Мемлекет басшысының Брюссельге сапары аясында жалпы құны 12 млрд АҚШ долларынан асатын инвестициялық жобаларға қол қойылды. Бұл туралы президенттің көмекшісі Нұрлан Байбазаров мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Байбазаровтың айтуынша, екі күн ішінде бірқатар маңызды кездесу өтіп, үкімет делегациясымен бірге қазақстандық бизнес өкілдері де келіссөздерге қатысты.
«Бүгінгі күннің қорытындысы бойынша жалпы құны 12 млрд АҚШ долларынан асатын инвестициялық жобаларға қол қойылды. Оның ішінде көлік және логистика, банк және өнеркәсіп салаларындағы жобалар бар», – деді президенттің көмекшісі.
Нұрлан Байбазаров Еуропадағы серіктестер тарапынан Қазақстанға деген қызығушылық пен сенім жоғары екенін атап өтті.
САПАРҒА ДАЙЫНДЫҚ
Сондай-ақ ол мұндай сапарларға дайындық шамамен жарты жылға созылатынын айтты.
«Мұндай сапарларға дайындыққа жарты жылдай уақыт жұмсалады. Келісімге қол қою үшін министрліктер, банктер мен компаниялар алдын-ала дайындалады. Бір жобаны дайындау кемінде 2-3 ай уақытты талап етеді. Сондықтан бүгінгі қол қойылған келісімдер – жарты жылдық жұмыстың нәтижесі», – деді президенттің көмекшісі.
КОНТЕКСТ
Айта кетейік, бұдан бұрын Бельгияда Air Astana мен Airbus компаниясы арасында 50 жаңа ұшақ сатып алу туралы келісімге қол қойылған. «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, ұшақтарды жеткізу 2031 жылдан басталады. Мәміленің жалпы құны шамамен 8,3 млрд еуроны құрайды.
Сондай-ақ, президенттің Брюссельге сапары аясында отандық ғылымның дамуына серпін беретін бірқатар келісімдер жасалды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, Қазақстан әлемдегі ең ірі ғылыми бағдарламалардың бірі – Horizon Europe-қа қосылды. Бұл – бюджеті 200 млрд еуроны құрайтын бағдарлама. Соның арқасында біздің ғылыми-зерттеу орталықтарымызға, университеттерімізге және ғалымдарымызға жаңа мүмкіндіктер ашылады. Ең бастысы – Еуропаның ең мықты ғылыми орталықтары мен институттарының тәжірибесін тікелей игеруге жол ашылмақ.