×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Бангладеш пен Қазақстанның ұқсас тұстары немесе микронесие түсінігі қайдан шықты?

04.01.2024, 16:16
Бангладеш пен Қазақстанның ұқсас тұстары немесе микронесие түсінігі қайдан шықты?
Коллаж Ulysmedia

Әлеуметтік экономиканың майын ішіп, жілігін шаққан әрі осы бағыттағы ізденістері үшін 2006 жылы Нобель сыйлығын алған ғалым Мұхаммад Юнус Астанаға келді. Профессор әлеуметтік-экономикалық дамудың теориясын жасауда әлемдегі санаулы ғалымдардың бірі. Ол әлемге микронесиенің негізін қалаушылардың бірі ретінде танымал болған. Өз Отаны – Бангладеште кедейлерге шағын кәсіп ашу үшін берілетін микронесиені М.Юсуф ойлап тапқан делінеді. Әлем аузына қараған ғалыммен болған кездесуге  Ulysmedia.kz тілшісі де барған еді. 

Жүлдені алу бір бөлек, ал мақсатқа жету мүлде басқа дүние

Бір қызығы, біз Бангладеште жасаған микронесие жүйесі бүкіл әлемге тарап жатыр, ол тиімді болғандықтан, жұртшылық тарапынан кең қолдауға ие болды. Бұл үшін маған Нобель сыйлығын да берді, бірақ кедейленген халықтың мәселесі бұдан түбегейлі шешіліп кеткен жоқ.

Бізде әлі лицензия жоқ, банктер заңнаманы өзгертуге асықпайды, ал қолданыстағы заңнама кепілсіз несие беруге мүмкіндік бермейді. Барлық ел микрокредиттік бағдарламаның қажеттілігін мойындап отыр. Бірақ заңды өзгертуге ешкім де асығатын емес.

Кедейшілік мәселесіне келгенде бәрі жаңа жұмыс орындарын ашу керек деп даурығады. Қазір дүние жүзіндегі барлық мемлекет осылай істеген жөн деп санайды. Бірақ олар мұны ешкімге пайдасы жоқ трендке айналдырып жіберді. Меніңше, бұл – құлдық қоғамға арналған идея. Олар адамның құл болу үшін емес, өзінше өмір сүруге жаратылғанын, әр адам өз бетінше тәуелсіз өмір сүруге құқылы екенін ескермейді. Мен оларға соны ұқтыруға тырысамын. Адамның бәрі өзінше қабілетті, оның сол қабілетін ашу керек. Адамдарды кәсіпкер болуға ынталандыратын экономикалық жүйе керек деп санаймын. 

Бизнеске арналған оттегі

Бангладештегі Grameen банкіне қараңыз, оның 10 миллионнан астам клиенті бар. Бұл, негізінен, $10 несие алудан бастаған әйелдер. Олар шағын бизнес ашу үшін кейін $20, $100 немесе $1000 алады. Егер Бангладештегі қаржылық сауаты жоқ  әйелдер өз кәсібін дөңгелетіп жатса, онда әлемнің басқа нүктесіндегі кез келген адам кәсіпкер бола алатынына сенімдімін. 

Неліктен мұны дамыту қиын? Мәселе бизнесті дамытуға қажет қаржыда.Бангладеш те үлкен экономикалық қиындықтарды бастан өткерді, халықтың көп бөлігі кедейлік пен аштықтан зардап шекті. Ол кезде мен университетте сабақ беретінмін. Мен тұратын жатақханада жағдайы төмен студенттер болатын. Соларға қарап түсінгенім, егер елдегі экономикалық институттар адамның өзекті мәселелерін шешуге қауқарсыз болса, оның жалпы не керегі бар?

Осы жайттар мені қатты ойландырды. Мұқтаж жастарды қолдау үшін не істеу керек? Менің қолымнан келетіні – тек 10 доллардан аспайтын көмек қана.

