×
503.35
590.63
6.62
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
503.35
590.63
6.62

Қарағандыдағы шенеунік-чемпиондардың соққысы мемлекет беделіне нұқсан келтірді

Бүгін, 10:42
Қарағандыдағы шенеунік-чемпиондардың соққысы мемлекет беделіне нұқсан келтірді
Ulysmedia.kz коллажы

Ай, осы біз оңбаймыз-ау, оңбаймыз. Бұлай демеске, көре тұра амал жоқ. Біреуге нан қайғы, біреуге ән қайғы болып тұр. Дүйім ел салық кодексі, инфляция деп шырылдап жатқанда, енді біреулер соқталдай екі жігіттің шекісіп қалғанын сөз етуден әрі аспайды. Сонда елдік мәселк екінші қатарға ысырылып қалғаны ма? Қарағандыдағы шенеуніктер арасындағы төбелес туралы бүгінде тек ерінген адам ғана жақ ашпаған шығар. Екі бірдей «еңбегі сіңген, қайта-қайта чемпион атанған» спортшы, бүгінде шенеунікке айналған азаматтардың балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ғимаратындағы кабинетте нені бөлісе алмағаны нақты белгісіз, ал әлеуметтік желілерде сан түрлі нұсқа тарап кетті.

Жұдырықпен өлшенетін қызмет

Алайда қоғамды толғандырған басты сұрақ олардың қайсысы дұрыс, яғни, кім «жақсы», кім «жаман»? Қазір бұл оқиғаны полиция тексеріп жатыр. Барлық талапқа сай тергеу жүргізілуде: төбелес болғаны расталды, ал әрі қарай тергеу мүддесіне байланысты ешқандай егжей-тегжей айтылмайды.

Дегенмен егер шенеунік-чемпиондардың жанынан «жанкүйерлері» табылып, қақтығыс видеосын интернетке жүктемегенде, Қарағанды облыстық спорт басқармасында не болып жатқанын жұрт мүлде білмей қалар еді.

Желіде лезде тараған бейнежазбада интеллект деңгейі де, тәрбие де, мәдениет те сын көтермейтіні анық байқалады. Ал ішкі тәртіп, эмоцияны ұстай білу, өз мәртебесін сезіну, қоғам алдындағы жауапкершілік сияқты ұғымдар бұл «кейіпкерлерге» мүлде таныс емес секілді.

Олар мемлекеттік қызметті рингпен шатастырып алған сияқты. Бірақ ол жерде де этикалық ережелер бар емес пе? Ал егер бұл қалыпты жағдай болса ше?

- Байлар төбелессе, кедейдің төбесі жарылар» деген сөз еріксіз еске түседі. Егер осындай «жұдырық жұмсаумен» есеп айырысу үйреншікті әрекет болса, онда қарамағындағы қызметкерлердің күні не болмақ? Спортшылар арасында қақтығыс сирек құбылыс емес. Кәсіби спорт қатал, импульсив мінез қалыптастырады: адам үнемі күреспен өмір сүреді де, кейде оның шекарасынан тыс жерде бағыт-бағдарын жоғалтып алады, — деп түсіндірді маған аты-жөнін жарияламауды сұраған қазақстандық спортшылардың бірі.

– Бұрынғы спортшылар арасындағы жанжал әрдайым болған. Бұрын ол жабық есік артында қалатын, ал қазір бәрін камера түсіреді. Бірақ бір маңызды мәселе бар: мұндай адамдарды азаматтық басқару қызметіне тағайындауға болмайды. Олар жаттықтырушы бола алады, спорт мектептерін басқара алады, спорт жүйесінің ішінде жұмыс істей алады. Ал мемлекеттік қызмет мүлде басқа қасиеттерді талап етеді — өзін-өзі бақылау, саяси мәдениет, жауапкершілік. Мұнда спорттық атақтар құтқармайды.

Ендеше қорытындыны өздеріңіз шығарыңыздар, мырзалар.

Чемпион-шенеуніктер

Екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиев 2012 жылғы Олимпиададағы жеңістен кейін спорттық емес, негізінен шенеунік жолын таңдады. Тіпті Мәжіліс депутаты да болды. Қазір ол Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарады.

Ал Дәурен Есімханов — самбо және жауынгерлік самбодан Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері, джиу-джитсудан әлем чемпионы, Дүниежүзілік ойындардың күміс жүлдегері. Мемлекеттік қызметте де ұзақ жылдан бері еңбек етіп келеді: Теміртау қаласының спорт бөлімін басқарған, кейін Қарағанды облыстық спорт басқармасы басшысының орынбасары болған.

Қызметке қабылданған кезде олар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңмен және Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексімен танысуы тиіс еді. Яғни мемлекеттік қызметте төбелесуге болмайтыны олар үшін жаңалық болмауы керек.

Қызметтік тәртіпті сақтау, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеу — әр шенеуніктің міндеті. Ал төбелес — ең ауыр, ең масқара әрекеттердің бірі.

Сондықтан сот үкімі шықпаса да, Қарағандыдағы спорт саласының бұл шенеуніктері қоғам сенімінен айырылды, мансаптық өсу мүмкіндігін жоғалтты және енді мемлекеттік қызметте қалу құқығынан да айырылуы мүмкін.

«Екеуі де кінәлі», «эмоцияға берілді», «олар чемпиондар ғой» деген уәждер бұл жағдайда жүрмеуі тиіс. Себебі соққы жеке адамдарға емес, мемлекеттің беделіне тиді.

Сондықтан екеуін де қызметтен босату қажет. Мұны Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев түсінеді деп үміттенемін.

Серіктес жаңалықтары