×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

Қазақстанның 800-ден астам мектебінде асхана мүлдем жоқ

11.10.2023, 11:38
көрнекі фото

Бұл туралы Мәжіліс отырысында палата депутаты Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Депутат биыл ел мектептерінде 1,5 млн оқушы ыстық тамақпен қамтылғанын атап өтті. Десе де, оның дерегінше, бүгінде 800-ден астам мектепте асхана мүлдем жоқ. Олардың ішінде 303 мектепте буфеттік тамақ ұйымдастырылған. 288-інде бейімделген асханалардан кейтеринг жүйесі арқылы қоғамдық тамақтану орындарынан тағамдар жеткізіліп жатыр.

«Қоғамдық тамақтану орындарынан жеткізілетін тағамның сапасына кім жауапты, төтенше жағдай болса, кім қадағалайды? Осындай асханасы жоқ мектептерде жапсарлас асхана салу мәселесі алдағы уақытта жоспарланған ба, ол қалай шешіледі?» - деп сұрады Сүлейменова жауапты ведомствоның басшысынан.

Мәжілісмен мектептегі ыстық тамақтың бағасы да біркелкі еместігіне назар аударды: 400 теңгеден 1500 теңгеге дейін баға айырмашылығы бар.

«Жекеменшік мектептердегі тамақтандыру мәселесі – үшінші мәселе. Біз депутаттық корпус атынан қазіргі таңдағы жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысқа осы тамақтануды енгіздік. Әлі күнге дейін Үкіметтен жауап келген жоқ. Бұған позицияларыңыз қандай?» - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Депутаттың сұрақтарына жауап берген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Сүлейменованы түзетіп, 591 мектепте асхана жоғын жеткізді.

«Аймақтардың 591 мектебінде асхана жоқ. Оның бәрін ыстық тамақпен қамту үшін буфеттік және кейтеринг асханалар Денсаулық сақтау министрлігінің нормаларына енгізілген. Дей тұрғанмен, бұл мектептерде асханалардың соғылуына байланысты барлық өңірлерге тиісті Жол картасын қабылдау тапсырмасы берілді. Ол бағытта жұмыстар жүргізілуде. Ал тамақтың бағасы бойынша ең жоғары баға – Алматы қаласында, 840 тг. Ақмола облысында – 750 тг. Ең төменгі баға Қарағандыда – 480 тг. Орта есеппен оқушы 570 тг төлейді», - дейді министр.

Мәжіліс төрағасы 200-ден астам асханасы жоқ мектеп қайда кеткенін, неге есептен шығарылғанын сұрады.

«29 қыркүйекте Оқу ағарту министрлігі 800 мектепте асхана жоқ деп көрсеткен. Жеке меншікті мектептердегі тамақтану мәселесі бойынша жауап алған жоқпыз», - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Ғани Бейсембаев заңнамада тек қана мемлекеттік мектептер қарастырылғанын атап өтті.

«Жекеменшік мектептердегі асхана мәселесі 64-Қаулымен реттеледі. Заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу бағытында бұл мәселе қарастырылған. Заң қабылданған жағдайда бұл мәселе өз шешімін табады», - деді министр.

Айта кетейік, жуырда Алматы облысы Қарасай ауданындағы ауыл мектептерінің бірінде бастауыш сынып оқушыларына  жарамдылық мерзімі 2 жыл бұрын өтіп кеткен йогурт берілгені анықталды. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сүйенсек, балаларға тегін ыстық тамақтан бөлек, 2021 жылы жарамдылық мерзімі өтіп кеткен "Растишка" йогурты берілген.

Мектеп басшылығы өнім жеткізушіні өзгерту және келісімшартты бұзу туралы шешім қабылданғанын, іс сотқа жіберілетінін хабарлады. Жеткізушінің өзі көтерме базардан өнім алған кезде жарамдылығы өтіп кеткен өнімдерді байқамай қалғанын айтып ақталды.

Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, осы дерекке қатысты ҚР ҚК 306-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Оқу-ағарту министрлігі осы оқиғадан кейін ел мектептерінің асханалары жаппай тексерілгенін мәлімдеді.

 

Серіктес жаңалықтары