×
444.14
477.05
4.85
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
444.14
477.05
4.85

«Еуропалықтарға беруге дайынбыз». Қазақстандағы әуежайлар кімдердің қолында

01.02.2024, 09:45
Коллаж: ulysmedia.kz.

Кез келген мемлекеттің әуежайлары – сол елдің айнасы іспетті. Әуежайына қарап, мемлекетін тануға болады. Сервисінен бастап ғимараты, келбеті сырт көздің бірден сынына ұшырайтыны да сол. Осы ретте біздің елдегі әуежайлардың жағдай, жай-күйі қандай? Ulysmedia.kz порталы көлік министрі Марат Қарабаевқа сауалхат жолдау арқылы елде қанша әуежай барын, оның қаншасы мемлекетке, қаншасы шетелдік инвесторларға тиесілі екенін, қаншасы жөндеуді қажет ететінін анықтап көрді.

Төртеуі жекеменшік әуежайлар

Министрліктен келген ресми жауапқа сүйенсек, Қазақстанда ірілі-ұсақты 23 әуежай (әуе айлағы) бар. 23 әуежайдың ішінде 18-і – халықаралық әуежайлар. Осылардың ішінде 2023 жылы жолаушыларға ең көп қызмет көрсеткендері – Алматы әуежайы (9,5 млн адам), Астана (7,4 млн адам), Шымкент (1,8 млн адам), Ақтау (1,5 млн адам), Атырау (1,1 млн адам). 

23 әуежайдың ішінде төртеуі жекеменшік әуежайлар. Олар – Алматы (Алматы халықаралық әуежайы), Тараз (Әулие Ата халықаралық әуежайы), Орал (Орал халықаралық әуежайы) және Жезқазғандағы («Жезқазған Эйр» авиакомпаниясы) әуежайлар. Мемлекеттік бола тұра сенімгерлік басқаруға берілген әуежайлардың қатарында Астанадағы, Ақтау, Петропавл, Шымкент, Түркістандағы әуежайлар бар. Қалған әужеайлардың бәрі мемлекет меншігінде (Балқаш, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Семей, Үржар, Үшарал, Зайсан, Өскемен, Талдықорғандағы әуежайлар).

Ашық дереккөздерде, Алматы әуежайы 2020 жылдан бастап толығымен TAV түрік холдингіне тиесілі екені жазылған. Ол сондай-ақ отын жеткізу және кейтеринг қызметтерін ұсынатын кәсіпорындардың бенефициарлық меншік иесі. 

Өткен күзде елорда әуежайы БАӘ-нің терминалдар холдингінің бақылауына өткен. Шетелдік компания ондағы инфрақұрылымды қайта құруды жоспарлап, содан кейін операциялық басқаруды өз мойнына алады.

Орал әуежайында шетелдік инвестор – ресейлік «Ретранс» компаниясы 49% акцияға ие. Бақылау пакеті БҚО әкімдігінде. Жақында Karachaganak Petroleum Operating компаниясының өңірді дамытуға арналған әлеуметтік аударымдары есебінен құны 6,6 млрд теңгеге әуежай ғимараты қайта жаңартылған еді.

Әуежайлардың көбі жөндеуді қажет етеді

Көлік министрлігінің жауабына қарағанда, Астана, Ақтау, Павлодар, Ақтөбе, Қарағанды, Шымкент әуежайларында ұшу-қону жолағын жөндеу қажет. Балқаш және Орал әуежайларында перрон мен рөлдеу жолдарын қайта құруды қажет етеді, басқа әуежайлар да уақыт өте келе күрделі жөндеуден өтуі керек. Осы мақсатта шетелдік инвесторлар тартылады. Мысалы, Астана әуежайы бойынша Terminals Holding Group (БАӘ) компаниясымен бірлескен жоба іске қосылған. Онда жеке инвестиция арқылы ұшу-қону жолағын қайта жаңарту, жолаушылар терминалын кеңейту – жолаушылар тасымалының өткізу қабілетін 8,5 миллионнан 14 миллионға дейін және жүк терминалын кеңейту, әлемдік логистикалық операторлармен ынтымақтастықты кеңейту, отын-жанармай құю кешенін қайта құру, әлемдік duty free брендті тарту, автотұрақтарды кеңейту сияқты инвестиция көлемі жақын арада анықталады.

Астана әуежайы

Алматы әуежайында түрік-француздық TAV компаниясы жұмыс істейді. Қазір әуежайдың өткізу қабілетін 14 млн жолаушыға дейін арттырып, жолаушыларға жайлылық беретін жаңа жолаушылар терминалын салу бойынша ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Инвестиция көлемі 245 млн доллардан асады. Жүк тасымалдауды дамыту үшін TAV 2025 жылы жүк терминалының алдындағы перронды жаңғыртуды және әуежайда жүктерді өңдеуді жылдамдататын процесстерді толығымен автоматтандыруды жоспарлап отыр. Бұл мақсаттарға шамамен 20 млн. доллар қарастырылған.

Ақтөбе облысының әкімдігі «Қазпошта» АҚ және «Қазмұнайгаз-Аэро» ЖШС-мен бірлесіп, Ақтөбе қаласындағы жаңа пошта терминалы «хаб» (2 млрд теңге) құрылысын және жанар-жағармай құю кешенін (8 млрд теңге) жаңғырту жұмыстары жоспарланған.

Шымкент әуежайында («SСAT Airlines» АҚ) жаңа жолаушылар терминалының құрылысы жүргізіліп жатыр. Шымкент қаласының әкімдігі «SСAT» әуе компаниясымен бірлесіп аймақтық әуе хабын құру аясында әуе кемелерін орналастыруға және техникалық қызмет көрсетуге арналған ангарды, жүк терминалын салуды, сондай-ақ рөлдеу жолын қайта құруды (сомасы – 120 млн. доллар) жоспарлап отыр.

Шымкент әуежайы

«Бәрін беруге дайынбыз»

Осы ақпарат жазылып жатқан кезде qara_aqqu телеграм-арнасы көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстан еліміздегі әуежайлардың бәрін еуропалық инвесторларға беруге дайын екенін білдіргені туралы ақпарат таратты. Қарабаев ЕО – Орталық Азия Global Gateway көлік форумында Қазақстанның инвестиция орнына еуропалықтарды елдің әуежайларын басқаруға тартуға дайын екенін мәлімдеген.

– Біз Қазақстанның 22 әуежайын еуропалық инвесторлардың басқаруымен жеке секторға беруге дайынбыз. Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік хаб болу үшін үлкен әлеует бар, - деп келтіреді Қарабаевтың сөзін qara_aqqu.

Қазақстан ұшу қауіпсіздігі жағынан нешінші орында?

Жалпы Қазақстан ұшу қауіпсіздігі бойынша жалпы рейтингте әлемнің 193 мемлекеті бойынша 60 орында. Ал ТМД елдері бойынша Грузия мен Армениядан кейін 3 орынды алады. Қазақстанның халықаралық азаматтық авиация ұйымының талаптарына сәйкестігі 82% деңгейінде, бұл Шығыс Еуропа елдерінің және Батыс Еуропаның жекелеген елдерінің қауіпсіздік деңгейіне сәйкес келеді.

Серіктес жаңалықтары