×
510.43
594.86
6.49
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.43
594.86
6.49

Сәденов неден қорқады немесе аналар зарын тыңдайтын «естуші мемлекет» қайда?

Бүгін, 17:13
Сәденов неден қорқады немесе аналар зарын тыңдайтын «естуші мемлекет» қайда?
Ulysmedia.kz коллажы

Бүгін сағат 12:10-да Ulysmedia.kz тілшісі Нұрбол Құраловтың телефоны кенет өшті. Ол тек бір сағаттан кейін ғана байланысқа шықты. Осы уақыт бойы редакция оны іздеумен болды. Таңертең ол редакциялық тапсырмамен Министрліктер үйіне барып, баласынан айырылған әйелдердің Президент әкімшілігіне ұжымдық өтініш тапсыру сәтін түсіруге кеткен еді.

Журналистің ол жерде болуы полицияға ұнамаған. Оны себепсіз ұстап, телефонын тартып алып, ішіндегі барлық материалды өшіріп, оқиға орнынан алып кеткен.

Министрліктер үйінің алдында қаза тапқан балаларының портреттерін ұстап шыққан әйелдер жиналды. Олардың қатарында Алматыда өз үйінің ауласынан асулы күйде табылған мектеп оқушысы Адель Ақанованың анасы Айнагүл Бейісова да бар. Ол қызын әлдекімдер өлтіріп кеткеніне сенімді.

Жиынға сондай-ақ Ақнәр Гүлстанның анасы да келді. Қыздың мәйіті тұрғын үй кешенінің терезесінің астынан табылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол жетінші қабаттан құлаған. Алайда анасы бұл болжамға сенбейді.

Барлық ананың талабы бір – іс әділ тергеліп, кінәлілер жауапқа тартылса дейді.

Нұрбол бұл акцияға қатысқан жоқ. Ол тек өз жұмысын, яғни журналистің әдеттегі қызметін атқарды: болған жайтты тіркеді, адамдармен сөйлесті, Ulysmedia.kz үшін материал дайындады.

Жиынға келген әйелдер саяси белсенділер де, арандатушылар да емес. Олар балаларын еске алып, билік өкілдері ақыры оларды естіп, нақты жауап береді деген үмітпен шықты.

Ұсталған олар емес, журналист болды. Азаматтармен сөйлесіп, диалог орнатудың орнына мемлекет камера қосып, сұрақ қоятындарға қысым көрсететін қауіпті белгідей көрінді.

Журналист қоғамдық маңызы бар оқиғаны жария еткенде ешқандай құқық бұзушылыққа бармайды. Ол өзінің кәсіби міндетін орындайды, билік көбіне айтқысы келмейтін шындықты қоғамға жеткізуге тырысады.

Нұрболдың айтуынша, полиция, алдымен, әйелдерді қызметтік көлікке отырғызған.

–  Маған белгісіз бір адам келіп, өзін таныстырмай, қызметтік куәлігін көрсетпей, қолымдағы телефонды жұлып алды. Қайтаруымды сұрағанда, видеожазбаларды өшіруді талап етті. Мен бас тартқан соң, мені де көлікке отырғызып, Есіл аудандық полиция бөліміне алып барды. Сол жерде түсініктеме жаздырды, не үшін келгенімді, мені кім жібергенін, ақша төленді ме деген сұрақтар қойды. Бір сағаттан кейін босатты, телефонды қайтарды, бірақ ішіндегі барлық материал өшірілген, –  деді журналист.

Ulysmedia.kz құқық қорғау органдарынан ресми түсініктеме күтеді.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұл жағдайды назарға алып, полиция қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға береді деп үміттенеміз.

Серіктес жаңалықтары