×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Қожамжаровтың қорқынышты түсі немесе “ескірмейтін естеліктер”

15.12.2023, 11:15
Коллаж Ulysmedia

ҚазТАГ осы аптада жариялаған Антикордың бұрынғы жоғары шендісі Ұлан Мәдиевтің ұсталғаны туралы хабар Қайрат Қожамжаровтың кезіндегі бірінен соң бірі “құрықталған” атышулы қылмыстық істің қатысушыларын еріксіз еске түсіргендей. Солардың көбі ақыр соңында аяқсыз қалды, кейбірі “ойдан шығарылған” деп, ал тағы бірі “саяси астары бар” деп танылған еді. 

Қоғамда дүмпу туғызған осы қылмыстық істердің бірқатарының бұрын беймәлім болған тұстары жарыққа шығып, соған байланысты олар қайта қаралуы да әбден мүмкін. Ол қандай істер екенін Ulysmedia.kz. тілшісі баяндайды.

Жемқорлықпен күрес

Кезінде Қаржы полициясын басқарып, Бас прокурор да болған, кейін сенаторлыққа өткен Қайрат Қожамжаров мемлекеттік басқару жүйесінде кілең беделді қызметтердің тұтқасын ұстап, әбден “семіргені” соншалық, қоғам назарына іліккен өзіне қатысты айыптауларға пысқырып та қараған жоқ. Жауапты қызметтердің қайсысында болмасын, ол өзін зұлымдықпен күресуші - мемлекеттік биліктегі қазақстандық бэтмен ретінде көрсеткісі келді. 
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы ретінде ол жемқорлыққа қарсы тұлға қандай болуы керектігі туралы жалынды сөздерімен қазақстандықтардың есінде  қалды. 

«Агенттік қызметкерлері халықпен үнемі байланыста болуы керек», - деп соғады бір сөзінде.

“Біз сенімді серіктес болып, бір-бірімізді тыңдап, қызмет сапасын жетілдіруіміз керек” дейтіні де бар.

Құқық қорғау қызметінің стандарттарын мемлекеттік қызмет стандарттарына жақындатуды қолдаған Қайрат Пернешұлы былай деп сендірген еді:

- Бұл күштік құрылым қызметкерлерінің жаңа шоғырын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Олар жоғары құзыреттілікпен, әдептілігімен, отансүйгіштікпен және сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне қарсы тұруымен ерекшеленуі керек. Дзержинскийше айтсақ, мұндай қызметкерде “Таза абырой, жалындаған жүрек, нұрлы ақыл” болуы керек.

Қожамжаров 2017 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің “ғажайып”  нәтижелерін жариялады.

2001 жылдан бері елімізде сыбайлас жемқорлыққа барған 10 мыңнан астам адам сотталды. Олардың ішінде екі экс-премьер, 17 төраға, министрлер мен олардың орынбасарлары, 15 облыс пен қала әкімі, ұлттық компаниялардың 8 топ-менеджері және күштік құрылымның 8 басшысы мен генералдар бар. 
«Қорғас ісі» Қайрат Қожамжаров мансабындағы  «ешкімнің қызметіне қарамастан құрықтау” атты операциялардың ішінде шоқтығы биік іс болды десек қате айтқандық емес.Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі сыбайлас жемқорлық ісі фигуранттардың барлығы тұтқындалып біткенше жалғасып, 2011 жылдан сот отырысы болған 2013 жылдың 12 сәуіріне дейін созылды. Үкім тура бір жылдан кейін – 2014 жылдың 12 сәуірінде оқылды. Сотқа 45 адам қатысты, оның 42-сі сот залында қамауға алынды. Сотталғандардың көбі - облыстық кеден органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары шенді қызметкерлері. Оларға тауарларды Қытайдан аса ірі көлемде ұйымдасқан контрабандалық жолмен әкелді деген айып тағылды. Барлық айыпталушы 5,5 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Ойлағандай болмай шықты…

