×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Талғардағы кісі өлімінен кейін қалайша Әленовтің қызметі өсті

16.10.2024, 09:50
Талғардағы кісі өлімінен кейін қалайша Әленовтің қызметі өсті
Коллаж Ulysmedia

Қазір Талғардағы жағдайды сипаттау қиын, өйткені аттап бассаң – полиция, ұлттық ұлан, журналистер.

Былайша айтқанда, дүние бір күнде төңкеріліп түскендей. “Қамажай” дүкені алдында болған оқиғадан кейін қарапайым азаматтар бір өзгеріс болатын шығар деп сеніп отыр, біреулері анонимді түрде, енді бірі ашық түрде видео түсіріп, қаладағы криминалды жағдай, жастардың оспадарсыз қылығы, соңғы жылдары қалада жүріп-тұрудың қауіпті болып кеткені жайлы ашық айтуда. Біреулері мұны өткен ғасырдың 90-жылдарындағы рэкеттік әрекеттермен салыстыруда, соңғы он шақты күннің ішінде қаншама фамилияны естідік, қаншама айыптаулар айтылып жатыр.

Қарапайым азаматтардың эмоциясын түсінуге болады, өйткені олардың көз алдында 16 жастағы жасөспірімді ата-анасының көз алдында пышақтап кетті. 

Билік болған оқиғаға қатысты пікір білдіруге асыққан жоқ. Марқұм Шерзаттың әкесіне белгісіз біреулер қоңырау соғып, “балаңның жанынан көріңді қаза бер” деп қоқан-лоққы жасалып, кейін қара шаңырағын өртеп жібергеннен кейін бұл жанжал тіпті өршіп кетті.

Ал екінші төтенше жағдай ҚР Ішкі істер министрінің Шерзаттың өліміне қатысты істі тергеуді өз қолына алатындығын мәлімдегенінен кейін басталды. Шерзаттың үйін неге өртеді деп ойланған халық ақыр аяғында өз сұрағына өзі жауап тапты: қылмыскерлер Талғарда кімнің қожайын екенін көрсеткісі келген екен.

Ішкі істер министрлігі бізге әзірге белгісіз бір сценариймен әрекет етіп жатқандай. Қылмыс болғаннан кейінгі оныншы күні Ютубта монтаждалған видео жарияланды. Онда қанды оқиға болған сәт бейнеленген, ал басқа бір аккаунт жариялаған видеода хуторлық банданың басшысы деп аталып жүрген адамның сұқбаты көрсетілді.  

- Соңғы уақытта Талғар ауданын бақылауға алған “хуторлық” банда туралы сыбыс бар. Сізді соның көшбасшысы дейді. Бұл рас па, - деп сұрайды журналист.

Бұл жай сыбыс қой, тіпті мұны жала жабу деп айтар едім. Бұл әлеуметтік желі қолданушыларының таққан айыбы, - дейді жауап беріп отырған Хасан Қасымбаев.

Үшінші хикая - бұл ІІМ өткізген баспасөз мәслихаты. Оның өтетіні туралы хабарлама іс-шара басталардан бір сағат бұрын жарияланған еді.

Қазіргі уақытта түрлі қауесет тарап жатыр. Бұл құзырлы органның жұмыс істеуіне, тергеушілердің тергеу амалдарын жүргізуіне кедергі келтіруде. Себебі қоғамдық қысым жасалып жатыр. Кейбір шаралар тергеу мүддесіне орай құпия болуы тиіс. Алайда біз жалған ақпараттың әрі қарай таралмауы үшін брифинг өткізуді жөн көрдік, – дейді ІІМ-нің бірінші орынбасары Әленов.

Алайда ішкі істер министрлігіндегі басшылық қызметтегі азаматтар айтқан жайттар әлеуметтік желі, БАҚ, тіпті жергілікті тұрғындар айтып жатқан шындықтан ауылы алыс секілді көрінеді.

Аленовтың сөзінше, құқық қорғау органдары дұрыс әрекет еткен. Қылмыс болған орынға 8 минутта жетіп, күдіктілерді бірден қолға түсірген. Басында жеті адамды, кейін тағы үш адамды ұстаған. Зардап шеккен отбасын қорғауға алған.

Кісі өліміне қатысты істі тергеуден бөлек, Ішкі қауіпсіздік қызметі видеоны әлеуметтік желіге кімнің жүктегенін анықтаумен де айналысады. Сондай-ақ шартты түрде жазасын өтеп жатқан адамның түн ішінде сыра сатып алуға шыққан оқиғасына қатысты оны бақылауы тиіс учаскелік инспектордың мәселесі де қаралады.

Яғни, «хуторлық» банда деген сөз жергілікті тұрғындар мен журналистердің ойлап тапқаны, ауданда ұйымдасқан қылмыстық топ жоқ, Хасанды жауапқа тартуға негіз жоқ, көшедегі тәртіпті Ұлттық ұлан сарбаздары қадағалап тұр.

Ал Бауыржан Әленов неге екені белгісіз, марқұм жігіттің әкесі қолында ұстап тұрған затқа қатысты сараптама жүргізіліп жатқанын айтты. Оның айтуынша, ол пышақ сияқты.

Брифингте айтылған мәлімдемеге қарап, бұл қылмыстық оқиғада марқұм Шерзат клиенттерге шабуыл жасаған, ал олар қорқып, қару асынған таныстарын шақырған болып шығады.

Үй де өзінен-өзі өртенбеген. Біреудің қасақана өртегені туралы дәлелдер бар. Оны кімнің істегенін анықтау ғана қалып тұр.

Осыдан екі жыл бұрын сайланған Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков пен оның орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін жөнді орындамағаны үшін қызметінен босатылды. Олардың қай жерде өрескел қателіктер жібергені және жұмыстан қуылуына қанды оқиғаның қалай әсер еткені, әрине, бізге түсіндірілмеді. Хасанның ағасы Аслан Қасымбаев та әкімдік аппаратының басшысы қызметінен босатылды.

Бұл спектакльдегі ең қызықты рөл Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленовтің рөлі секілді. Қаңтар оқиғасынан кейін Алматы облысы Полиция департаментіне Күдебаевтың орнына барған ол екі жылда тәртіп орнатыпты. Оның жарқын мысалы - кешегі қанды оқиға. Алматы ПД-нен кейін оның қызметі жоғарылап, Астанаға кетті. Айтпақшы, оның елордаға қызмет ауыстыруы, яғни өсуі туралы бұйрыққа қол Шерзаттың өлімінен кейін қойылған болып шықты. Ішкі істер министрлігі бұл бұйрық қоғамда осыншама резонанс тудырады деп күтпеген сияқты.

Брифингте Министрдің орынбасары өзін сенімді ұстады. Өзі жауапты болған орында кісі өлімінің орын алуы оның ар-ожданын оятпаған секілді. Яғни, ол отставкаға кету туралы өтініш бермейді.

Ulysmedia.kz журналистері Қаржаубай Нұрымовпен күн сайын сөйлесіп отыр. Оның талабы - әділ сот өткізу. Қаржаубай – тарихи отанына оралған қандас. Ол осында ұлын жерледі, енді ешкімге сенбейді және әділ сот өтпесе, шетелге отбасын көшіріп әкеткісі келеді.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. 

Қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді.

12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.

Сондай-ақ, брифинг барысында Хасанның бұл қылмысқа қатысы бар-жоғы туралы айтылды. ІІМ елде “Хутор” атымен белгілі ҰҚТ жоқ екенін айтты.