Қызылорда облысының жер қатынастары саласында жасалған талдаулар нәтижесінде 37 адам жауапқа тартылды. 270 үлескердің құқығы қорғалып, 49 акт заңға сәйкестендірілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Облыстық прокуратура мәліметінше, жерді сатып алу шарттары бойынша жер иеленушілердің төлемеген 25 млн. теңгесі бюджетке өндірілді.
Сонымен қатар кадастрлық құны 218 млн теңгені құрайтын жер учаскелері мемлекетке қайтарылды.
“Атап айтқанда, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-мен бірлескен жобамен құрылып, жүзеге асырылмаған инвестициялық жоба бойынша құны 115 млн теңге құрайтын жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Сол сияқты Сырдария ауданы прокуратурасы заңсыз табысталған кәсіпкерлік мақсаттағы кадастрлық құны 21,8 млн теңге 6 га жер учаскесін мемлекетке қайтарды”, – делінген хабарламада.
Одан бөлек, пайдаланылмайтын жерлерді анықтау және шаралар қабылдау жөнінде уәкілетті органдардың жұмысы тексерілуде.
“Жер кодексіне сәйкес пайдаланылмайтын жерлерді анықтау қала, аудан әкімдіктерінің жер саласындағы уәкілетті органының құзыретіне жатады. Бұл бағытта жұмыстар қарқынды жүргізілмеуіне байланысты прокуратураның бастамасымен 602,3 гектар 360 игерілмеген кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелері анықталды. Нәтижесінде Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаментіне ұсыну енгізіліп, бүгінгі күнге 150 жер учаскесіне қатысты нұсқама беріліп, мәжбүрлеп мемлекетке қайтару бағытында шаралар қабылдануда”, – деп мәлім етті прокуратура.
Жыл басынан бері 138 мың га 133 жайылымдық жер учаскесінің игерілмегені анықталып, қадағалау актілері енгізілген.
Кадастрлық құны 80 млн теңге құрайтын 41 мың га 54 жер учаскесі қайтарылды.
Оның ішінде:
Сырдария ауданында – 55 млн теңге 29 мың га 27 жер;
Жалағаш ауданында – 1,1 млн теңге 0,8 мың га 4 жер;
Қармақшы ауданында – 2,2 млн теңге 2 мың га 6 жер;
Қазалы ауданында – 1,2 млн теңге 6 га 6 жер;
Арал ауданында – 3,6 млн теңге 3,8 мың га 4 жер;
Жаңақорған ауданында – 17 млн теңге 7 мың га 7 жер.
Мысалы, Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Айдарлы ауылдық округінде 13.04.2001ж. табысталған ауыл шаруашылығы мақсатындағы кадастрлық құны 1,4 млн теңге 161 га жер учаскесінің 22 жыл бойы пайдаланылмағаны анықталып, мемлекетке қайтарылды.
Бұдан бөлек, жайылымдық жерлерге түгендеу жүргізіп, нәтижесінде жайылым жетіспеушілігі 1,4 млн га-дан 530 мың га, яғни 63% азайды.
Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың басынан бері мемлекетке 8,3 млн га жер қайтарылды.