×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Таяу Шығыстағы соғыс Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді

10.10.2023, 11:52
Таяу Шығыстағы соғыс Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді
Коллаж: Ulysmedia.kz

Қаржы министрлігінің басшысы Ерұлан Жамаубаев пен Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Таяу Шығыстағы шиеленіскен жағдай Қазақстан экономикасына қалай әсер ететінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қаржы министрі қақтығыс шиеленіскенге дейін де мұнай бағасы барреліне 90 долларға жеткенін еске салды.

"Сондықтан аздаған ауытқу біздің экономикамызға әсерін тигізеді деп есептемеймін. Сегіз ай ішінде баға төмен болды. Сондықтан қазіргі баға жыл соңына дейін белгілі бір төлемдер бойынша алға жылжуға мүмкіндік береді. Курсқа келетін болсақ, оған әсер ететін басқа факторлар бар. Егер мұнай бағасы өссе, доллар ағыны артады. Бұл өсімге ықпал етеді, теңге аздап нығая түседі", - деді ол.

Қуантыров Таяу Шығыстағы қақтығыс Қазақстанмен тікелей байланысты емес екенін айтты.

"Бұған дейін жауап бергенімдей, егер теңге аздап әлсіресе, ол біздің дәліз аясында болса, онда бұл бюджетке, Ұлттық қорға түсетін түсімдерге оң әсер етеді. Қазір біз бюджетте есептелген бағамға таяп келеміз. Барлығы экономикалық жағдайға оң әсер етуі керек. Мәселен, бұл жанжал Қазақстанмен тікелей байланысты емес, бізде ортақ шекара жоқ. Ең бастысы, жағдай тезірек реттелуі керек", - деді Қуантыров.

Естеріңізге сала кетейік, 7 қазанда ХАМАС қозғалысы Израильге шабуыл жасап, әскери операция аясында Израиль қоныстарына қарай бес мың зымыран атылғанын, сонымен қатар бірнеше ондаған содырлар Газа секторына іргелес қалаларға енгенін мәлімдеді. Лаңкестік шабуылдың салдарынан жүздеген бейбіт тұрғын қаза тауып, ондаған адам тұтқынға алынды. 

Осы оқиғаларға жауап ретінде Израиль "Темір қылыштар" әскери операциясын бастады және елде әскери жағдай жариялады. Израиль премьер-министрі Нетаньяху елді мекендерді шабуылдаушылардан тазартуға және резервшілерді жаппай жұмылдыруға нұсқау берді.

Бұған дейін ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров қазір Израиль аумағында 400 қазақстандық болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Олардың 118-і елден кетуге ниет білдірген.

Тель Авивтен қазақстандықтарды алып қайтатын Air Astana ұшағы Астана уақытымен бүгін таңғы 08.00 кезінде Алматыдан ұшып кетті. Қазақстандықтарды мінгізіп, кері қайтатын рейс жергілікті уақытпен бүгін түнгі 23.45 шамасында Алматыға қонады.