Тель-Авивтен Алматыға тағы ұшақ жіберіле ме деген сұраққа Мәжіліс кулуарында Көлік министрі Марат Қарабаев жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қарабаевтың айтуынша, Израильге ұшқан ұшақ бортының қуаттылығы 180 орын болған. Кеше 166 адам (42-і шетелдік) аумағына Израильден Қазақстан аумағына Телль-Авив – Ақтау – Алматы бағдарымен жеткізілген.
«Қазақстанның қандай да бір азаматы елге келу туралы өтінішті бергендер елге жеткізілді. Қазіргі уақытта басқа да өтініш түсіп, ондай мәселелер талқыланып отырған жоқ. Өйткені біз әу бастан «міне, осындай рейс болады, соған өтініш беріңіздер» дедік. Арнайы чат болды. Біздің азаматтардың бәрімен хабарласты. Өтініш білдірушілердің бәрін алып кеттік. Ешқашан ертең «қуаттылығы жетпепті, біреу қалып қойыпты» деген мәселе болмауы тиіс. Өйткені біз жіберген борттың қуаттылығы жетіп тұрды. Тіпті біздің өзіміздің емес, басқа елдің де азаматтарын сол жерден алып шықтық», - дейді Қарабаев.
Еске сала кетейік, кеше Израильдегі қазақстандық азаматтар елге жеткізілді. Әуе рейсі Алматыға жергілікті уақыт бойынша шамамен 23.45-те келген болатын.