×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Соңғы 4,5 жылда үйдегі зорлық-зомбылықтан 869 адам көз жұмған

17.10.2023, 09:54
Соңғы 4,5 жылда үйдегі зорлық-зомбылықтан 869 адам көз жұмған
фото: ашық дереккөзден

Бұл туралы Үкімет отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты. Оның сөзінше, бүгінгі статистика көңіл көншітпейді. Сол аралықта көз жұмғандармен қатар денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 2086 фактісі тіркелген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мемлекет сол себепті отбасыларға жан-жақты көмек көрсету үшін өңірлерде 68 Отбасын қолдау орталығын ашқан. Оның 19-ы уақытша баспанамен қамтамасыз етеді. Бұл тәжірибе 2019 жылдан бері бар.
 
Екіншіден, профилактикалық жұмыстардың негізі – отбасын саналы түрде құруға мүмкіндік жасау. Осыған орай, БҰҰ Халық қорымен бірлесіп Астана мен Шымкент қалаларында пилоттық жоба іске қосылған. Онда неке қиюға өтініш білдірген азаматтарға отбасын жоспарлау, психология, репродуктивті денсаулық, ортақ бюджетті жоспарлау және басқа да маңызды мәселелер бойынша тегін кеңес беріледі.

Айта кетейік, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандары 16 қазаннан бастап 111 бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығына  тәулік бойы хабарласа алады.

Ішкі істер министрлігі заңнамаға түзету енгізіп, отбасылық зорлықшыларды қоғамдық жұмыстарға жегу және үйлерінен қууды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, ІІМ оларға ішімдік ішуге тыйым салғысы келеді және психокоррекциялық тренингтерден міндетті түрде өтуді енгізбек.

Өкінішке қарай, қоғамда отбасылық зорлық-зомбылықтың салдарын түсінбейтіндер де аз емес. Бұдан бұрын депутат Амантай Жарқынбек тұрмыстық жанжал туса, ерімен бірге әйелін де қамауға алу керегін мәлімдеген.

«Мынаны түсінуіміз керек: біздің еліміз, біздің жеріміз өте үлкен аумақты қамтиды. Бізде оңтүстік пен солтүстіктің, шығыс пен батыстың менталитеті бір-біріне ұқсай бермейді. Осы өңірлердің жастары бір-бірімен отбасы құрады. Әртүрлі тілде сөйлеп, әртүрлі ұстанымда болады. Олар отбасы болып қалыптасқанша, ұрыс-керіс те орын алады. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Әр ыдыс-аяқ сынған сайын күйеуін апарып қамап тастайтын болсақ, көпшілігі қайтадан отбасы бола алмай, қосылмай кетеді», - деді ол.

Жуырда Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін жеткілікті күш-жігер қабылданбағаны, ал депутаттарға әйелдерді жазалау туралы ойларын айтуға мүмкіндік берілгені үшін ел билігін сынға алды.