×
499.22
519.14
5.64
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
499.22
519.14
5.64

Кері санақ басталды: Премьер Бектенов олигархтарға салық төлеу үшін екі апта уақыт берді

Бүгін, 08:00
Кері санақ басталды: Премьер Бектенов олигархтарға салық төлеу үшін екі апта уақыт берді
Ulysmedia коллажы

Ulysmedia.kz редакциясы еліміздің қазіргі экономикалық жағдайына көңілі толатындардың және түрлі дағдарыстарға қарамастан Forbes тізімінде жоғарылап келе жатқан алпауыттардың ашуын тудыратынын біле тұра, әділетті салық жүйесі мәселесін көтерді. Біз «әділетті» салық деген ұғымның мән-маңызын ашып көрсетуге тырыстық, сарапшылармен бірге ҚҚС-ты кімдер төлеуі тиіс екенін талдадық, сондай-ақ салық реформасы шағын және орта бизнесті күйретуі мүмкін бе, әлде жоқ па деген сұраққа жауап іздедік. Бірақ неліктен мемлекеттік қазына таусылып барады деген басты сұрағымызға ешкім нақты жауап бере алмады.

Қоғам осылай әрі-сәрі күй кешіп тұрған шақта әдетте сөзге сараң премьер-министр Олжас Бектенов күтпеген жерден дипломатиялық әдептілікті ысырып қойып, олигархтарға салық мәселесі бойынша үндеу жасады.

ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ НЕНІ АНЫҚТАДЫ

Бұған дейін ҚҚС-қа қатысты пікірталастарға аса араласа қоймаған қаржы министрі Мәди Тәкиев жұмыс кеңесінде өз ведомствосының жүргізген талдау нәтижелерін жариялады. Ол шағын бизнесті қолдау және дамыту мақсатында енгізілген арнайы салық режимдерін (АСР) кейбір пысықайлар салықтық міндеттемелерді оңтайландырудың заңды құралына айналдырып алғанын айтты.

Мәди Тәкиевтің деректеріне сәйкес, Қазақстанда тіркелген 2,3 миллион салық төлеушінің тек 8%-ы немесе 137 мың кәсіпкер ғана ҚҚС төлейді. Ал 81%-ы АСР-мен (жеңілдетілген декларация) жұмыс істейді, әрі олардың басым бөлігі жылдық табыстарын 15 миллион теңгеден аспайды деп көрсетеді.

Еліміздегі жалпы айналым көлемі – 16 трлн теңге. Оның 10 трлн теңгесі арнайы салық режимдерінде жүрген кәсіпкерлер мен жалпыға ортақ салық режиміндегі кәсіпкерлер арасындағы өзара есеп айырысуларға тиесілі. Яғни жүздеген миллиард теңге табыс тауып отырған кәсіпкерлер мардымсыз көлемде ғана салық төлейді, – деп түсіндірді Тәкиев.

Ол сонымен қатар ірі кәсіпкерлердің салық төлеуден жалтару үшін табысты бірнеше бөлікке бөліп көрсету тәжірибесін қалай қолданатынын да айтты.

САЛЫҚТЫҚ СХЕМАЛАР

Белгілі болғандай, салықты оңтайландыру және пайданы жасыру мақсатында компаниялар «құжат жүзіндегі» шығындарын көбейтеді. Бұл қалай жүзеге асады? Бір компания тауарды сатып алып, оны өзіндік құны бойынша жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істейтін басқа заңды тұлғаға қайта сатады. Нәтижесінде бірінші компания қағаз жүзінде шығынға ұшыраған болып көрінеді, ал екіншісі жеңілдетілген салықтық режимді пайдаланып, ҚҚС төлеуден құтылады.

Сонымен қатар бизнесті бірнеше заңды тұлғаға бөлшектеу әдісі жиі қолданылады. Мысалы, бір мекемеде асхана, бар және караоке бөлек компаниялар ретінде тіркеледі немесе қонақүйдің әр қабаты түрлі жеке кәсіпкерлердің меншігіне рәсімделеді. Егер олардың біреуінің табысы 78 миллион теңге шегіне жетсе, ол қызметін тоқтатады, ал орнына жаңа заңды тұлға келеді. Осылайша ҚҚС төлеуден жалтаруға болады.

Еңбекақы қорына түсетін салықтық жүктемені азайту үшін кейбір кәсіпорындар қызметкерлерін штаттан шығарып, оларды жеке кәсіпкер ретінде тіркейді. Бұрынғы қызметкерлер енді жұмысшылар емес, кәсіпкерлер ретінде қызмет көрсетеді. Осылайша, жалақы қорынан төленетін салықтар азаяды, жұмыс беруші әлеуметтік жауапкершіліктен босайды, ал оны жеке кәсіпкер өз мойнына алады, – деп бухгалтерлік құпияларды ашты Мәди Тәкиев.

ЕШКІМНІҢ КӨҢІЛІНЕ ҚАРАМАЙМЫЗ

Бектеновтің бұл мәселеге реакциясы көпшілікті таң қалдырды. Ол кәсіпкерлердің түрлі салықтық схемаларды пайдаланып, мемлекетке әділетсіз қарым-қатынас жасайтынын айтумен ғана шектелмей, нақты компаниялардың атауын да жария етті.

Бізде осындай салықтан жалтарған ірі компаниялардың толық тізімі бар. Оның ішінде BI Group, BAZIS сияқты ірі құрылыс компаниялары, танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін кәсіпорындар бар, – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр салықтық міндеттемелерден жалтару схемаларын қолданатын олигархтар мен ірі компания басшыларына қосымша салық сомалары көрсетілген хабарламалар жіберілетінін ескертті. Оларға салық төлеу үшін екі апта уақыт берді.

Егер бұл талап орындалмаса, мемлекет өз құзырындағы барлық мүмкіндікті, соның ішінде фискалдық және құқық қорғау тетіктерін пайдалануға құқылы. Ешкімнің көңіліне қарамаймыз. Егер бизнес мемлекетпен әділетті қатынас жасауға әзір болса, біз диалогқа дайынбыз, – деп кесімді мәлімдеме жасады Бектенов.

Екі аптадан кейін Мәди Тәкиевтің жаңа есебін күтеміз. Осы уақыт ішінде миллиардерлер бюджетке қажетті қаражатты құя ала ма, әлде парламентке жаңа салық кодексін жедел қарауға тура келе ме? Бұл сұрақтың жауабы алдағы уақытта белгілі болады.