«В определённый период истории они были неконкурентоспособны. Потому что мужчинам - представителям казахской интеллигенции, образованным, увлечённым высокими целями - не нужны были рядом просто домработницы и кухарки. Они искали женщин, способных быть не только жёнами, но и единомышленницами, с которыми можно было не только интересно побеседовать, но и получить ценный, мудрый совет… Как говорится, любовь предпочитает равных».
Бұл сіздің «зерттеуіңіздегі» өз аузыңыздан шыққан сөздер. Монтаж жоқ.
Біріншіден, 4-5 адамның атын атап, «барлық алаштықтар надан қазақ қызын сүйе алмады» деген қорытынды шығару - зерттеуші маманның біліктілігіне күмән тудырады. Ол замандағы саясат пен алаштықтардың ахуалын үстіртін ғана білетін адам да арыстардың орыс қыздарына не үшін үйленгенін түсінсе керек.
«Ұлтшыл» деген айыптың астында қыл көпірден өтіп жүргенде, олардың «қызыл билеттері» - өзге ұлттан алған әйелдері болған. Бұл тайға таңба басқандай анық және бірінші себеп деп ойлаймын. Бірақ сіз бұл себепті тіпті қарастырмапсыз да. Алаштықтар орыс қызына қандай себеппен үйленсе де, «просто домработницы и кухарки» қазақ қыздарының қараңғылығы оныншы, он бесінші себеп болды.
Екіншіден, соңғы жылдары «қазақ қыздарының көзін ашқан, бағын ашқан орыс» деген жаңсақ қалыптасқан пікірді жоққа шығаратын айғақтар шығып, сіздің әріптестеріңіз олар туралы тың ақпараттарды әлемге паш етіп жатыр. Қазақ қызы ешқашан салпыетек болмаған. Иә, сіздің және қазіргі түсініктегі жоғары білімі, дипломы бар маман атанбады. Бірақ білімі мен даналығы ешкімнен кем болмаған. Зеректігі, алғырлығы, ізденімпаздығы, өр мінезі - бәрі қазақ қызының, әйелінің бойында болды. Қолында университеттің бір парақ қағазы болмаған соң ғана надан, Пушкинді біліп, Тургеневті танымады деп қараңғы болды деу - міне, надандық. «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген ұлт ұрпағының, әлемнің болашағы надан әйелдің қолына тапсырып қоя ма?
Үшіншіден, көпжылдық тәжірибесі бар зерттеуші маман, ағартушы ретінде, әр сөздің салмағы бар екенін түсінетін адам ретінде үлкен олқылық кеткенін мойындау керек. Қазақ халқы аса қадірлейтін Алаш Орда азаматтары туралы, олардың тағдыры мен талғамдары туралы айтқанда, жариялағанда әр сөздің орны мен салдары бағамдалуы керек деп ойлаймын. Ал қалай қолдануды білмесеңіз - үндемеген абзал.
Төртіншіден, алаштықтардың барлық жетістіктері, жеңістері, арман-мақсат, жоспарлары, ойлары, көзқарастары зерттеліп болды ма? Олардың ел болашағы, тіл болашағы, діл болашағы үшін атқарған еңбектерін толық зерттеп, саралап, талқылап, қолданып, іске асырып болдық па? Неге біз бәрін ысырып қойып бірден олардың әйелдеріне көшіп кеттік? Әлде олардың басты мотивациясы «ценный совет, мудрый совет» беретін орыс әйелдері болды дегіңіз келді ме? Алаштықтардың айналасында ашылмаған, қарастырылмаған қаншама қызық тақырып бар. Бірақ сіз өзіңізге түсініктісіне ғана барған сияқтысыз.
Бесіншіден, иә, қазір әркімнің пікірі бар, ол пікірді айтуға рұқсат заман. Алайда, 5-10 оқырманыңыз бар адам болсаңыз, мүмкін, пікіріңізді ешкім елемес те еді, ешкім ренжімес те еді. Алайда ондаған жыл бойы қазақ тарихына қатысты деректі фильмдер жасап, сол саланың танымал маманы болған соң сіздің әр сөзіңіздің, әр тұжырымыңыздың салмағы алпыс алты батпан. Сізді пікір иесі деп құрметтейтін мыңдаған фоллоуер, көрермен бар. Сондықтан «ит үреді, керуен көшеді» деп орнымен өкпелеген жұртты итке теңемей, саналы, сауатты жауап дайындаған дұрыс-ақ.
Алтыншыдан, егер бәрі сіз айтқандай «монтаж, арандату, тапсырыс» болса, неге сіздің арнаңызда фильмнің түпнұсқасы жоқ? Әлде өз көзімізбен бір көріп, өз бағамызды беруге қазақ қыздарының білімі тағы жетпей қалады деп қорқасыз ба? Нағыз арандату, манипуляция осы емес пе?
P.S. Сіздің «жүрегіңіз жиірек соққанда» көпшіліктің атынан сөйлеп кететініңізге куә болдық. Билік төрінде отырғандарға жағына бермей, сөзіңізге сенетін, еңбегіңізді бағалайтын халықтың пікіріне де құлақ түріңіз. «Жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ жоқ» деп кешірім сұрағаныңыз артықтық етпейді.