×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

«Таңдаулыларға» арналған банк: ҚДБ-ның арзан несие кезегінде кімдер тұр?

14.02.2024, 09:57
ulysmedia

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Қазақстанның Даму банкін (ҚДБ) қатты сынға алғанына да екі жылдай уақыт өтті. Елдегі ірі қаржылық ұйымдар мен өндіріс орындарының және құрылыс компанияларының мүддесі үшін ғана жұмыс істеп, соларға ғана пайыздық мөлшерлемесі төмен несие беріп келген банктің жұмысы қазіргі кезде түзеліп кетті ме, оны мақаламызда егжей-тегжейлі айта жатармыз. Белгілі ғана топтардың мүддесіне жұмыс істеп кеткен қаржы ұйымының игілігін билік эшелонында тамыр-танысы бар мықтылар ғана көретін болса, онда оның бізге қажеті бар ма?

Президент мәселе етіп көтерген осынау жайт қоғам назарынан тыс қалмауы керек. Сол кезде Қ.Тоқаев банктің жұмыс істеу тетіктерін қайта қарап, шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыруға ерекше назар аударуды тапсырған. Банк басшылығы Президент тапсырмасын қалай орындап жатқаны Ulysmedia.kz тілшілерінің арнайы материалына себеп болды.  Сыннан кейін жағдай өзгерді ме, ұзақ мерзімге төмен пайызбен беріліп жатқан несиелерді кімдер алып жатыр?

Назарымызға бірінші түскені Forbes тізіміндегі олигархтар мен бизнесмендердің Банк есігін әлі қағып жүргені болды.

Назарбаевтың «әмияны»

Қазақстан даму банкінен несие алуға өтінім бергендер қатарында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «әмияндары» атанған миллиардерлер Владимир Ким, Эдуард Огай, Владимир Джуманбаев та бар. Оларға Қарағанды ​​облысындағы қуаты 50 МВт Балқаш күн электр стансасы құрылысының екінші кезеңін жүзеге асыру үшін қаражат қажет. Қазіргі уақытта берілген өтінім банктік сараптамаға құжаттар жинау кезеңінде тұр. Өтінім сомасы да көрсетілмеген.

Айта кетейік, жоғарыда аталған тұлғалар атынан әрекет ететін Kaz Green Energy компаниясы өз жобаларына қаражатты 2020 жылы ғана алған, бірақ банктің өзінен емес, аталған қаржылық ұйым кіретін «Бәйтерек» ұлттық холдингінен. Ол кезде ұлттық холдинг Kaz Green Energy компаниясына Кеңгір күн электр стансасын салуға 18,5 млрд теңге несие берген.

4,6 миллиард доллар капиталы бар Владимир Ким Forbes нұсқасы бойынша ең бай қазақстандықтар арасында бірінші орында тұр. Оның негізгі активтеріне «KAZ Minerals Ltd» компаниясының 63,5% үлесі, «Kazakhmys» корпорациясы кіретін «Kazakhmys Copper» компаниясының 70% және Bank RBK-ның 89,71% үлесі тиесілі.

Эдуард Огай 750 миллион доллар капиталымен ең бай қазақстандықтар тізімінде 11-орында тұр. Ол Kazakhmys Copper-тің қалған 30% акциясына ие, Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген Kazakhmys Holding Limited компаниясында да үлесі бар және оның екі ұлы Қаражыра көмір өндіру кәсіпорнының 70 пайызына иелік етеді.

Kaz Green Energy компаниясының тең иесі Владимир Жұманбаев 440 миллион доллар байлығымен ең бай қазақстандықтар тізімінде 17-орында тұр. Оған «Қаражыра» көмір өндіру кәсіпорнының 20% акциясы, «Алтыналмас» алтын өндіруші компаниясының 22% акциясы тиесілі. Ол сонымен қатар «Ronson-2000» және «Vertex Holding» компанияларына иелік етеді, олар арқылы ол «Goldstone Minerals» акцияларының басым бөлігін басқарады және «Kaz Green Energy» мен «Unitair» акцияларына ие.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның Даму банкі Машкевичтің қолын қақпайды: ERG тағы да пайызы төмен несие сұрады

Құлыбаевтың серіктесі

Қазақстандық ірі кәсіпкер, Тимур Құлыбаевтың бұрыннан серіктесі болып келде жатқан  Мирболат Әбуов, егер  ҚДБ несие берсе, сол қаражатқа темір өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Ашық дереккөздерден Әбуовтың оншақты табысты компанияға иелік ететіні және Қазақстанның семсерлесу федерациясын басқарғаны белгілі болды. Айтпақшы, былтыр федерацияда үлкен дау шықты: бірнеше жаттықтырушы федерациядағы жемқорлық пен басшылық жұмысының көлеңкелі тұстарын айтып салды.

Сейітжановтардың отбасылық өтінімі

2023 жылдың қорытындысы бойынша Forbes Kazakhstan рейтингінде 23-орында тұрған шымкенттік миллиардер 74 жастағы Серікжан Сейітжанов Қазақстан даму банкінен Шымкенттегі университеттік көпсалалы аурухана құрылысына, сондай-ақ су құбырының құрылысына несие алуға өтінім берген. Жалғыз емес, отбасы мүшелері де бар.

