Алматыда «Elge Qaitaru» қоры «Активтерді қайтару: практикалық шешімдерді іздеу, құқықтық аспектілер, халықаралық ынтымақтастық және жаһандық тәжірибе» атты дөңгелек үстел өтті. Жиын қорытындысы бойынша қор басшысы Болат Әбілов Facebook-тегі парақшасында қытысушылардың сөйлеген сөзін жариялады. ulysmedia.kz солардың бір парасына тоқталды.
«Elge Qaitaru» қоры немен айналысады?
2022 жылы, Қаңтар оқиғаларынан кейін, елде олигархиямен “күрес” басталған соң, «Elge Qaitaru» атты қоғамдық қор пайда болды. Оның құрылтайшылары бизнесмен және саясаткер Болат Әбілов пен банкир Оразалы Ержанов. Олардың серіктестерінің ішінде қоғам қайраткері Сергей Дуванов, журналист Асылбек Абдулов және құқық қорғаушы Евгений Жовтис бар. Қордың миссиясы халыққа ұрланған дүниені қайтару. Бұл миссияны орындау мақсатында былтыр Парламент арнайы заң да қабылданды.
Заңсыз активтерді қайтару туралы заң
Тоқаев 2023 жылғы 12 шілдеде «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойды. Заң нормаларына сәйкес қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары (байланыстары, ықпалы) бар адамдармен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады.
Заң жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын (атқарған) субъектілерге, мемлекеттік заңды тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, сондай-ақ аталған тұлғалармен аффилирленген субъектілерге қолданылады.
100 млн доллары бар байлар ғана тексеріледі
Заң ережелерін қолдану үшін көрсетілген критерийлерге қосымша тұлғаларда Заңда белгіленген шекті сомадан – 13 млн. АЕК-тен асатын (44 млрд. 850 млн. теңге немесе шамамен 100 млн. АҚШ доллары) активтері болуға тиіс.
Активтерді қайтару жұмыстарын арнаулы уәкілетті орган (Бас прокуратура ведомствосы) жүзеге асырады. Ол мемлекеттік органдардың ақпараты және заңнамада тыйым салынбаған басқа да көздер негізінде мониторинг пен талдау жүргізеді.
Егер тұлға активтерді иемденудің заңдылығын растай алмаса, онда мұндай активтер шығу тегі түсініксіз активтер деп танылады.
Активті елден шығару немесе оны иеліктен шығару қаупі туындаған кезде, уәкілетті орган алдын алу шараларын қабылдау туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.
Заңсыз иемделінген активтерді қайтару ерікті түрде немесе Республиканың, шет мемлекеттердің сот актілері немесе шет мемлекеттердің құзыретті органдарының шешімдері негізінде мәжбүрлі түрде жүзеге асырылуы мүмкін.
Алайда, дөңгелек үстел барысында қор өкілдері бұл заңның жемісті жұмыс істейтініне күмән келтірді.
Жасырған ақшаны қайтаруға шетел мүдделі ме?..
Болат ӘБІЛОВ:
«30 жылдың ішінде Қазақстаннан оффшор арқылы миллиардтаған доллар қаражат шығарылды, бұл сомаға қаншама мектеп пен аурухана, басқа да әлеуметтік нысандар салуға болатын еді. Елімізде активтерді қайтару тәжірибесі бұрын-соңды болған, енді тек оны пайдалану қажет».
Евгений ЖОВТИС:
«Активтерді қайтарудың екі аспектісі бар, ол – саяси және құқықтық. Біріншісі, ішкі саяси контексте жатыр. Яғни, биліктегі элиталық топтар жемқорлықпен шынайы күресуге және заң қағидаларын толық сақтауға дайын ба? Жемқорлардың барлығы қудалана ма, әлде «таңдаулылардың» ғана соңына түсе ме? Бізден шыққан ақша қазір шетелдің банктерінде сақтаулы. Бұл активтерді сол елдер, мысалы, АҚШ, Еуропа немесе Парсы шығанағы елдері Қазақстанға беруге дайын ба? Былайша айтқанда, олара Қазақстанға нақты көмек көрсетуге мүдделі ме?»