ҰҚК қызметкерлері бастапқыда өз кінәларын мойындамады, бірақ тергеуде де, сотта да олардың уәждерін ешкім тыңдамады. Сотталғандар тып-тыныш қана отырып, жаза мерзімі аяқталғанда бостандыққа шығар еді де, бәрі ойлағандай болар еді-ау, алайда осы аралықта “қайғылы қаңтар” оқиғасы болып, бюрократияға белшесінен батқан билік  иерархиясының шат-шәлекейі шықты…

2022 жылдың 24 қаңтарында Президент Қ.Тоқаев бірнеше сенатордың, оның ішінде 2019 жылдың 19 наурызынан бері «зұлымдыққа қарсы күрестен» қол үзіп қалған Қайрат Қожамжаровтың да өкілеттігін тоқтатты. Айтпақшы, Қожамжаровты сенатор етіп тағайындау туралы Жарлық Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Президенті ретінде соңғы қол қойған жарлықтардың бірі болғаны тарихта қалары сөзсіз. Қайрат Пернешұлын сенатор етіп тағайындаған экс-Елбасы бірнеше сағаттан кейін президенттік қызметінен кететінін ресми түрде жариялады.

Депутаттық “арнайы статустан” айырылған Қожамжаров енді кезінде өзі темір торға тыққандар үшін “қалпақпен соғып алатын” табаны тайғанақ тұлғаға айналды. Ал оған бірінші қарсы шыққан атышулы «Қорғас ісінде» «жеңіліп қалған»  «комитет мүшелері» болды. “Кезінде Қайрат Қожамжаров басқарған қаржы полициясындағылар бізге нақақ жала жауып, ұстап берді” деген әңгіме желдей есіп Бас прокуратураның құлағына да жетті. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төртінші департаментінің бұрынғы басшысы жасаған мәлімдемеде, Қожамжаров өзінің орынбасары Талғат Татубаевпен бірге «Қорғастағы» контрабандадан негізгі пайда көргендердің бірі болған. 

Айтпақшы, «Назарбаевтың жандайшабы» деген лақап атқа ие болған Қожамжаров дәуірінің барлық дерлік атышулы істерінде оның «оң қолы» Татубаев пен сол қолы – тергеуші Олеся Кексель басты орындаушылар болды. Бірақ бұл басқа әңгіме…

Бас прокуратура «Қорғасқа» қатысты тергеудің заңдылығын бірінші өздері түсініп алу үшін Мәдиевті қамауға алған секілді. 

Ал қадағалау органының мұнымен тоқтап, өзінің бұрынғы басшысына жақында журналистер қойған: “Алматы қаласы Наурызбай ауданының бұрынғы прокуроры Виктор Тихоновтың, журналистер Сейтқазы мен Әсет Матаевтардың және басқа да тұлғалардың өзіне тағылған істерді бұрмалау туралы айыптауларына қалай түсінік береді?” деп қайыра сұрамауы екіталай. Қайрат Пернешұлының тергеу қызметкерлеріне журналистерге жауап бергеніндей “бұл тұлғаларды сот кінәлі деп тапты” дей алмайтыны анық. 
    
Матаевтар ісі 

2016 жылыСыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Қазақстанның журналистер қауымын дүр сілкіндірген оқиғаға себепкер болды. Анығын айтсақ,  Ұлттық баспасөз клубының басшысы Сейтқазы Матаев пен оның ұлы Әсетке айып тағылды. Сыбайлас жемқорлықпен күресушілер әкесі мен баласының миллиондаған қаржыны заңсыз иемденіп, келісім-шарттық міндеттемелерді адал орындамағанын жариялады.

Бұған қоса Сейтқазы Матаевқа көп жылдар бойы салық төлеуден жалтарған деген айып тағылды. Тергеушілердің мәліметінше, әкелі-балалы Матаевтар мемлекетке 529 миллион теңге көлемінде шығын келтірген. Тергеу жарты жылдан астам уақытқа созылды.

