×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Қарабаевтан «мұраға қалған» Маралды мәселесі: жаңа министр не дейді

12.10.2023, 15:33
Қарабаевтан «мұраға қалған» Маралды мәселесі: жаңа министр не дейді
Коллаж: ulysmedia.kz.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі реттей алмаған түйткілді мәселенің бірі – Маралдыдағы алтын дауы. Аталған ведомство екіге бөлініп, Марат Қарабаев Көлік министрлігіне кетті де, Маралдыдағы шешілмеген дау Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құзырында қалды. Маралдыдағы жергілікті халық пен алтын қазғысы келетін компанияның арасындағы келіспеушілік соттан сотқа, даудан дауға ұласып жатыр. Осы мәселе жөнінде жаңа министрліктің жаңа министрі не ойлайды? Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақты Қанат Шарлапаевқа қойды.

– Маралды мәселесін білеміз. Министрлік тарапынан инвесторлардың жұмысын тексеріп жатырмыз. Білуімше, Марат Қарабаев Маралдыға барды (?) Министрліктің өкілдері барды. Маралды халқымен кездесті. Тексерістен кейін шешім қабылдаймыз, – дейді Қанат Шарлапаев.

Министрден кейін сөз алған ведомствоның геология комитетінің басшысы Ерлан Ақбаров екі ай бұрын Маралдыда болғанын атап өтеді. Комитет басшысы сондағы мәселе бойынша құрылған комиссияның мүшесі болған. 

– Вице-министр сол комиссияда төраға болды. Маралды ауылының тұрғындарымен кездестік. Сонда кешенді тексеріс өткізілді. Қазір сол тексеріс, жан-жақты талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесі жақын уақытта белгілі болады. Жер қойнауын пайдаланушымен де жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қоғамдық тыңдаулардың қалай өткені туралы да кешенді тексеру жүргізілуде. Нәтижесі хабарланатын болады, – дейді Ерлан Ақбаров.

“Алдағы уақытта кен орындарын беру кезінде жергілікті халықтың пікірін елеп-ескеру механизмі қаншалықты зерттеледі, жетілдіріледі?” деген сұрақ қойылған. Ерлан Ақбаров оның барлығы заңда, экология кодексінде көрсетілгенін, барлау жұмыстары, өңдеу жұмыстары қоғамдық келісіммен жүргізілетінін айтады.

– Келісімшарт 2014 жылы жасалғанын білесіз. Содан бері халықтың наразылығы соңғы екі жылда пайда болған. Оған дейін жер қойнауын пайдаланушы барлық қоғамдық келісімін алып, жұмыс жасалды. Қазіргі даудың шыққаны – алтынды өңдейтін зауытты салудан басталды. 6 жыл, 7 жыл көлемінде жер қойнауын пайдаланушы ешқандай заңбұзушылықтарға бармай, сол жергілікті халықпен бірге, жергілікті халықтың да өкілдері сол жерде жұмыс жасады, – дейді Ақбаров.

“Яғни ол компания ешқандай заңды бұзған жоқ деп ресми мәлімдеп отырсыз ба?” деген сұраққа комитет басшысы “олай деп отырған жоқпын, соған дейін жасағанын айтып отырмын” деді.

Өз кезегінде Қанат Шарлапаев, әлбетте, “халықтың пікірін тыңдауымыз керек” дейді. Десе де, заң бойынша инвестордың да құқығы барын ескертеді.

– Инвестордың, халықтың мүддесін – екеуін де қарау керек. Егер инвестор жұмыс орындарын ашса, өз міндеттемелерін алып, жұмысты жақсы істесе, осы инвесторды мемлекет тарапынан шектеуге болмайды. Маралды мәселесі менің және геология комитетінің қарауында. Біз оны жақсы тексеріп қараймыз. Бірақ осы мәселені екі жағынан қарау керек. Инвестор инвестиция жасады. Жобаға қаражат бөліп, жұмыс орындарын ашып жатыр. Басқа жағынан халықтың мүддесін қарау керек, – деп сөзін аяқтады министр Қанат Шарлапаев.

Естеріңізге сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысының Маралды ауылында кәсіпкерлер жергілікті халықтың пікірімен санаспай алтын өндіретін фабрика құрылысына кіріскен. Тұрғындар кәсіпорынның өзенге жақын орналасатынына наразылық білдіріп, ауыл экологиясын ойрандайтын фабриканың ашылуына жол бермеу үшін бармаған жерлері, қақпаған есіктері қалмаған.

Бұған дейін ауыл тұрғындары Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың келуін күтіп жүргені хабарланған. Министр алтын зауытына қарсы шыққан маралдылықтарға қарата «сәл сабыр етіңіздер, келесі аптада халықпен кездесеміз» деген. Алайда Қарабаев сол күйі төбе көрсеткен жоқ.

Биыл 19 шілдеде маралдылықтар мен алтын зауыты «күзетшілері» арасында болған қақтығыстан кейін 25 шілдеде ауылға Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі және облыс, аудан әкімдігі билігінен өкілдер барған. Алайда министр, облыс әкімі деңгейіндегі шенеуніктер Маралдыға әлі де аттап басқысы келмейді. Ал ортаңқол шенеуніктердің келгенінен «пайда болмады» деген маралдылықтар президентке тағы үндеу жолдаған.

Ұлыстың алаңына өз позицияларын айту үшін Шығыс Қазақстан облысында салынғалы жатқан алтын өндіру фабрикасының өкілдері келіп, өз уәждерін айтқан болатын.

Ал таяуда Шығыс Қазақстан облысының экономикалық соты Маралды ауылында алтын өндіру фабрикасы иеленген жердің дауы бойынша шешім шығарды.