×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

2GIS қосымшасы жеке деректерді оңды-солды таратуы мүмкін бе

13.01.2024, 08:32
2GIS қосымшасы жеке деректерді оңды-солды таратуы мүмкін бе
RBK

Еліміздегі Android жүйесін пайдаланушыларының көбі "2GIS қосымшасы құрылғыға қауіп төндіруде" деген хабарлама алған, деп жазады Ulysmedia.kz. "Айқын" газетіне сілтеме жасап.

2GIS компаниясының жауабы

«Қосымша SMS, фото, аудиожазбалар және қоңыраулар журналы сияқты дербес деректерге қол жеткізбек болған» деген хабар желі қолданушыларын алаңдатып отыр. Қазір 2GIS қосымшасын ашуға тырыссаңыз, смартфон бетінде ескерту және оны жою туралы хабарлама қайта шығады.

2GIS компаниясы жағдайдың немен байланысты екенін түсіндірді.

«Мұндай ескертуді Android-тың Play қорғаныс, яғни зиянды бағдарламаны анықтауға арналған жүйелік қызметі жасайды. Бұл дегеніміз – смартфонның операциялық жүйесі қосымшаның қандай да бір қауіп-қатері бар деп шешім шығаруы. Көбінесе ол қосымшаның смартфондағы деректерді қолданатынына байланысты. Бұл әрдайым осындай хабарламалар үшін қолданылатын жүйелік мәтін», – делінген компания хабарламасында. 

Қосымша қауіпсіз бе

Компания өкілдері 2GIS қолданбасы тек рұқсаты бар деректерді пайдаланады және қосымшаны пайдалану қауіпсіз дейді. Сонымен қатар хабарламада қосымшаның фотосуретті таңдау үшін камераны іске қосып, галереяға кіре алатыны, одан бөлек навигациялық функциялардың жұмысы үшін геопозицияны анықтайтыны айтылады.

«Сондай-ақ 2GIS микрофон мен қоңырауларды пайдалануға рұқсат сұрайды, осылайша сіз дауыстық көмекшіге пәрмен беріп, қажетті ұйымға тікелей қоңырау шала аласыз. 2GIS қосымшасында қоңыраулар журналы мен SMS-ке кіру сұралмайды.  Оны қолданба тек тіркелу кодтары үшін пайдаланады. Сонымен қатар 2GIS қосымшасына берілген кез келген рұқсатты смартфон параметрлерінен қайтарып алуға болады», – делінген компания хабарламасында. 

Google Play бұғаттады

Аталмыш қолданба 2023 жылдың мамыр айында Google Play маркетінде бұғатталған еді. Ол кезде картографиялық сервис қолданбасын жою санкциялар мен сауда ережелерін сақтаумен байланысты екені белгілі болған.

Google компаниясының баспасөз қызметі:

«Google барлық қолданыстағы санкция мен сауда ережелерін сақтау туралы заңдарды орындайды. Егер біз пайдалану шарттарын бұзатын қосымшаны тапсақ, тиісті шараларды қолданамыз», – деп атап өткен болатын.

Дегенмен картографиялық қосымша 2GIS өкілдері деректер күн сайын жаңартылып отыратынын және қолданба арқылы кез келген қалалардың карталарын орнатуға болатынын хабарлады. Енді 2GIS-ті компанияның ресми сайтынан, сондай-ақ Samsung Galaxy Store, NashStore, RuMarket және RuStore сияқты басқа қолданбалы дүкендерден жүктеуге болады.

Санкцияның әсері

Естеріңізге салсақ, 2020 жылы 2GIS «Сбер» құрамына көшкендіктен, АҚШ пен ЕО санкцияларына ұшыраған болатын. Осылайша, 2022 жылдың қыркүйегінде 2GIS App Store қолданбалар маркетінен де өшірілген. Дегенмен 2023 жылдың 22 сәуірінен бастап қызмет қолданбалар дүкенінде қайта қолжетімді болды.

50 миллион адам қолданады

2 GIS-Қазақстандағы және ТМД-ның басқа елдеріндегі ең танымал навигация­лық сервистердің бірі. Пайдаланушылар саны айына шамамен 50 миллион адамға тең. 2021 жылы компания 189 млн АҚШ долларына бағаланды.

2GIS қазақша сөйледі

 Естеріңізге салсақ, бұған дейін 2GIS қазақша сөйлей бастағанын жазған едік. Қосымшаны әзірлеушілердің мәліметінше, навигация тілін баптауда өзгертуге болады.

Маршрутты дауыспен басқару жолда алаңдамауға мүмкіндік береді. Навигатор әрдайым жаңа бағыт ұсынып отырады.

Сәуір айынан бастап республиканың 2GIS-інде карталар мен ұйымдарды қазақша іздеу функциясы пайда болды. Онда дүкендерді, дәріханаларды, қоғамдық тамақтану орындарын, мәдениет мекемелерін, көрікті орындарды табуға болады. Бұл ретте қосымшада таңдалған тіл мен навигатор дауысы бір-біріне тәуелді емес екенін айта кету керек. Яғни, қосымшада орыс тілі таңдалса да, дауыстық белгілерді қазақ тілінде қосуға болады.

Қазіргі таңда мобильді қосымша Қазақстанның 40-тан астам қаласында істейді.