×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қазақстан миллиардтары шетелдік агенттерге кетіп жатыр

21.12.2023, 14:08
Қазақстан миллиардтары шетелдік агенттерге кетіп жатыр
Коллаж Ulysmedia

Кейбір спорт түрлерін қаржыландыруға қатысты мәселе қайта қаралады. Бұл жайында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев арнайы брифинг барысында айтты. Бәріне белгілі жайт, елімізде футболға мемлекет тарапынан берілетін қаражат басқаларынан әлдеқайда көп. Ulysmedia.kz тілшісі бүгінде қазақстандық футбол клубтарында не болып жатқанын, қазынадан төленген миллиардтар қайда жұмсалып жатқанын зерттеп көрді. 

Делдалдарға 4,3 млрд

Тек 2023 жылдың өзінде Қазақстанның жоғарғы дивизионы – Премьер-лигада өнер көрсететін он төрт қазақстандық футбол клубының он үшіне бюджеттен шамамен 27,8 миллиард теңге қаржы бөлінген.  2023 жылға арналған бюджеті көрсетілмеген клуб ол – «Астана». 

Елордалық клубқа қаржы тікелей «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан түседі. Transfermarkt.world мәліметі бойынша, Премьер-Лиганың он төрт футбол клубында 358 ойыншы Оның ішінде 146-сы – легионер. Бірақ шетелдік футболшыларға төленетін жалақы – сыртқа кетіп жатқан бюджет қаражатының мардымсыз бөлігі ғана.

Қазақстан футбол федерациясы 2015 жылдан бастап 2023 жылдың наурызына дейін командалардың агенттер мен делдалдарға төлеген төлемдері көрсетілген кестені жариялады. Төлем валютаның төрт түрімен жүргізілген. Құжатқа сәйкес, осы кезеңде «спорт делдалдарының» қалтасына 4,5 миллионнан астам доллар, 3,8 миллионға жуық еуро, 1,8 миллион ресей рублі және 259 миллионға жуық теңге түскен, қазіргі курспен алғанда бұл 4,3 миллиард теңгеге жуық ақша.  Сонымен бірге, егер  кестедегі мәліметтердің мазмұнына мұқият мән берсеңіз, онда шетелдік өкілдердің тек легионерлер үшін ғана комиссия алмағанын байқауға болады.

Оффшорлық компаниялар арқылы келісілген

Қазақстан құрамасының ойыншысы Сергей Малый алты рет (қазақстандық) бір командадан екінші командаға ауысқан. Трансфер үшін агентке төленетін комиссияны әр келісім-шартта бес түрлі тұлға алған. Олардың үшеуі ресейлік: Жеке кәсіпкер Агеев Д.Н., Жеке кәсіпкер Пузанов М.В. және «SPM and Consulting LLC». Осы үшеуі қазақстандық қақпашы Юрий Логвиненко үшін де гонорар алған. 

Ұлттық құраманың бұрынғы ойыншылары Серікжан Мужиков пен Алексей Щеткин қазақстандық клубтарға жұмысқа тұру үшін ТМД елдерінен тыс жерлерге кеткен. Аталған спортшылардың өкілдері ретінде сонау Черногориядағы «Three Stars DOO» агенттігі мен Лазар Миличевич деген азамат келісім-шарт жасаған (Сонда бұлар қазақстандық клубқа легионер тарттық деген желеумен, бірінші кезекте, С.Мужиков пен А.Щеткинді черногориялық клубқа тіркеп, кейін сол жақтың «продюсерлері» арқылы Қазақстанға әкелген. – Ред.). Миличевич мырза ұлттық құрама капитаны Асхат Тағыберген мен футболшы Руслан Валиуллинге қазақстандық клубқа тіркелу кезінде де «көмектескен». Қазақстанда алты жыл өнер көрсеткен ұлты серб  ойыншы Владица Курич енді қазақстандық үш жас ойыншы: Лев Скворцов, Жасұлан Қайыркенов пен Теңізбай Абдурахманов үшін гонорарын алған. ҚР құрамасының жартылай қорғаушысы Исламбек Қуат лондондық Joint Industries L.P. агенттігінің қызметін пайдаланады, ол да молдовалық Валериу Чуперканы «Астана» футбол клубына ауыстыруға атсалысқан.  Ал ең қызық оқиға 2015 жылы Қазақстан құрамасының қақпашысы Владимир Логиновскиймен болған. Онымен жасалған келісім-шарт үшін қостанайлық «Тобыл» клубы Сейшел аралдарында тіркелген ST&FC Group Ltd компаниясына 31 500 доллар төлеген. 

Жаңадан келгендер – жергілікті жігіттер, ал қаражат – шетелдікі...

Біз осы материалды дайындау барысында футбол федерациясының сайты тек 2022 жылға арналған деректерді көрсеткен еді, алайда бірнеше сағаттан кейін ресми сайтта 2023 жылдың да деректері жарияланды. 2022 жылдан 2023 жылдың 31 наурызына дейін қазақстандық клубтар агенттікке төленген гонорардың рекордтық минимумын көрсетті. Бұл қалай? Қазақстандық клубтар үнемдеуді үйренген бе, әлде шығыстар есебін жасыра бастаған ба? 

Демек, министр Маржықпаев дәл осы сомалармен айналысатын шығар және біздің қоғамның жүрегін ауыртпау үшін футболдың күмәнді цифрларын халыққа жарияламаған болуы керек. Сіз қалай ойлайсыз?