×
441.44
473.09
4.75
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.44
473.09
4.75

Түйіткілі көп туризм: Bed tax неге тоқтатылды?

Коллаж: Ulysmedia.kz

Туризм - бабын таба білсең табысты молайтуға септесетін таптырмас кәсіп. Әлемде тек осы саламен ғана экономикасын дөңгелетіп отырған мемлекет қаншама?! Ал Қазақстанда аталған индустрияның жағдайы қалай? Осыған бір үңіліп көрейікші.

Статистиканы сөйлетуді шебер меңгерген шенділер

Салаға жауапты Туризм және спорт министрлігінің мәліметіне сенсек, елімізде ішкі туризмнің тамырына қан жүгіріп келеді. Биылғы 6 айда 3,1 млн қазақстандық республиканың көрікті жерлерін аралап, өңірлердің бюджетіне салық түсірген. Жыл соңына дейін бұл меже 9 млн адамға жетеді деп болжанып отыр.

«Тек ішкі туристер ғана емес, сонымен бірге елімізге келіп жатқан шетелдіктердің де қатары ұлғайғанын айта кеткен орынды. Былтыр Қазақстанға басқа мемлекеттерден 292 мың адам аялдаса, 2023 жылы оның көлемі 516 мыңнан аса адамға жетті. Бұл көрсеткіш те жыл соңына дейін 1,4 млн-ға жетеді деп болжап отырмыз», деді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Вице-министр жер-жиһанды кезіп жүрген азаматтар арқылы еліміздегі қонақүйлер жарты жылда кірістерін 100 млрд теңгеге арттыра алғанын жеткізді. Ведомство өкілі айтқандай, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 30 млрд теңгеге артық. Тұтастай алғанда, биыл туризмнен ел бюджетіне шамамен 400 млрд теңге салық түседі деп көзделген. «Салыстырмалы түрде бұл дағдарысқа дейінгі 2019 жылдағы көрсеткіштен екі есе көп», деп қуана айтты министрліктің өкілі.

Аманбысың, тұмса табиғат, жануарлар әлемі?!

«Таяқтың екі ұшы бар» дегендей экономиканы ұлғайтамыз деп экологияға нұқсан тимесе игі. Бұл айтып отырғандарымыз бекер емес. Қазақстанның көз тартарлық орындарының әлемдік деңгейде танымал болуы қуантады, әрине. Instagram сынды әлеуметтік желілердің ажарына айналған жерлер жетерлік. Бірақ сол бір-екі «селфидің» құны қымбатқа шығып жатқанына жауаптылар бас қатырмайтын сынды. Өкініштісі сол, ұлттық табиғи парктердің тұрмыстық қалдықтардан көрінбей кеткеніне көпшіліктің еті үйреніп барады. Көлсай, Қайынды, Алтын Емел, Шарын шатқалы және тағы да басқа табиғи қорықтарға барып жатқан халықтың нөпірі жылма-жыл көбейіп келетінін ескерсек, мұның салдары еліміздің биоалуандығын сақтауға кері әсерін тигізбей қоймайтыны белгілі.

«Кейінгі 2 жылда еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға келушілердің қатары еке есеге ұлғайғаны байқалды. Мәселен, былтыр табиғи парктерді 2 млн адам аралаған. Егер де бұл нысандардың аумағында туристік инфрақұрылымды салмасақ, онда антропогендік факторлардың салдарынан ол жерлердегі жағдай тіпті қиындауы мүмкін. Сол себепті 2019 жылы осыған байланысты басқа мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, елімізге сай келетін модельді таңдадық. Атап айтқанда, инвесторлардың көмегімен сапар (визит) орталығының құрылысын қарастыратын туристік инфрақұрылымдарды салуға басымдық бердік», деді Е.Еркінбаев.

Дәлел ретінде вице-министр Алматы облысында инвестор 6 сапар орталығының құрылысына шамамен 6 млрд теңгедей қаражат жұмсағанын келтіріп, мұның нәтижесінде ерекше қорғаудағы аумақтарда тәртіп орнады деп сендірді. Бұған қоса ол мұның артында қандай да бір кәсіпкер, мүдделі топ тұрған жоқ деп алға тартты. Е.Еркінбаевтың айтуынша, туристік нысандарды салуға кез келген іскер азамат қатыса алады. «Тек қолданыстағы экологиялық нормаларды сақтаса болғаны», деді ол.

Әйтсе де тиісті ведомство 2019 жылға дейін аталған табиғи аймақтарда бейберекет құрылыс жаппай жүргізілгенін мойындады.

Туристік алым алынып тасталды

Таяуда отандық туризм индустриясына мемлекеттік аудит жүргізіліп, 1,5 млрд теңге сомасына өрескел бұзушылық анықталыпты. Оның себебін құзырлы органның өкілі былай деп түсіндірді:

«Рас, аудиторлық тексеру жүргізіліп, бұзушылық анықталды. Бірақ бұл ұрлық фактісі немесе қаражат жетіспеушілігімен байланысты емес. Министрліктің балансында бірнеше цифрлы жүйе болған. Аталған жүйелер ұлттық порталмен бірге «Қазақ туризмге» берілген еді. Осы жүйелердің құны шамамен 920 млн теңгедей болды. Аудиторлар бұл цифрлы  платформалардың «Қазақ туризмге» берілуін бұзушылық деп бағалады», деді Туризм және спорт вице-министрі.

Енді туристерге арналған алымға тоқталсақ, биыл Қазақстанда bed tax жүйесі енгізілген еді. Соған сәйкес қонақүйлерге аялдайтын әр турист арнайы төлемді төлеуге тиіс болатын. Аталған қаражат жергілікті туризмді дамытуға бағытталуы керек-тін. Осыған байланысты барлық өңір өздерінің төлем мөлшерлемелерін де бекітіп үлгерді. Алайда небары 6-9 ай өткеннен кейін министрлік бұл амалдан бас тартып отыр. «Оған негізгі себеп – жиналған қаражатты жергілікті атқарушы органдардың өздерінде қалдыруы», деп түсіндірді министрліктегілер. Тұтастай bed tax тетігі енгізілгелі Қазақстан бойынша шамамен жарты млрд теңгедей қаражат жиналған. Енді шенділер тиісті бұйрыққа шұғыл түрде өзгеріс енгізіп, қолға алған амалдарынан бас тартпақ ниетте.

Қызығы сол, кейбір деректерге сүйенсек, бұл салаға жауапты ведомство басшысының жақындарына Ақмола облысындағы қонақүйлер желісі тиесілі. Өңірдің экс-басшысы журналист Асхат Ниязовқа берген сұхбатында оның туыстарының меншігінде жер телімдері бар екенін жоққа шығармаған болатын.

Қош, тізбектей берсек отандық туризм индустриясында қордаланған мәселе көп. Осы орайда қазір бұл кәсіппен 500 мыңдай адам айналысып жүргенін айта кетейік. Туристердің арасында, әсіресе, Алматы, Астана, Маңғыстау облыстары танымал.             

Серіктес жаңалықтары