×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Статимен соттасқан Қазақстан 1 млрд доллар шығындады ма – Әділет министрінің жауабы

29.09.2023, 12:36
Статимен соттасқан Қазақстан 1 млрд доллар шығындады ма – Әділет министрінің жауабы
Коллаж: Ulysmedia.kz

Әділет министрі Азамат Есқараевқа Орталық коммуникациялар алаңында Қазақстанмен 13 жылдан бері соттасып жүрген Анатолий Стати жайлы сұрақ қойылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Қазақстан кәсіпкер Статимен 13 жылдан бері соттасып келеді. Таяуда Анатолий Стати сұхбат беріп, кезінде «Қазақстан 560 млн доллар төлегісі келмегенін, енді бұл іс бойынша мемлекет шығыны 1 млрд теңгеге жеткенін» мәлімдеді. Бұл ақпарат қаншалықты рас? Ұзаққа созылған осы іске қазақстандық салық төлеушілердің қанша ақшасы жұмсалды? Істің бітетін түрі бар ма?» - деп сұрады Ulysmedia.kz тілшісі министрден.

Бұл сұраққа жауап берген министр «1 млрд доллар шығын» туралы ақпараты бірден жоққа шығарды. Есқараевтың айтуынша, 1 млрд доллар шығын туралы ешқандай әңгіме жоқ.

«Өз тарапымнан айтарым, Стати ісі қолдан жасап, ірілеудің керегі жоқ. Бұл кәдімгі арбитраж дауы. Мұндай қатардағы істер көп. Көп емес, осындай бірнеше іс десем болады. Шығын туралы айтар болсам, оған кететін сома бюджеттен жыл сайын бөлінеді. Парламент қабылдап, ол қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Бәрі ашық. Бұл тұрғыда ақпаратты жасырып, жаппаймыз», –  дейді ол.

Азамат Есқараевтың айтуынша, Статидің өзін де қылмыстық қудалау бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Істің өзі көптеген ел мен көптеген юрисдикцияға созылып кетті. АҚШ-та, Еуропа елдеріне... Барлық юрисдикция бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Қылмыстық тұрғыда оны бірнеше елде ізіне түскіміз келеді. Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді ол.

Істің нәтижесі жайлы министр ештеңе айта алмайтынын атап өтті. «Тек жұмысты жалғастырамыз» деп түйіндеді. «Ал қазақстандық салық төлеушілердің қалтасынан осы іске қанша ақша кеткенін атай аласыз ба?» деген сұраққа Азамат Есқараев «соманы есіне сақтамағанын, керек болса баспасөз хатшы арқылы мәлімет бере алатынын» айтты.

Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын Әділет министрлігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ Нидерланды Жоғарғы сотында сомасы 4 млрд АҚШ долларына тең KMG Kashagan B.V.-дағы акцияларына байланысты Анатол Стати, Габриэль Стати, Ascom S. A. және Terra Raf Trans Trading Ltd (Стати) қарсы іс жүргізуде түпкілікті жеңіске жеткенін хабарлаған еді. Әділет министрлігінің мәліметінше, 2023 жылғы 22 қыркүйекте Жоғарғы сот Статидің бұл шешімге шағымын қабылдамаған. Бұл акциялар әдеттегі халықаралық құқыққа сәйкес орындалудан иммунитетке ие болғанын растаған.