×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Израиль-Палестинадан кейін алпауыт елдер Орталық Азияға таласады – сарапшы

16.10.2023, 16:05
коллаж Ulysmedia.kz

Әскери әрі халықаралық қатынастар саласындағы сарапшы, Канададағы Consultations on international policy and economy орталығының президенті Фикрет Шабанов Орталық Азия елдерінде саяси бағыт-бағдарын таңдауда уақыт тым аз қалды деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фикрет Шабановтың айтуынша, Таяу Шығыста жағылған білтеден кейін келесі кезек – Орталық Азияға келеді. Батыс елдері саяси бағдарды таңдау жағынан Орталық Азияға нақты қай бағытты таңдау жасауды талап етіп отыр дейді ол. Сарапшы бұған дейін Орталық Азия елдерінің басшылары 5+1 форматында Қытай, АҚШ президенттерімен кездескенін, Еуропамен де ОА-ның 5+1 форматы барын еске салады. 

– Қазірдің өзінде Орталық Азия үшін тағы бір үлкен “соғыс” басталды. АҚШ пен Еуропа бұл аймақтағы елдерден Мәскеу мен Пекиннен өзін қашықта ұстауды талап етеді. Сол себепті, меніңше, Орталық Азия елдеріне Еуропа экономикалық жеңілдіктер, АҚШ әскери және саяси жеңілдіктерді беру арқылы ол елдерден Еуропаға бағыт алуын талап етеді. Алайда экономикалық жақындық және Қытаймен де, Ресеймен де қалыптасқан экономикалық бағдарлар сол таңдауды жасауда үлкен проблема туғызып отыр. Себебі Ресей де, Қытай да Орталық Азия елдерімен шекаралас. Ал Еуропа мен Вашингтон алыс. Сол себепті Орталық Азия елдері үшін таңдау жасау уақыты соңына жетіп келе жатыр деп есептеймін, – дейді сарапшы Расим Бабаевтың ютуб-арнасына берген сұхбатында.

Фикрет Шабановтың сөзінше, бұл ретте Өзбекстанның салмағы басым болады. 

– Мен Мирзиев мырзаны бұл тұрғыда Орталық Азияның жаңа Джордж Вашингтоны деп атаймын. Өкінішке қарай, мен дәл бұлай Қазақстан туралы айта алмаймын. Қырғызстан туралы тіпті де, себебі Қырғызстан өзінің стратегиялық серіктесі ретінде Мәскеумен одақты таңдап алды. Қырғызстан таяуда Мәскеумен бірыңғай әуе шабуылына қарсы жүйені құрды. Демек, біз Еуропа, АҚШ тарапынан автоматты түрде Қырғызстанға қысым күшейетінін аңғарамыз, – дейді ол.

Саясаттанушы бұл текетіресте Қазақстанның стратегиялық таңдау жасауына көп өзгеріс тікелей байланысты екенін атап өтеді.

– Қазақстанның таңдауына өте көп нәрсе байланысты. Себебі бір белдеу – бір жолдың құрлықтағы негізгі бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. Қазақстан экономикасы жағынан Өзбекстаннан қарағанда бай әрі ол мемлекет Орталық Азияның экономикалық өмірінің локомотиві іспеттес. Ресми барлау мәліметтеріне қарағанда, Қазақстандағы минералды және табиғи ресурстардың көлемі 46 трлн долларды құрайды. Осыншама зор байлықты кім назарынан тыс қалдырғысы келеді?! Біз әлем қазір стратегиялық және табиғи ресурстарға таласып жатқанын білуіміз керек. Бүкіл әлемді басқаруға ықпал ете алатын сол стратегиялық ресурстардың бір бөлігі Қазақстанда шоғырланған, – дейді ол.

Фикрет Шабанов Орталық Азия үшін текетіресте Қазақстан “әлсіз звено” болатынын атап өтеді. Өзбекстанның Әзербайжанға тікелей жолы жоқтығын, сондықтан, Әзербайжанмен не Түрікменстан немесе Қазақстан арқылы байланысуға болатынын жеткізеді. Орталық Азияның, Үлкен Орталық Азия жобасының және Үлкен Ауғанстан жобасының келешегі Әзербайжан үшін үлкен мемлекет – Қазақстан мен Түрікменстанға тікелей байланысты екенін айтады. Себебі Түрікменстан президенті Германияға барған сапарында тағы да неміс инвесторларына түрікмен газын Әзербайжан арқылы Еуропаға жеткізуді ұсынған.

– Біз үлкен әрі ұзақ жолдың басында ғана тұрмыз. Әзірге ол мемлекеттер өз бағдарын айқындаған жоқ. Олар саяси бағытын таңдап болмай жатыр, ешкім Орталық Азия мемлекеттеріне ақшамен де, жобаларымен де, саяси-әскери шатыр болып та көмектеспейді. Алпауыт елдердің бәрі де Орталық Азия елдерінің басшыларынан жауап күтіп отыр, – дейді Шабанов.

Серіктес жаңалықтары