Сейітжанов мұнай, бұрғылау және құрылыс компанияларының акцияларына иелік ететін «Оңтүстік» қаржылық, сауда-өндірістік корпорациясының қожайыны. Сондай-ақ Сейітжанов әулетінің иелігінде Rixos Khadisha Shymkent, Rixos Turkestan қонақ үйлері, «Сәтті жол» жанармай құю станциялары желісі, Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы мен Шымкенттегі Инновациялық-технологиялық колледжі бар.

Сейітжанов бұған дейін Түркістан облысында каустикалық сода, поливинилхлорид және кальций карбидін шығаратын зауыт салуға несие алған. 2018 жылы Сейітжановтың немересі (Әміржан) Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Қайрат Сатыбалдының қызы Аружанға үйленді.

Тимур және оның командасы

Миллиардер, Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турлов ҚДБ-дан жеңілдетілген несие алуға бірнеше өтінім берген. Кәсіпкер мен оның серіктестері ҚДБ ақшасына жүзеге асырмақшы болған жобалардың бірі – Астанадағы Мәліметтерді өңдеу орталығы. Екінші жоба – Абай облысындағы «БАСТ» АҚ компаниясының Мақсұт кен орнындағы мыс және никель концентраттарын өндіретін тау-кен байыту фабрикасын кеңейту. Өтініштер ҚДБ тарапынан индикативті талдаудан өтуде.

Тағы кімдер бар

Өтінім бергендер тізімінде зауыттардың, газеттер мен кемелердің иелерінің болуы таңқалдырмайды. Өйткені әрқандай бизнесмен ұзақ мерзімге төмендетілген пайызбен несие алғанды құп көреді. Бізді таңдандырғаны – бұл тізімде тек қазақстандықтар ғана емес, сондай-ақ шетелдік компаниялар мен азаматтардың болуы.

Түрік кәсіпкері Феттах Таминже

Қазақстанның экс-президенті Назарбаевпен байланысы бар белгілі түрік кәсіпкерінің ҚДБ-дан төмен пайызды несие сұрауы бірінші рет емес. Бұған дейін ол керамика және санитарлық-техникалық бұйымдар шығаратын зауыт құрылысына, сондай-ақ бес жұлдызды Rixos қонақ үйі мен Tetysblu ойын-сауық саябағының құрылысына мемлекет тарапынан қолдау алған.

Феттах Таминже бұл жолы Ақтаудағы «Жылы жағажай» аймағында орналасқан көпсалалы қонақ үй мен туристік кешен құрылысының екінші кезеңін іске қосу үшін несие сұрап отыр.

Ол Rixos бес жұлдызды қонақ үйлер желісін басқаратын компанияға иелік етеді. Астанадағы ең ірі ғимараттар – «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы, «Астана Арена» спорт кешені, Бейбітшілік және келісім сарайы, бірнеше ірі мешіттер, Тәуелсіздік сарайы, Назарбаев Университеті, «Нұр Әлем» сферасы – осы түрік кәсіпкері Таминженің иелігіндегі компаниялар салған ғимараттар.

Шетелдік компаниялар

CPIH Netherlands B.V., Sao Simao Investment Limited, China Power International Holding Ltd қытайлық компаниялар тобын біріктіретін  «State Power Investment Corporation Limited» Ақмола облысында жел паркін жаңғырту үшін ҚДБ-дан несие алуды көздеп отыр.

Өтініш берушілер қатарында «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, Павлодар мұнай-химия зауытында жаңа сутегі өндіру қондырғысын салуды жоспарлап отырған French Air Liquide компаниясы да бар.

Израиль азаматтары Менахем Шалом, Мосенсон Йсроэл Қазақстанның батысында құс фабрикасының құрылысы үшін ҚДБ-дан арзан несие алуды жоспарлап отыр.

Оқи отырыңыз: Бұрынғы олигархтар бұрынғыдай ақша сұрайды: ҚДБ «санаулылардың банкі» болып қала бере ме

Сондай-ақ, бас директор ретінде Нұржан Жақыпұлы Марабаев деп көрсетілген, бізге белгісіз Semurg Holding PTE.LTD компаниясының Маңғыстау облысында астық терминалын салуға берген өтінімі де қызығушылық тудырды. Бұл қаңтар оқиғасынан кейін бірден қызметінен кеткен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары Жақып Марабаевтың ұлы болса керек.

Кәсіпкерлікпен айналысып, ҚДБ-дан қаражат алуды көздегендердің арасында бұрынғы шенеуніктер де бар. Мәселен, бұған дейін Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі және Энергетика вице-министрі болған Талғат Ахсамбиев те өтінім бергендер тізімінде тұр. Ол бір кездері «Қазспецэкспортты» басқарған серіктесі Мақсат Наурызбаевпен бірге Алматы облысында индустриялық-логистикалық хаб салуды жоспарлап отыр.

Жоғарыда аты аталған олигархтар мен бұрынғы шенеуніктердің Қазақстан даму банкін майшелпекке айналдырып, одан айрылғысы келмей отырғанын көргеннен кейін жаңа Қазақстанның жарқын тұстарына көлеңке түсіретін жағдайлар әлі де бар екен ғой деген ойға тоқтайсың. Ал шағын және орта бизнес өкілдері екінші деңгейлі банктердің пайызы жоғары несиесін алуға мәжбүр.  Бір жағында – пайызы көп несие алып, бизнесі тұншығып жатқан шағын және орта кәсіп иелері, екінші жағында – миллиардтары бола тұра, мемлекетті сауын сиырға айналдырған айналайын олигархтарымыз. Жаңа Қазақстанның қазіргі бет-бейнесі осындай.

Серіктес жаңалықтары