Кері логика

Осы азғантай соманы қалай пайдалану керектігін адамдардың өздері шешті: біреу жұмыртқа сатып алды, одан өсіп шыққан балапанды бағып, тауық болған кезінде одан жұмыртқа алды. Осылайша олардың кәсібі кеңейіп, кедейлік құрсауынан шықты. Екінші деңгейлі банктер жағдайы бар азаматтарға ғана несие береді, кепілге қоятын  мүлігі барлар үшін жұмыс істейді.Менің ойымша, банктер көмекке мұқтаж жандарға мүмкіндік берсе, ол адамдар қаржылық тығырықтан оңай шығар еді. Мен шағын банк құру арқылы қалыптасқан дәстүрлі ұғымға соққы бердім, банктердің бұрыннан келе жатқан  тактикасы мен стратегиясын өзгертуге күш салдым. Соның нәтижесінде заңгерлердің көмегінен бас тартып, кепілге мүлік алуды банктік жүйеден сызып тастадым. Міне,елімізде 10 миллион әйел шағын несиеге қол жеткізіп, кәсібін ашты. Бұл тәжірибеміз, қызық болғанда, бүкіл әлемге тарады. Тіпті азуын айға білеген АҚШ-тың банктері біздің тәжірибемізді пайдаланып, шағын несие беруге көшті. 

Табыс өмірдің мәні емес

Кез келген банк қызметі табысты барынша арттыруға бағытталған, сондықтан олардың пайыздық мөлшерлемесі жоғар болады. Біз бұл шағын несиені қаржылық «құрал» ретінде емес, кедейлердің мәселелерін шешуге көмектесетін әлеуметтік маңызы бар қызмет ретінде қарастыруды ұсынамыз. Осы жерде несие мөлшерлемесін есептеуіміз керек. Қарыз алушылардың өздері несиені уақытылы қайтаруға мүдделі екеніне көзіміз жетті. Егер шағын несие туралы айтатын болсақ, ол банк иелеріне ешқашан табыс әкелмейтін, тек әлеуметке арналған жоба екенін түсінуіміз керек. 

Шағын несие берудегі ережелер қалай қалыптасты десеңіз, ол аспаннан түскен жоқ, біз қарыз алушылармен мәселені жан-жақты талқыладық және талқыдан соң олардың мәселесіне ортақ шешім тауып, оны ортақ ережеге айналдырдық.

Мысалы, Бангладеште қоғамдық дәретхана болмаған, бұл, ең алдымен, жұқпалы аурулардың таралуына себеп болады. Біздің алғашқы қаржыландыруымыз осы қоғамдық дәретхана құрылыстарымен байланысты болды. Қарап отырсаңыз, кейбір жобалар қарабайыр болып көрінуі мүмкін, алайда оның үлкен қоғамдық рөлі бар. 

Әлеуметтік бизнес дегеніміз не?

Бізде (Бангладеште. – Ред.) картоп өндірісімен айналысатын бір компания бар. Олар біздің идеямызға қатты қызығып, бірге кәсіп жасауға ұсыныс білдірді. Мен оларға «бұдан сіздер табыс таппайсыздар» деп басын ашып айттым. Олар мұны табыс табу үшін емес, әлеуметтік мәселені шешу үшін істейтіндіктерін айтып, идеямызға түсіністік танытты. 

Компания картоп фриін шығаратын өндірістің 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Олар шикізатты сатып аларда өздеріне қатаң талап қояды. Яғни, сапаға мән береді. Қалған 30 пайыз өнім сапасыз болып шығатындықтан, оны өндіріске пайдаланбайды, лақтырып тастайды. 

Олар барлық сапасыз картопты сатып алатын және одан сорпа жасайтын компания құруды ұсынды, өйткені сорпа жасау үшін картоптың қандай сұрыпты болғаны маңызды емес. Бұл жоба өте сәтті шықты. Өйткені өнім қаптамасында оның картоптың қандай сұрпынан жасалғаны – бәрі-бәрі ашық жазылады. Ал тұрмысы төмен отбасылар бұл жартылай фабрикаттарды арзан бағада сатып алуға мүмкіндік алды. 

Бізді не құртуы мүмкін?

Біз құрған өркениетті қоғам өзімізге қарсы жұмыс істеуде. Бұл адамзат үшін өте қауіпті. Тек адам баласы үшін ғана емес, осы ғаламшарда өмір сүретін барлық тіршілік атаулы жойылып кетудің алдында тұр. 

