Мәжіліс депутаттарының қарауына экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері туралы заң жобасы түсті, деп жазады Ulysmedia.kz.
Заңнан не күтеміз?
Заң жобасы мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленген. Құжат электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамытуға, электр қозғалтқышы мен іштен жану қозғалтқышы бар көлік жүргізушілері арасындағы даулы мәселелерді шешуге, сондай-ақ электр зарядтау станцияларын орнату жөніндегі қызметті реттеу үшін құқықтық тетіктер құруға мүмкіндік бермек.
Бұған дейін мәжіліс депутаттары Қазақстандағы «жасыл» көлік санын ұлғайтып, дамытуды тежеп отырған фактордың бірі ретінде – елімізде электромобильге қажет инфрақұрылымның артта қалуын жиі алға тартатын. Қазіргі таңда облыс орталықтарының бәрінде де электрлі көліктерді зарядтаушы қоғамдық станциялар бар деп айта алмаймыз, ал аймақаралық трассалар бойындағы арнайы станциялар туралы сөз қозғаудың өзі артық. Салдарынан дәл қазір Қазақстанда электрокөліктер тек қалада жүруге арналған көлік түрі ретінде қалып отыр.
Отандық автонарықты жіті назарға алған сырт көз сарапшылар, еліміздегі электромобиль санына қатысты ресми деректерге күмәнмен қарайтындарын да жасырмайды. Өйткені, ішкі істер министрлігінде көлік тіркеу барысында көлік иелерінен отын түрін көрсету сынды міндетті талап жоқ, дейді олар.
Елде электрокарлар көп пе?
Елімізде бір жылда электромобильдер саны екі есеге артқан. Десе де, отандық автокөлік паркіндегі электромобильдердің үлесі небары 0,04 пайызды құрайды.
ҚР ішкі істер министрлігінің 2022 жылдың наурызы мен 2023 жылдың наурыз айы аралығындағы статистикасына көз жүгіртсек, елімізде электромобильдер саны 631-ден 1,9 мыңға дейін өскен.
Соңғы он жылда электромобиль саны бойынша мұндай елеулі өзгеріс осымен алғаш рет тіркеліп отыр. Айта кету керек, электр көліктері бойынша мәліметтерді Ұлттық статистикалық бюро 2012 жылдан бері жариялап келеді. Бұған дейін электромобильдер санының күрт өсуі 2016 жылдың 1 қаңтарында байқалған (785 көлік) екен.
Қай қала тұрғындары “таза көлікке” көп мінеді?
Жалпы, былтырғы статистикаға сүйенсек, еліміз бойынша батарея негізінде қозғалысқа түсетін автокөліктердің басым бөлігі, яғни 1,2 мыңы не 63,9%-ы Алматыда тіркелген. Мұны бірнеше фактормен түсіндіруге болады. Бұл қалада миллионер бизнесмендер де көп тұратынын естен шығармаңыз.
Екінші орында – Астана қаласы. Елодада жүйткіп жүрген электромобильдер саны – 249 ғана.
«Жасыл» көліктердің ең аз саны Ақмола (4), Ұлытау (4) және Солтүстік Қазақстан (2) облыстарында тіркелген.
Сұраныс артса, нарық дамиды
Былтыр өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев әлемдегі электромобильге деген сұраныс Қазақстанға қандай пайда әкелетінін айтқан еді.
«Қазақстан өзінің ресурстық базасының арқасында бәсекеге қабілетті екендігі өте маңызды. Бұл тұрғыда мыс өндіру бағытын атап өтуге болады. Барша әлем “жасыл экономикаға”, автокөліктерде электр қозғалтқыштарын орнатуға көшуге ерекше мән беріп отыр. Яғни, орта есеппен Tesla немесе басқа да электромобильдерде 2-3 электр қозғалтқыш орнатылады, онда 15-14 келі мыс орамасы бар», - деді Қ. Шарлапаев.
Оның айтуынша, алдағы жылдары электромобиль нарығы айтарлықтай өсуі мүмкін.
«Егер адамдар жаппай электромобильге отыра бастаса, барша әлемде мыс өндіру деңгейі еселеп артуы тиіс. Осы бағытта еліміз катодты мыс секілді дайын өнім шығарса, онда елімізде дамыту үшін нарық әлеуетінің деңгейі айтарлықтай жоғары», - деді министр.
+1 электромобиль
Жоғарыда келтірілген статистика 2023 жылдың наурыз айына дейінгі сандар екенін тағы еске саламыз. Бұдан кейін есепке тағы бір электромобиль қосылғанын нақты білеміз. Былтыр қараша айының басында Түркия президенті Ердоған Тоқаевқа электромобиль сыйлады емес пе?
Не десек те, бұған дейін электромобиль қолға түспейтін дүние ретінде көрінгені жасырын емес. Қазір тұрғындардың құлағы да, көзі де үйреніп, күнделікті тұрмысымызға жайлап еніп бара жатқандай. Алдағы уақытта ауылдағы жигулилердің орнын электромобиль баса ма, кім білсін?..