Бастапқыда «Матаев ісінде» тағы бірнеше тұлғаның аты аталды. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және байланыс комитетінің бұрынғы төрағасы Талғат Қазанғап, Жоғарғы Соттың ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Болат Қалянбеков, Ақпараттандыру және байланыс комитетінің бұрынғы басшысы Байланыс Болат Берсебаев пен басқа да жоғары лауазымды тұлғалар Матаевтармен бірге құқық қорғау органдарының назарына ілікті. Бірақ біраз уақыттан кейін олар куәгер статусына ауыстырылды, сот Сейтқазы мен Әсет Матаевтарды аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп тауып, жалпы режимдегі колонияда сәйкесінше алты және бес жылға бас бостандығынан айырды.    Сондай-ақ сот сотталушының мүлкін тәркілеу, мемлекеттік және коммерциялық құрылымдарда қаржылық жауапты қызметтерді атқаруға өмір бойына тыйым салу туралы шешім шығарды. 

Соттағы соңғы сөзінде Журналистер одағының басшысы өзіне және оның ұлына қатысты қозғалған қылмыстық іске «тапсырыс берушілердің» аты-жөнін атады. Олар Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы басшысының бұрынғы орынбасары Талғат Татубаев пен қазақстандық олигарх Александр Клебанов. Осыдан кейін аты аталған екі мемлекеттік қызметкер Сейтқазы Матаевтың сөзін жоққа шығарып, тек А.Клебанов қана үнсіз қалды. 

Ал 2022 жылдың 19 шілдесінде Жоғарғы сот Бас прокуратураның талабымен  Сейтқазы мен Әсет Матаевтарға қатысты қылмыстық істі қайта қарап, оларды толығымен ақтады. 

 “Сейтқазы мен Әсет Матаевтардың іс-әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты іс сот өндірісінен алынып, тоқтатылды», - деп атап өтті Жоғарғы Сот.

Шкарупа ісі

Қожамжаров мырза мен оның командасының ойдан құрастырған қылмыстық ісі бойынша сотталған бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа, өзінің тағдырласы Виктор Тихонов секілді мемлекеттен моральдық шығын ретінде 10 млн.теңге өндіріп алды. 

Еске салайық, 2018 жылдың қарашасында Қазақстанның Бас прокуратурасы Анатолий Шкарупаның сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қатысы болуы мүмкін екенін хабарлаған болатын.

Сол кезде Бас прокурор қызметін атқарған Қайрат Қожамжаров көпшілік алдында: 

– Жақында ғана тағайындалған Энергетика вице-министрі, Қарағанды облысы Саран қаласының бұрынғы әкімі Шкарупаның заң талаптарын өрескел бұзғаны туралы мәліметтер бар” - деп мәлімдеді. Ол (А.Шкарупа. - ред.) 2015 жылы Саранда жылу есептегіш құралдарын орнатуға бөлінген 215 млн.теңгені жымқырды делінген. 

Осындай шулы мәлімдемеден кейін Анатолий Шкарупаның ұсталуы ешкімді таң қалдырмады. Онымен бірге тағы екі шенеунік – “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қорының” бұрынғы басқарма төрағасы Қайсар Байдалы мен ENERCO компаниясыныңі директоры Ерлан Нәбиев қамауға алынды. Үшеуіне де Саран қаласында жылу есептегіш құралдарын орнатуға арналған бюджет қаражатын заңсыз пайдаланды және жымқырды деген айып тағылды. 
2019 жылдың соңында Шкарупа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. 2021 жылдың қаңтарында мемлекеттік айыптаушы соттан экс-вице-министрді 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бірақ кейін сот оны ақтады.

Шкарупа ақталғанымен, 2021 жылдың сәуірінде апелляциялық алқа бұрынғы энергетика вице-министрі Шкарупаға қатысты қылмыстық істі қайта қарады.  
Дегенмен Қарағанды облыстық соты Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының Анатолий Шкарупаға, Қайсар Байдалыға және Ерлан Нәбиевке қатысты ақтау үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Сотқа дейінгі тергеу органдары оларды 2015 жылы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қорынан Саран қаласына жылу есептегіш құралдарын орнатуға бөлінген 104 миллион 427 мың теңгені заңсыз пайдаланды және жымқырды деп айыпталған. 

Қордан барлығы 215 млн теңге бөлінді, деп хабарлады сол кездегі соттың баспасөз қызметі. Сол кезде депутаттық мандатының көлеңкесіне тығылған Қайрат Қожамжаров ләм-мим деп үн қатпады.

