтынын білдіріп, түркі елдерінің ғылыми ынтымақтастығын дамытуға қатысты үш ұсыныс жасады.

әл-Фарабидің еңбектері ортақ цифрлық платформаға жинақталуы мүмкін

Алғашқы ұсыныс – Түркі мемлекеттері ұйымы аясында әл-Фараби атындағы халықаралық зерттеу орталығын құру.

Зорлудың айтуынша, мұндай орталық әлемнің әртүрлі елдеріндегі архивтерде сақталған ойшылдың қолжазбалары мен ғылыми еңбектерін бір жерге жинауға мүмкіндік береді.

Оларды цифрландырып, ортақ платформаға орналастыру, түркі тілдеріне аудару және ғалымдар мен көпшілікке қолжетімді ету жоспарланып отыр.

Бұл бастама жүзеге асса, түркі елдерінің зерттеушілері әл-Фараби мұрасын бірлесіп зерделеуге мүмкіндік алады.

әл-Фарабидің идеяларын «Ақылды қала» жобаларында қолдану ұсынылды

Екінші ұсыныс ұлы ойшылдың «Қайырымды қала» тұжырымдамасын қазіргі мемлекеттік басқару жүйесі мен «Ақылды қала» жобаларына енгізуге қатысты болды.

Күршад Зорлу әл-Фарабидің философиялық көзқарастары қалаларды дамытуға, мемлекеттік басқару мен білім беру жүйесін жетілдіруге негіз бола алатынын айтты.

Ол жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде жастардың технологияны меңгеріп қана қоймай, оны адамзат игілігіне жұмсауды үйренуі маңызды екенін атап өтті.

Оның пікірінше, бұл бағытта әл-Фарабидің адамгершілік, әділеттілік пен ізгілік туралы ілімі ерекше мәнге ие.

Түркі университеттері арасында ынтымақтастық кеңейеді

Үшінші ұсыныс түркі елдерінің жоғары оқу орындары арасындағы тұрақты академиялық байланысты дамытуға арналды.

Атап айтқанда, Түркия мен басқа да түркі мемлекеттерінің университеттері арасында әл-Фараби мұрасын зерттейтін бірлескен институттар ашу, қос диплом бағдарламаларын енгізу және студенттер мен ғалымдардың академиялық алмасуын кеңейту ұсынылды.

Бұл бастамалар түркі әлеміндегі ғылыми зерттеулерді біріктіріп, университеттер арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.

әл-Фараби мен Ясауи мұрасына арналған симпозиумдар тұрақты өтеді

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түркияда филиал ашуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді. Президент екі елдің білім беру, медицина және туризм салаларындағы ынтымақтастығы жалғасатынын айтқан.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арналған халықаралық ғылыми жиындарды тұрақты түрде ұйымдастыру туралы бастама көтерген.

Симпозиумның ашылуында сөз сөйлеген вице-президент Ерлан Қарин бұл бағыттағы жұмыстардың маңызына тоқталды.

«Президент Түркістанда – Ясауи, Алматыда әл-Фараби мұрасына арналған халықаралық симпозиумдарды бұдан былай тұрақты түрде ұйымдастыруды тапсырды. Екі үлкен тұлғаға арналған мұндай жиындар кезекпен екі жылда бір рет өткізілетін болады. Бұл – рухани мұрамызды науқандық емес, институционалдық деңгейде жүйелі, кешенді зерттеуге көшкенімізді көрсетеді», – деді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, Қазақстанның тарихи және рухани мұраны зерттеу мен насихаттауға жүйелі түрде көңіл бөлуі ағартушылық бағыттағы маңызды өзгерісті білдіреді.

Форумда қандай мәселелер талқыланды?

Халықаралық симпозиум барысында қатысушылар әл-Фарабидің философиялық мұрасының қазіргі қоғам үшін маңызын талқылады.

Ғалымдар ойшылдың еңбектерін әлемдік гуманитарлық диалогты дамытуда, адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптеуде және қазіргі заманның өзекті мәселелерін шешуде пайдалану мүмкіндіктеріне назар аударды.