×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

"Шекарадан қуып шықты": Құқыққорғаушы Дина Смайылова Грузия президентіне жүгінді

17.10.2023, 15:45
Коллаж: Ulysmedia.kz

"НеМолчи.kz" қорының басшысы Дина Смайылова мен оның жұбайы Алмат Мұхамеджанов қыркүйек айының соңында Грузия шекарасынан өте алмағандықтан, ел президенті Салома Зурабишвилиге бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Дина Смайылова мен Алмат Мұхамеджановтың айтуынша, 27 қыркүйекте Түркияға өз қорғаушыларына шұғыл ұшқан уақытта оларды Грузияға кіргізбей қойған.

"Тбилиси әуежайында бізге ешқандай себепсіз шекарадан өтуге рұқсат етілмеді. Бізді ұшаққа қайта отырғызып, Түркияға жіберді. Бізге ешқандай айып тағылған жоқ, қолымызға ұстатқан қағазда рұқсат етілмеу себебі көрсетілетін бағанға "басқа" деп жазылған", – дейді құқық қорғаушылар.

Грузиядағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесінің қызметкерлері Смайылова мен Мұхамеджановқа шекарада саяси босқындар мәртебесін сұрауға кеңес беріпті.

"Біз Трабзонға ұшып, Сарпи шекарасынан өтуге тырыстық, бірақ ол жерде құқығымыз өрескел бұзылды, босқын мәртебесін сұрау туралы өтінішімізден кейін бізді шекарадан қуып шықты! Олар менің телефонымды алып, сол сәтте түсіріп үлгерген барлық бейнематериалдардың көзін жойды, біз барлық видеоларды қалпына келтіріп, әлеуметтік желілерде жарияладық. Шекарашылар ештеңеге құлақ аспады, тіпті маған шұғыл операция тағайындалғанына, Грузияда екі жылдан астам уақыт дәрігерлердің есебінде тұрғаныма, бір шұғыл операция жасап, екіншісіне дайындалып жүргеніме де назар аудармады, күйеуім екеумізде 100% медициналық сақтандыру бар. Олар біздің ұйымның ресми түрде жұмыс істейтінін, біз жалақы, сақтандыру және салықтарды төлейтінімізді елемеді. Олар елдің саясатын толық қолдайтынымызды, заңға бағынатын азаматтар екенімізді, жақын туыстарымыз бар екенін, адамның жалғыз қызы мен немересін тартып алу адамгершілікке жатпайтынын елемеді!",- деді құқық орғаушылар.

Смайылова мен Мұхамеджанов "Қазақстан билігі Грузия ІІМ-мен жасырын ынтымақтастыққа қол жеткізгеніне" сенімді.

2022 жылдың жазында Қазақстанда Смайыловаға ҚР ҚК 147, 5-бабы ("Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу") және 274, 2-бөлігі ("Көрінеу жалған ақпарат тарату") бойынша қылмыстық істер басталғаны белгілі болды. Құқыққорғаушының айтуынша, көрінеу жалған ақпарат тарату туралы іс 13 рет жабылып, 14 рет қозғалған. Смайыловаға қарсы барлық істерді Алматы ПД қозғайды. Құқыққорғаушы мұны қорқыту әрекеті деп атады, өйткені полицейлер іс қозғау туралы ресми пресс-релиздер жарияламастан оны бірнеше рет жауап алуға шақырды.

Бүгін Үкіметтегі брифинг барысында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі шаралар туралы мәлімдемелер аясында Смайыловаға қарсы қылмыстық істер жөнінде пікір білдірді.

"Мен оны білемін, біз онымен жақсы жұмыс істейміз. Менде біржақтылық жоқ. Жай ғана айтарым, қазір ол біздің шындығымыздан біршама алшақтады. Ол да  ақпаратты жалпы көздерден алады және ол әрқашан шындыққа сәйкес келе бермейді. Менің білуімше, оған қатысты қылмыстық іс қозғалған, сондықтан ол елге оралмай жүр", - деді ол.

Смайылова мен Мұхамеджанов 2021 жылдан бері Грузияда тұрады.

"НеМолчи.kz" қоры 2016 жылы құрылған. Ұйымның негізгі мақсаты – әйелдерге, сондай-ақ зорлық-зомбылықтан зардап шеккен отбасы мүшелеріне психологиялық, медициналық, заңгерлік, ақпараттық көмек көрсету.

Серіктес жаңалықтары