Ахметов ісі

Қайрат Пернешұлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы болып тұрғанда, тағы бір атышулы оқиға болды. 2014 жылы экс-премьер-министр және экс-қорғаныс министрі Серік Ахметов сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деп айыпталып, дүние-мүлкі тәркіленумен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Алғашында Серік Нығметұлы сыбайлас жемқорлық схемалары мен аса ірі көлемде бюджет қаражатын ұрлау әрекеттеріне қатысты күдікке ілінді. Кейін тергеушілер бұл іске «қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу» бабы бойынша айыптауды қосақтады. Сондай-ақ «ерекше ірі көлемде пара алу» бабы да бар. Бірақ кейіннен нақты айғақтар табылмай, прокуратура соңғы бапты айыптаудан алып тастады. Ал «лауазымды өкілеттіктерді асыра пайдалану» бабы бойынша айыптау «заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау» ретінде қайта жіктелді. 

Сот отырысында Серік Ахметов өз кінәсін мойындамады. 2015 жылдың қыркүйегінде ол судьяға:

– Сіз бұл процестің заңдылығына жауаптысыз. Сондықтан прокуратура іс материалдарын объективті қарауы керек деп есептеймін. Кінәм болса, жазалаңыз. Егер объективті түрде адамдар жазықсыз болып, бір жыл бойы тергеу изоляторында отырса ше?! Өйткені, біздің тағдырымыз сотта шешіледі! - деді.

Сотта аталған іске куәгер болған Қарағанды қаласының экс-әкімі Бауыржан Әбдішев пен оның орынбасары Айдар Телғарин ешкім күтпеген мәлімдеме жасады. Олар тергеу қызметінің қысымымен бұрынғы басшыларына қатысты жалған ақпарат бергенін жайып салды. Әбдішев “егер Серік Ахметовке айыптау айғақтар беруден бас тартса, онда өзін ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі ретінде көрсететін “құйтырқы іске” басы шаталатыны жайлы тергеушілердің қорқытқанын жеткізіп, жалған куә беруге мәжбүрлегенін айтты. Телғаринді де дәл осылай қорқытқан. Оның үстіне қайын атасы мен ағасына тағы “қылмыстық айып” жамалатынын айтқан. 

Серік Ахметовтің отбасы мен жақындары келтірілген шығынды өтегеннен кейін апелляциялық алқа экс-премьердің жазасын қысқартып, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Кейін рақымшылыққа байланысты ол тағы 1 жыл 7 ай 11 күнге қысқарды. Тіпті кейінірек Абай аудандық соты Серік Ахметовтің қалған жаза мерзімін бас бостандығын шектеу түрімен ауыстырды.

Серік Нығметұлы ұзақ уақыт бойы еш жерде көрсетілмей, тек жақында ғана Президенттік телерадио кешені Костенко шахтасындағы қайғылы оқиға туралы түсірген деректі фильмде күтпеген жерден кадрға түсіп қалғанын көруге болады.

Ермегияев ісі

Сол  2016 жылы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған еді. Ол 2015 жылы 12 маусымда қамауға алынды. Тергеу барысында Ермегияевтің бір топ адамдармен сөз байласу арқылы бюджет қаражатын иемдену және жымқыру арқылы 10,2 миллиард теңгені ұрлағаны, соны жалған кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырғаны оның сотталуына негіз болды деген ресми ақпарат шықты. Оның үстіне ЭКСПО-ның экс-басшысы 4,2 миллиард теңгені өз қалтасына салған-мыс. Бұл жаңалықты Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровтың өзі айтты. Бұл іске 24 адам қатысты деп танылып, көпшілігі қылмыстық топтың басшысы ретінде Талғат Ермегияевті көрсетті. Сотта Ермегияев өз кінәсін мойындамады, ал оның өкілдері қорғауындағы азаматқа қатысты іс бұрмаланғанын мәлімдеді.

«Сіз білесіз бе, жәбірленуші тарап осыншама 4,2 миллиард теңгені неге сонша талап етіп отыр?» деп ойланып отырмын», - деп сөйледі адвокат Алла Котлова. 