Жаһандық жылыну. Бұл бәрімізді жойып жіберетін құбылыс. Бұдан аман қалудың жолы әсте жоқ секілді. Мәселені шешу үшін біз не істеп жатырмыз? Біз биік мінберлерде баяндама жасаймыз, көптеген уәде береміз, бірақ оны орындамаймыз. Мысалы, егер сіздің үйіңіз өртеніп жатса, сіз той тойлап жүрмейсіз ғой, бірден өртті сөндіруге асығасыз. Бірақ ешкім климаттың өзгеруіне қарсы шұғыл әрекет жасап жатқан жоқ. Әрине, климаттың жылынуы бірден бола қоймайды, өте баяу жүреді. Тіпті ғаламдық апат болған кезде, ол мүмкін 50 жылда немесе 1000 жылда болуы мүмкін, ол кезде біз болмаймыз. Солай екен деп қамсыз отыруымыз керек пе?

Пандемия бізге нені үйретті?

Қазіргі жүйе бойынша ат төбеліндей адамдар тобы байыған үстіне байып жатыр. Коронавирус пандемиясы есіңізде шығар. Бүкіл әлемдегі миллиондаған адам кедейлік хәлге түсіп, байлар, керісінше, вакцина сатудан триллиондаған доллар табыс тапты. Өйткені вакцина өндірісі монополистердің қалтасын қампитты. Вакцинаны тек 10 ауқатты ел ғана сатып алды, олар жалпы көлемнің 80 пайызын иемденді. Олардың халқы үшін бұл сан өте көп еді. Ал кедей елдер вакцинаны ала алмады. Міне, біздегі жүйе бойынша басты мақсат тек табыс табу ғана. Бүкіл әлемдік экономика – ақшаны төменнен сорып, оны жоғары қарай жеткізетін машина секілді. Сондықтан біз оны қайта құруымыз керек деп санаймын. 

Үш нөл түсінігі

Мыналар нөлге тең болуы керек:

• байлықтың бір қолға шоғырлануы;

• жаһандық жылыну мәселесі;

• жасанды интеллектінің кесірінен болған  жұмыссыздықтың артуы. 

Мұнымен қалай күресеміз? Біз жастарды үш нөлден тұратын клубтар құруға шақырамыз, Клуб мүшелері осы нөлдерді, алдымен, өздері жасауы керек. Мысалы, мен пластикті тұтынудың артуына және жалпы жаһандық жылынуға әкеліп соғатын процестерге қатыспаймын, байлықтың монополистер қолына шоғырлануына үлес қоспаймын және т.б.

Мен бұл идеяны насихаттауды осыдан екі жыл бұрын бастадым: жастармен, университеттермен, жергілікті ұйымдармен сөйлестім. Бірақ басында бұл идеямды қанша адам қолдайтынын білгенім жоқ. Бүгінде бізде 37 елде 2600-ден астам клуб бар. Мен оларға «үш нөлі» бар адамдар «үш нөлі» бар әлемді құрады деп жиі айтамын. Өйткені бәрі өзімізден басталады.

Қалдықсыз өнім

Біз үнемі бірдеңе сатып аламыз, сыйлықтар аламыз - мұның бәрі планетамыздың тағдырына кері әсер етеді. Бірақ біздің жүйеміз осы сатып алуға негізделген, ол бізді үнемі бірдеңені сатып алуға көндіреді, түрлі жеңілдіктермен қызықтырады. Біз бәрін сатып алу тәжірибесін тоқтатып, қайта пайдалануға немесе қайта өңдеуге болатын нәрсені таңдауымыз керек. Әйтпесе, бір рет пайдаланып, қоқысқа тастайтын заттар біздің жер планетасын тұншықтырады. 

Жасанды интеллект адамзат жауы ма?

Жасанды интеллектінің кесірінен  жұмыссыздық көрсеткіштері көбейген үстіне көбейіп жатыр. Қазір барлығы дерлік жасанды интеллектіні наисахаттап жүр, ал мен оның  адамдарға қауіп төндіретінін қаншама рет айтып келемін. Бұлай жалғаса берсе, жер бетіндегі адамдардың жұмыссыз қалу жағдайы көбейе береді. Бұл адамдардың ештеңеге керексіз болып қалуына себеп болуы мүмкін.

Біз табысты көбейтуге емес, адами құндылықтарға негізделген өркениетті құруымыз қажет. Біз мұны жасамайынша, жер бетінен жойылып кету қаупіміз ешқашан сейілмейді.