Ермұрат БАПИ:
«Бүгінгі таңда 344 жылжымалы және жылжымайтын мүлік объектісі анықталды, оның ішінде 131 нысан шетелде тіркелген. 448 млрд теңге болатын құнды қағаздар шетел банктерінде. 220 триллион теңге болатын банктік трансакциялар, оның ішінде 1,4 триллион теңгенің күдікті трансакциялары зерттелуде».
Ескі жүйе билікті әлі де уысында ұстап отыр...
Санжар БОҚАЕВ:
«Активтерді қайтару комитеті жұмыс істей бастағалы бері мүлікті сыртқа шығарды деген күдікке ілінген 500 адамның тізімі әзірленді. Осы тізімдерді көпшілікке жариялайық, қазақстандықтардың өздерін жылдар бойы кімнің тонағанын білуге құқығы бар. Бұл тізімде Нұрсұлтан Назарбаев пен басқалары түгел айтылуы керек».
Ермұрат БАПИ:
«28 маусымда заңсыз активтерді қайтару туралы заң шықты, құқықтық негізді бекіту керек болғандықтан мұны тез арада қабылдадық. Тағы да түзетулер болады деп ойладық. Тиісті комитет құрылды, бірақ еш ақпарат жоқ, барлық жұмыс жабық есік жағдайында жүргізіліп жатыр. Ал бұл жерде басты мәселе Назарбаев әулетінде. Билік қудалау процесінен бұрынғы президенті әдейі аластатып жатыр ма деген күдік бар. Ендігі мәселе осы заңға өзгеріс енгізуде. Менің басты ұсынысым –тексерілуге тиістілердің тізімін Парламент бекітсін. Бірақ бұл ұсыныс өтпей қалды. Осыдан кейін ескі жүйенің билікті әлі де уысында ұстап отырғанына менің күмәнім қалмады».
Евгений ЖОВТИС:
«Біріншіден, заңсыз баюға қандай мүліктер не активтер жататынын анықтап алу қажет. Бұл өз кезегінде түрлі қиындық туғызады. Себебі оны анықтайтындар заң үстемдігі мен әділ сот ісін жүргізу қағидаттарын қатаң сақтауы тиіс әрі тәуелсіз болуы керек. Ал қазіргідей жағдайда Қазақстанның сот жүйесіне мен сенбеймін».
Бас прокуратура барлығын жасырады...
Ермұрат БАПИ:
«Активтерді қайтару комитеті өздері айтқандай, олар жабық есік жағдайында жұмыс істейді. Олар кейбір адамдармен келісімге келуге тырысады. Мен Бас Прокурормен, Комитет қызметкерлерімен және комиссия мүшелерімен сөйлестім, олар маған қазіргі кезеңде жабық есік жағдайында жұмыс істеу керектігін түсіндірді. Мен олардан халыққа есеп беруін сұрадым. Көктемге қарай Бас прокуратура мен комитет заңға өзгерістер енгізу туралы бастама көтереді деп ойлаймын. Олар қазір құқықтық мәселелер бойынша қиындыққа кезікті.
Евгений ЖОВТИС:
«Заңсыз тәркіленген активтердің қайда жасырылғанын қалай анықтаймыз және басқа мемлекеттермен келіссөздер жасағанда оның заңсыз немесе заңды актив екенін қалай ажыратып көрсетеміз. Сондай-ақ қашып жүргендерді қамауға алу, елге қайтару бойынша заңды іс-әрекеттер алгоритмі әлі ойластырылмаған. Тіпті қаражатты қайтарған күннің өзінде оны қайндай мақсаттарға жұмсамақпыз деген мәселелер бар. Ол ақша тағы жемқорлар жемтігінде кетпесіне кім кепіл? Немесе одан да сорақысы, оларды тағы да заңсыз баю үшін пайдалануы мүмкін ғой.
Қайтарылған қаржыны зейнетақы қорына беру керек...