– Сосын, олар айтқан жұмбақты шешкендей болдым. Қожамжаров бұл көрсеткішті сонау 2015 жылы жариялаған екен. Бұл 4,2 миллиард енді өтелетін сома болып шықты. Бір ғана мақсат – Ермегияевтің жеке жымқырған 4 миллиардтан астам қаражатқа қол жеткізу. Қорғаушы тарап өздерін ақтайтын дәлел ретінде ұлттық компания есепшотына аудит жүргізуді Ермегияевтің өзі ұсынғанын, яғни ол кінәлі болса, онда неге өзін ұстап беретін деректерді өзі ашып бергенін алға тартты. 

– Ермегияев өз куәлік сөзінде ұлттық компанияда тексеруді бастауға бастамашы болғанын айтты. Үсенов те осыны растады. Яғни, прокурордың айтуынша, бюджет қаражатын қарқынды және тоқтаусыз ұрлаған Ермегияевтің бұл тексеруді өзі бастауына негіз болмаған. Бірақ дәл осы ЭКСПО-ның айналасында алып қашпа әңгімелер жүргендіктен, ол жерде бірдеңе дұрыс емес деп үнемі айтылып, біреу шынымен кемшілік тапқысы келді, ол бұл тексеруді бастады. Бірақ соңында Ермегияевтің өзі қамауға алынды, қалғандары да қамалды, мәліметтерді бұрмалау басталды, дейді басты күдіктінің адвокаттары.

Сот бұл уәждерді есепке алмай, Ермегияевті мүлкін тәркілеумен 14 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталғандардың барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлкі мемлекет кірісіне айналдырылды, оның ішінде автокөлік, Астана және Алматы қалаларында бір пәтер, Астана қаласы мен Алматы облысындағы екі жер телімі, алты серіктестіктегі үлестері және ақшалай қаражаты бар. Сондай-ақ сот одан «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясына келтірілген 5,9 миллиард теңге шығын мен 177,1 миллион теңге мемлекеттік баж салығын өндірді. Айтпақшы, сотта кінәсін мойындамаған қалған сотталушылар да жазаға тартылды. Прокурорлармен келісімге келген 12 айыпталушы бір жарым жылдан екі жарым жылға дейін бас бостандығынан айырылды, олардың кейбірі бас бостандығын шектеу арқылы ауыр жазадан құтылды. 

Арын ісі

Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ерлан Арынның жолы болды – ол тұңғыш президенттен кешірім сұрап, үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

2014 жылдың наурыз айында Ерлан Арынды сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен қаржы полициясы ұстаған. Сол кезде қаржы полициясы Павлодар облысы әкімдігінің лауазымды тұлғаларының үстінен көптеген қылмыстық іс қозғады. Олар Е.Арынды осы ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі деп танып, жүздеген миллион бюджет қаражатын жымқырып, ысырап еткен деген айыптар тақты. Шынында бұл сандар анау айтқандай емес, болмашы цифрдай көрінеді. Тергеушілер оны кәсіпкердің бір миллион 650 мың теңге көлеміндегі қаражатын жымқыру мақсатында алаяқтық әрекеттерге барды, сондай -ақ тендерді жеңіп алғаны үшін бес миллион теңгеден астам сомада пара алған деп айыптады. Сотта соңғы сөзінде Ерлан Арын «қулық» жасады: ол өзіне тағылған айыптар бойынша кінәсін мойындамайтынын және істі тергеу барысында жіберілген заң бұзушылықтар туралы айтты, бірақ сонымен бірге ел президенті Н.Назарбаевтан сенімін ақтай алмағаны үшін кешірім сұрады. 

Әрине, осы кешірім сұраудың арқасыма, әлде түрмеге тоғыт деген жоғары жақтың бұйрығы болмады ма, әйтеуір Павлодардың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты бұрынғы шенеунікті үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Оған қоса бес жылға  мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырды. Мемлекеттік наградалары: «Құрмет» және «Парасат» ордендерінен де айырылды.

Серіктес жаңалықтары