Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, еттің бағасы қымбаттайды, алайда ет жетіспеушілігі көктемге қарай туындамайды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Ет өндіру көлеміне тоқталар болсақ, негізі Қазақстанның ауыл шаруашылығы кешенінде ет өндірілген көлемі жеткілікті. Сиыр етін алар болсақ, 97 пайызға өз-өзімізді қамтып отырмыз. Қой еті бойынша 100 пайыз, жылқы еті бойынша 97 пайызға қамтыған шамамыз бар. Ішкі нарықта етке деген сұраныс толығымен елде өндіріліп жатқан көлеммен жабылады. Шет елдерден әкеліп жатқан еттің көлемі бізде көп емес», - деді Ербол Қарашөкеев ОКҚ алаңында тілшілердің сұрағына берген жауабында.
Министр сонымен қатар еттің бағасына тоқталды.
«Биыл өзіңіз көріп отырғандай, қиын жыл болды. Жем-шөптің бағасы өсіп жатыр. Сол себептен еттің бағасы өсуі ықтимал. Себебі ет өндіріп жатқан шаруа қожалықтары да шығындарын өтеуі керек қой. Сондықтан еттің бағасы өседі деп жоспарлап отырмыз. Бірақ қатты өсуі болмайтын шығар», - деді ол.