Қанат НҰРОВ:
«Қаржылық алаяқтық туралы айтуымыз керек, егер ол дәлелденсе, оны елге қайтару осы ісіміздің нәтижесі болар еді. Қандай активтердің заңды, қайсысы заңсыз екенін анықтау маңызды. Заң үстемдігі, әділ үкім мемлекетіміздің дамуы үшін аса қажет әрі барлығынан маңызды».
Санжар БОҚАЕВ:
«Бұл заңсыз тәркіленген активтер екенін біз жоғарыда айттық. Ендеше, заңсыз алынған активтерге қатысты мәселені заңға сәйкес шешу қаншалық дұрыс? Комиссия әзірлеп жатқан тізімді жариялайық. Қазақстандықтар отыз жыл бойы өздерін кім тонағанын білуге құқылы. Бұл тізімге Нұрсұлтан Назарбаев және оның айналасындағы Жақсыбековтер, Маминдер, Байбектер кірсін... Ол кемінде 500 адамнан тұрады. Билік осылай жасаса ғана халық алдында таза болады. Шетелдік виллалар, яхталар мен сарайларға жұмсалған қаражатты мен елде зауыт, фабрикалар салуға, жұмыс орындарын ашуға жұмсағанды қалар едім. Шетелден қайтарылған қаражатты зейнетақы қорына аударуға болады немесе арнайы қор құрып, қоғам бақылауына беруге болады. Егер шынайы ниет болса, саяси ерік-жігер болса, бәрін жасауға болады».
Евгений ЖОВТИС:
«Мен әрбір центтің қайдан келгені жөнінде есеп бере аламын. Тек менен бірінші миллионымды қалай тапқаным жайлы сұрамаңдар» деген екен әйгілі миллиардерлер Рокфеллер мен Форд. Бұл арқылы не айтқым келді. Біле білсек, олигархтардың алғашқы табысы қашанда заңсыз іс-әрекеттерден құралады деген көнеден келе жатқан тәмсіл бар. Біздегі байлардың алғашқы миллиондары мемлекет мүлкін жекешелендіруден басталғанын айтпай кете алмаймын. 90-шы жылдардағы жекешелендіру заңсыз өтті, дәл осы процестер олардың баюына себеп болды. Біз капиталды күшпен қайтаруға мүмкіндігіміз бар. Қазақстанның ішінде. Бірақ олардың ақшасы жасырылған жер шет елдер болғандықтан, ол жерде күш, қоқан-лоққы жүрмейді. Ол жерде заң принциптері деген бар. Әрекетіміз заңды болу үшін оларға осы тексерулердің біздің елде заңды екенін дәлелдеуіміз керек. Ал ол – үлкен сұрақ».
Халық биліктің бәрін ұры санайды...
Гүлмира ИЛЕУОВА:
«Әлеуметтанушы ретінде анық айта аламын: халық биліктің бәрін ұры және жемқор деп санайды. Өйткені Үкіметке сенбейді. Ал, жақсы, ақшаны шетелден қайтардық делік. Мұндай оқиғалар қайталанбауы үшін заң жұмыс істей ме? Халыққа осы жағын түсіндіріп айтуымыз керек».
Болат ӘБІЛОВ:
«Қор жұмыс істеген кезден бері біз көп хат жаздық, бірақ келген жауаптар мардымсыз. Күштік құрылымдар мен прокуратура қордың ресми хатын елеусіз қалдыруға тырысады. Біздің сауалдарымыз «Назарбаев әулеті» Еуразиялық топ, «Қазақмыс» компаниясына қатысты. Өйткені біз тек ірілерін ғана қарастырып отырмыз. Біз мемлекеттік органдардан алған барлық ақпаратты жариялауға дайынбыз. Меніңше, бұл процесс Қазақстанның ұрланған мүлкін қайтару ғана емес, сонымен бірге қоғамдық-әлеуметтік және тарихи әділеттілікке деген сұранысты орындау болып саналады. Біздің «Elge Qaitaru» қоғамдық қоры бұл процестерде қалыс қалмай, халыққа пайдалы жұмыс істеуге әрқашан дайын.