Қырғызстанда ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысқан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы қазіргі ахуалға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Қазақстан халықаралық өзекті проблемаларды шешу үшін лаңкестік әдістерді қолдануға мүлдем қарсы. Ондаған жыл бойы шешімін таппай келе жатқан міндеттерді жүзеге асыру үшін бейбіт азаматтарға зорлық-зомбылық көрсетіп, террорлық акциялар жасауға болмайды. Бұл – еш ақтауға келмейтін әрекет, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық қатынастарда әділдік қағидатын орнатуды, халықаралық қоғамдастықтың барлық мүшесінің заңды және егемендік құқығын ескере отырып, оны демократияландыруды жақтайтынын жеткізді.
Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қазіргі тоқырау жағдайында әмбебап ұйымның өкілдік аясы анағұрлым кең органы саналатын БҰҰ Бас Ассамблеясының рөлін күшейтуге мүмкіндік бар әрі қажет деп есептейді.
– Бұл ретте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау ісінде асығыстық танытуға болмайды. Біздің ойымызша, бұл маңызды органға әлемнің барлық аймағының елдері, соның ішінде жаһандық Оңтүстік мемлекеттері мүше болуға тиіс. Шын мәнінде, бұл ұстанымды осы жиынға қатысып отырған мемлекеттер басшыларының барлығы құптайтыны қуантады, – деді Президент.
Естеріңізге сала кетейік, 7 қазанда ХАМАС қозғалысы Израильге шабуыл жасап, әскери операция аясында Израиль қоныстарына қарай бес мың зымыран атылғанын, сонымен қатар бірнеше ондаған содырлар Газа секторына іргелес қалаларға енгенін мәлімдеді. Лаңкестік шабуылдың салдарынан мыңдаған бейбіт тұрғын қаза тапты.
Осы оқиғаларға жауап ретінде Израиль "Темір қылыштар" әскери операциясын бастады және елде әскери жағдай жариялады. Израиль премьер-министрі Нетаньяху елді мекендерді шабуылдаушылардан тазартуға және резервшілерді жаппай жұмылдыруға нұсқау берді.
10 қазанда Израильдегі қазақстандық азаматтар елге жеткізілді. Көлік министрі бұдан кейін соғыс ошағына Қазақстаннан ұшақ жіберілмейтінін мәлімдеді.