×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Тоқаев Қазақстан өңірлерінде 5G желісін енгізуді мерзімінен бұрын аяқтауды тапсырды

12.10.2023, 09:49
Тоқаев Қазақстан өңірлерінде 5G желісін енгізуді мерзімінен бұрын аяқтауды тапсырды
көрнекі фото

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Digital Bridge форумында сөз алып, жасанды интеллектіні қолдану аясын және оны дамытудың міндеттері мен құралдарын айқындайтын стратегиялық құжат қабылдау қажет екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Президент "бұл – халықаралық озық тәжірибе" екенін атап өтті.

"Мұндай қадам елімізді технологиялық тұрғыда дамытудың орнықты бағытын айқындауға мүмкіндік береді. Ең алдымен, жасанды интеллект технологиясын экономикамыздың мұнай-газ секторы, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика секілді маңызды салаларына енгізуге мән беруіміз қажет деп санаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның пайымынша, жасанды интеллект қалаларымызды өмір сүруге және жұмыс істеуге қолайлы әрі толыққанды ақылды қалаға (smart city) айналдыру процесін айтарлықтай дәрежеде оңтайландыра алады.

Сондай-ақ, президенттің айтуынша, Ұлттық статистика бюросын нағыз цифрлық ведомствоға айналдыратын маңызды реформаны жүзеге асыру керек. Статистикалық және басқа да деректерді ретке келтіру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Оның ішінде басқару саясатын әзірлеу, деректердің мақсатты архитектурасын анықтау мәселесін назардан тыс қалдырмаған жөн.

“Бұл мемлекеттің тиімді шешімдер қабылдауының негізгі шарты болады. 5G желісін кең көлемде енгізу инновацияның дамуына тың серпін береді. Бұл процесс Қазақстанда қазірдің өзінде жүріп жатыр”, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы 2027 жылға дейін барлық облыс орталықтарын ұялы байланыстың жаңа буынымен қамту міндеті бұған дейін жүктелгенін еске салды.

“Үкімет бұл жұмысты мерзімінен бұрын, яғни 2025 жылдың соңына дейін аяқтауы қажет. Әрине, мерзімнің өзгеруі көрсетілетін қызметтердің сапасына әсер етпеуге тиіс. Бұдан бөлек, бұл мақсатқа жету үшін төменгі орбитадағы спутниктік жүйелердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, шалғай аудан тұрғындарын интернетпен қамтамасыз ету маңызды. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы керек. Қажет болған жағдайда заңнамаға өзгерістер енгізуге болады”, – деді президент.

Айта кетейік, елімізде интернет сапасына қатысты сын көп. Шалғай ауылдарды айтпағанда, Астананың өзінде интернет жылдамдығы көңіл көншітпейді дейді жергілікті тұрғындар. Ал шілдеде министр Мусин интернет жылдамдығы жағынан Астана Токионы басып озғанын мәлімдеген.

«Сіздер де Speedtest халықаралық рейтингіне сүйенсеңіздерші. Егер осы халықаралық рейтинг Астананың 35 позицияға көтерілгенін жазса, демек, біз 35 қаланы озып кеттік. Тіпті Токионы басып оздық. Сол рейтингті жасаған мен емес қой!?» - деген еді ведомство басшысы.

Жуырда Мусиннің отставкаға кетуін талап еткен петицияға қол қоя бастады.

"Көптеген қазақстандықтар Бағдат Мусиннің отставкаға кетуі туралы петицияны қолдайды деп санаймын, өйткені ол интернет-қызметтердің бағасын ұстап тұра алмайды, керісінше оларды көтеріп жатыр", – деді петиция авторы.