×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Дінтанушы қазақты ортағасырлық араби-парсылық діни санадан арылту жолын айтты

28.09.2023, 12:16
Дінтанушы қазақты ортағасырлық араби-парсылық діни санадан арылту жолын айтты
фото: ашық дереккөзден

Дінтанушы Тұрарбек Құсайынұлы діни сегрегацияға ұшыраған қазақ қоғамының басын қалай біріктіруге болады деген сұрақ төңірегінде пікірін ортаға салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оның сөзінше, елімізде болашақта салынатын АЭС құрылысы мен одан төнетін экологиялық проблема, әлеуметтік инфраструктуралардың нашар дамуы, әлеуметтік теңсіздік, жұмыссыздық, мемлекеттік және бюджеттік құрылымдарды жайлаған коррупция, тамыр-таныстық пен жең ұшынан жалғасқан сыбайластық непотизм, қазақ тілінің мүшкіл хәлі - жағдайды одан әрі ушықтырып, халық ішінде пессимистік көңіл күй тудырып тұр.

“Болашағы бұлыңғыр, пессимизмнің тұңғиығына қарай кетіп бара жатқан адам жандалбасамен әрқашан өзіне рухани тірек іздейтіні де заңдылық. Сондықтан жастар радикал діни секталарға кіріп, әртүрлі ислами идеологиялардың жетегінде кетіп, санасы уланып жатыр. Әсіресе, Ресейдің Украинаға қарсы ашық агрессиясынан кейін импершіл орыс әлемін аңсаушы сепаратистердің арандату іс-әрекеттері күшейіп кетті. Сол үшін елімізде діни экстремизм, ресейшіл сепаратизм, қытайдың экономикалық экспансия қаупі күшейіп тұрғаны жасырын емес. Осындай саяси ахуал қиындаған сәтте адам ресурының қайнар көзі – сапалы адамның қалыптасуына эзотерика һәм мистикаға иек артқан шиғалық-сопылық ағымдар мен деструктивті сәләфиттер бұл өмірдің мәні және мазмұнын тәрк етіп, бүкіл жақсылық пен нығметті о дүниеден іздеуге шақырады”, – деп жазды дінтанушы.

Тұрарбек Құсайынұлы экономикада немесе әлеуметтік салада болсын, халықтың тұрмысын жақсарту үшін бірінші кезекте адам ресурсының сапасын күшейту керегін атап өтті. Оның пікірінше, ол үшін адам санасын шырмап алған, түк пайдасы жоқ, қайта зиян келтіріп жатқан діни идеологиялардан арылту қажет. Сонда ғана жас ұрпақ білімге, ғылымға ден қояды. 

“Әлемдік нарықта бәсекелесе алатын, азаматтары бай-бақуатты өмір сүретін Жаңа Қазақстан құру үшін адамды, яғни біздің жағдайымызда қазақты ортағасырлық араби-парсылық діни санадан арылтып, оны әрқашан ақылына жүгінетін, рационал ойлайтын, дербес әрекет ете алатын зайырлы индивид деңгейіне көтеру керек”, – дейді ол.

Дінтанушы өміріміздегі проблемаларды шешудің бір ғана жолы – зайырлы мемлекеттің зайырлы идеясын берік ұстану.

“Соған байланысты менің субъективті пікірім: біріншіден, түркі өркениетіне тән және біздің ата-бабаларымыз ұстанған Тәңір дүниетанымының онтологиясы мен философиясын жан-жақты терең зерттесек. Себебі, өкінішке қарай, орыс-қытай тарихшылары мен идеологтары тәңіршілдікті шаманизмге негізделген қарабайыр қоғамның эклектикалық нанымы ретінде түсіндіреді. Тәңір сенімі деген не? Тәңір дүниетанымы дегеніміз-менің ұғымымда бір Жаратушыға деген монотеистік сенім. Біздің ата-бабаларымыз бір Жаратушыға сеніп, оны Тәңірі деген. "Тәңір" сөзі – бір Жаратушыны білдіретін түркі сөзі. Исламға дейін, мысалы, пұтқа табынушы арабтар әртүрлі қолдан жасалған өздерінің антроморфты пұттарына, яғни ұсақ құдайларына да сенді, ал біздің ата-бабаларымыз бедуин - арабтар секілді пұтқа табынушы(пантеист) болған емес, керісінше бір Тәңірге сыйынған шынайы монотеистер еді”, – деп жазды Т.Құсайынұлы.

Екіншіден, ол тарих бойынша қазақтарға христиандық дүниетаным өте жақын екенін, оның құндылықтарын ата-бабаларымыз қастерлеп, күнделікті өмірде қолданғанын атап өтті.

“Көптеген қазақ рулары 15 ғасырға дейінгі несториандық кезеңде, мысалы: жалайыр, албан, үйсін, керей, арғын, найман, қоңырат, уақ руларының көбі христиан дінінде болған. Атап айтқанда, тарихшы Махмуд Қашғари және басқа да жазбаша дереккөздер Ұлы жүздің жартысынан көбі мен бүкіл Орта жүз рулары несториандық христиан дінін қабылдағанын жазады. Айтпақшы христиандық протестанттық унитаризм қазақтың болмысына өте жақын, өйткені ол монотеизмді насихаттайды және бостандық рухын қамтиды. Естеріңізде болса, протестантизм католик шіркеуінің озбырлығына қарсы наразылық қозғалысы ретінде пайда болды. Протестанттар бірінші болып Киелі кітапты басқа халықтардың тілдеріне жаппай аудара бастады, иконалардан жаппай бас тартты, мұны пұтқа табынушылық деп санады. Атап айтқанда, діни қызметкерлердің тойымсыз жүгенсіздігі мен индульгенция, шіркеудегі сыбайлас жемқорлық пен ашкөздікке қарсы болып, Жаратушыға әр ұлттың өзі түсінетін тілінде ғана жалбарынуына шақырды. Ақиқатында "қазақ" сөзі кез-келген озбырлыққа қарсы шыққан, яғни еркіндікті сүйетін адамдар дегенді білдіреді. Сондықтан да протестантизм рухы, қатаң монотеизм қағидатымен, қазақ санасына әбден сай келеді”, – деп өз пайымын тарихи деректермен дәйектейді.

Дінтанушының айтуынша, араб-парсы мәдениетіне негізделген саясиланған "дәстүрлі" исламда ұлтшылдық пен демократияға қайшы келетін үммет идеясы бар.

“Нақтылап айтсақ, араб-парсы мәдениеті кез-келген демократиялық бағыттағы азаматтық қоғам мен ұлтшылдыққа қарсы идеология боп табылады. Менің ойымша, егер біз еліміздің озық ғылымы мен дамыған экономикасы, ұлттық рухы мен тілі асқақ һәм технократтық мемлекеттердің қатарына кіруін қаласақ, қазақтар Тәңір дүниетанымы және христиандықтың протестанттық бағытын ұлттық деңгейде насихатталуына мейлінше атсалысуы қажет!!! Егер Тәңір сенімі (монотеизм) қазақ ұлтын түркі халықтарының дүниетанымы мен мәдениетіне жақындатса, ал протестантизм АҚШ пен Оңтүстік Корея, Европа секілді прогрессивті елдерімен ынтымақ-бірлікте болуымызға жол ашады”, – дейді Тұрарбек Құсайынұлы.