"Лигалайз" лақап атымен танымал ресейлік әртіс Андрей Меньшиков Астанадан Черногорияға ұшып кете алмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ол әуе компаниясының шешіміне байланысты оны ұшаққа кіргізбей қойғанын айтты.
"Компания ресейлік төлқұжаттары бар жолаушыларға ұшуға рұқсат бермеді. Мен Будвадағы концертті ауыстыруға мәжбүрмін. Әуетасымалдаушының шешіміне қатысты ешқандай наразылығым жоқ. Менің елім жасаған сұмдық қылмыстар үшін жауап беруге дайын. Бұл украиндықтар тартқан азаппен салыстырғанда түк емес. Соғыс тоқтатылсын", - деп жазды әртіс.
Ол Польшаның LOT әуе компаниясының рейсімен ұшуы тиіс болған. Айтпақшы, сәуір айында дәл осы компания ресейлік теннисші Виталий Дьяченконы ұшаққа мінгізбей қойған.
"Lot авиакомпаниясы менің Корсика турниріне – Каирден Варшава арқылы Ниццаға ұшуыма мүмкіндік бермеді, өйткені мен Ресей төлқұжатының иесімін. Мен Каир әуежайында 18 сағат отырдым, нәр татпай, әуежайдан кете алмай орындықтарда ұйықтадым. Маған үшінші дәрежелі адам ретінде қарады, бірнеше мың еуро жұмсалды, енді турнирге қатысуға мүмкіндік жоқ, өйткені ресейліктерді тасымалдамайтын авиакомпаниялар мен визалық шектеулерге байланысты маршрут жоқ", - деп шағымданды спортшы.
Еске салайық, жуырда Қазақстанда қоғам қарсылығынан кейін "Камызяки" концерттері тоқтатылған болатын.
Команданың концерттері Алматы қаласында 5 қазанда және Астана қаласында 7 қазанда өтеді деп жоспарланған еді. Алайда желіде "Камызяки" командасының Қазақстандағы концерттерін тоқтатуды талап еткен петиция жарияланды.
"Азамат Мұсағалиев әзілкеш Нұрлан Сабуровпен бірге қазақстандықтардың наразылығын тудырып, ТНТ федералды каналында қазақ тілін мазақ етіп қана қоймай, Денис Дороховпен және өзінің "Камызяки" командасымен бірге жақында оккупацияланған Донецкте өнер көрсетті. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумында Ресей Федерациясының президенті Путинмен кездесуде Қазақстан "Луганск және Донецк халық республикаларын" мойындамайтынын мәлімдеді. Біз, қазақстандықтар, егемен ел Украинаға агрессияны қолдайтын адамдарды өз елімізде көргіміз келмейді. Біз бейбіт елміз және бейбіт халықпыз", – деді петиция авторлары.