×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

Маралдыдағы алтын фабрикасына берілген жерге қатысты шешім шықты

28.09.2023, 10:08
Фото: Ulysmedia.kz

Шығыс Қазақстан облысының экономикалық соты Маралды ауылында алтын өндіру фабрикасы иеленген жердің дауы бойынша шешім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару департаменті Маралды ауылында салынып жатқан алтын өндіру фабрикасына жер телімі заңсыз берілген деп, осы жылдың тамызында сотқа жүгінген болатын. Департамент ауыл шаруашылығына қатысы жоқ нысан тұрғызу мақсатында фабрикаға егістікке жарамды, құнарлы жер беріліп кеткенін хабарлаған. Заң бұзылып, бұл жердің нысаналы мақсаты ауыл шаруашылығына арналған жерден негізсіз түрде өндірістік жер статусына ауыстырылып кеткен. Алайда компания бұл шағыммен келіспеген.

Сот компанияның жағына шығып, құрылысқа арналған учаскелер заңсыз бөлінген деген дәлелдерді негізсіз деп тапты.

Шешім шығару кезінде судья “фабриканың құрылысы 80%-ға аяқталғанын, үлкен ресурстар жұмсалғанын” алға тартады. Сонымен бірге тараптар оның шешіміне 30 күн ішінде шағымдана алатынын айтты.

Департамент өкілі сотта зауыт салу үшін орынды анықтау органдардың рұқсатынсыз және ауыл тұрғындарының мүдделерін ескермей жүргізілгенін айтты.

Прокурор сотта талаптардың негізсіз екенін алға тартады. Оның сөзінше, жер учаскелері аукционда заңды түрде сатып алынған.

Ауыл тұрғындары сот шешімімен келіспейтіндерін және ешқашан мойындамайтынын айтты.

“Маралдылықтар шағымын құзырлы органдарға жеткізе алмағаннан кейін, жанайқайын ешкім тыңдамағаннан кейін сотқа келіп, арызданып отыр. Сол ауылда бәріміздің әке-шешеміз, бауырымыз, туған-туыстарымыз жатыр. Біз ешкімнің мүддесін қорғап жүрген жоқпыз! Біз өзіміздің ауылымызды, табиғатымызды қорғап жүрміз. Ата-бабамыз өткен жер. Маралдылықтар туған жері үшін терін де, қанын да төге алатынын дәлелдеді. 19 шілдеде Құдай сақтап, адам шығыны болған жоқ. Маралдылықтардың жан айқайы бүкіл Қазақстанға, шетелге дейін шығып кетті. Бес жылда компания қазып, алтындарын алып кетер. Жергілікті халыққа қандай пайда? Облысқа қандай пайда? Ауданға қандай пайда? Олардың бүгін қазған алтындары келешек ұрпаққа жүз есе зардабын тигізеді”, – дейді маралдылық Назархан Уәлиев.

Естеріңізге сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысының Маралды ауылында кәсіпкерлер жергілікті халықтың пікірімен санаспай алтын өндіретін фабрика құрылысына кіріскен. Тұрғындар кәсіпорынның өзенге жақын орналасатынына наразылық білдіріп, ауыл экологиясын ойрандайтын фабриканың ашылуына жол бермеу үшін бармаған жерлері, қақпаған есіктері қалмаған.

Бұған дейін ауыл тұрғындары Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың келуін күтіп жүргені хабарланған. Министр алтын зауытына қарсы шыққан маралдылықтарға қарата «сәл сабыр етіңіздер, келесі аптада халықпен кездесеміз» деген. Алайда Қарабаев сол күйі төбе көрсеткен жоқ. Өз өкілдерін жіберем деген уәдесін де орындаған жоқ.

Министр Маралдыға бармаған соң, маралдылықтардың өздері Астанаға арнайы келіп, Қарабаевқа жанайқайларын жеткізген.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындары ауылға Шығыс Қазақстан әкімі Даниал Ахметовтің келуін талап еткен.

Маралдылықтар өз мәселесін экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменоваға жеткізу үшін оның Семейдегі халықпен кездесуіне де арнайы барған.

Ал бірінші вице-премьер Роман Скляр министрлерге жағдайды анықтау үшін Маралдыға барудың қажеті жоқ деп санайды.

Ulysmedia.kz тілшісі бұған дейін осы мәселе жөнінде депутаттар не ойлайтынын біліп көрген еді.

 

Серіктес жаңалықтары